Жұмыс тобы білім нысандарын аралады

Уақыты: 20.07.2018
Оқылды: 1595
Бөлім: МІНБЕР

Облыста құрылыс қарқынды жүргізілуде. Халық игілігі үшін салынып жатқан нысандардың басым бөлігіне қаржы Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінуде. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында мемлекеттік нысандарға инфрақұрылым тарту үшін қаржы береді. Ал, «Нұрлы жер» бағдарламасы халыққа тұрғын үй және әлеуметтік нысандар салып беруді көздейді. Осы орайда облыс әкімі Амандық Баталов қор қаржысының игерілуін қатаң бақылауға алған еді. 

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың мақсатты және тиімді пайдалануын бақылау мақсатында арнайы жұмысшы тобын құрды.   Бақылау жүргізуге жергілікті жерден аудандық мәслихат хатшылары да жұмылдырылды. Партия жанынан құрылған жұмыс тобы  биыл пайдалануға берілуі тиіс білім нысандарының құрылыс жұмысымен танысу үшін Іле, Еңбекшіқазақ және Панфилов аудандарына барды. Топты «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының партиялық бақылау жөніндегі инспекторы Алмас Мұқаев бастап жүрді.
Іле ауданының Төле би ауылында салынып жатқан 300 орынды орта мектептің құрылыс жұмысына  өткен жылы Ұлттық қордан 885, 863 млн. теңге, жергілікті бюджеттен 88,615 млн. теңге қаражат қарастырылған.  Бүгінгі күні құрылыс алаңына 45 адам, 4 техника жұмылдырылған.  Осы уақытқа дейін бөлінген қаражаттың 914,094 млн. теңгесі игеріліп, құрылыс жұмыстары 80 пайызға аяқталған.  Мердігер «Дуит Телеком» ЖШС өкілінің айтуынша, білім шаңырағы  ағымдағы жылдың 29 тамызына дейін аяқталады. Мектептің кіреберісіне мүмкіндігі шектеулі жандарға арналып, пандус орнатылған. Мұнда спорт зал салуда біраз кемшіліктер орын алған.  Құрылысшылар спорт залдың төбесін қайтадан ашып, жауып, қалпына келтіріп, жұмыс қайтадан ырғаққа түскен.  Жұмысты қадағалауға келген «Нұр Отан» париясының өкілі  Алмас Нұртілеуұлы мердігерлерден нысанға қанша жұмысшының тартылғандығы, олардың еңбекақысы  жайлы сұрады. Құрылысты салуға жауапты адамдардың айтуынша, мұнда бүгінде 44 адам жұмыс істеп жатыр. Еңбекақы істелген жұмыстың көлеміне қарай төленеді. Мұнда  барлығы 4 техника бар.  Жұмыстың 80 пайызы аяқталған. Енді әктеу-сырлау шаралары жүзеге асырылуда. Нысан басында аудандағы құрылысқа жауапты мамандар мен халық қалаулылары да болды. Олар оқу ғимаратының уақытында аяқталуын жіті қадағалауға алған.
Іле ауданының Ынтымақ ауылында 600 балаға арналған орта мектеп бой көтерген. Құрылыс 2016 жылы басталған. Жаңа мектепті салуды «Бекжанқұрылыс» ЖШС жүзеге асыруда. Келісімшарт бойынша, нысан өткен жылы, тамыз айында пайдалануға берілуі тиіс еді.  Бірақ, жылу қазандығын жобалауда  қателік жіберілген.  Сондықтан, нысан уақытында қолданысқа берілмей қалған. Биыл жобалаушылар қазандықты жаңаша ойластырып,  білім шаңырағының өзіне ғана жылу беретіндей етіп, салған. Қазіргі таңда  жылыту жүйесінің қондырғылары алынып,   инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде. Құрылысты аяқтау үшін қосалқы мердігер жұмысқа тартылған. Бақылаушылар барғанда сыныптарға парта, тақталар орналастырылып жатты.
Жұмыс тобы Еңбекшіқазақ ауданындағы  Рахат ауылдық округінің Өрікті ауылындағы  мектепке қосымша 300 орынды оқу корпусын салу жұмысымен танысты.  Нысанға бөлінген қаражат мөлшері 981,921 млн. теңгені құрайды. Оның 868,796 млн. теңгесі республикалық, қалған 113,124 млн. теңгесі жергілікті бюджеттен қарастырылған.  Құрылыс жұмысына 130 адам, 8 техника тартылған.  Жұмысшы тобының аталмыш мектепке арнайы баруының себебі, құрылыс кестеден 15 күнге кешіктірілуде.  Мердігерлердің айтуынша, көктемде құрылыс жұмыстары жүргізілетін аймақта ескі мектептің жылу қазандығы тұрған. Соны бұзып, орынды жаймалағанша біраз уақыт өтіп кеткен. Яғни, 15 сәуірге дейін құрылысты бастау мүмкін болмаған. Нысанды жергілікті жердің басшылары, «Нұр Отан» партиясының өкілдері және халық қалаулылары жіті қадағалауға алған. Осының нәтижесінде, мектептің қосалқы құрылысын аяқтау қарқыны артқан. Мердігерлер нысанды қолданысқа 25 тамыздан кешіктірмейтінін айтып, уәде берді. 
Партиялық жұмыс тобы Панфилов ауданы Үлкеншыған ауылындағы мектепке жалғастыра салынып жатқан 300 оқушыға арналған  ғимараттың сынып бөлмелері, спорт зал және асханасын көруге  барды. Бағамдауымызша, жұмыстың көлемі 70 пайызды құрайды. «Нұр Отан» партиясының өкілдері жаңа ғимараттың кіре берісіне салынуы тиіс пандустардың жобасымен танысты. Мүмкіндігі шектеулі жандар есікке жақындағанда келгендігі жайлы хабар бере алады. Яғни, қоңырауды басады. Сонда, қиналған жанға көмек көрсетушілер оның мекемеге кіруіне жәрдемдеседі. Осындай қоңырау әр жерге қойылған. Құрылыс нысаны жайлы  аудан әкімі Темірлан Бектасов толыққанды ақпар берді. Ұлттық қор қаржысына салынып жатқан нысанды аудан басшысының өзі қадағалайтыны бірден байқалды. Ол әр блоктың жұмысы жайлы бүге-шігесіне дейін айтып берді. Темірлан Амангелдіұлы ескі ғимаратқа күрделі жөндеуге келесі жылы қаржы сұрамақшы екен. Көп жылдан бері жөндеу жұмысы жүргізілмеген нысанның есік-терезесінің ескіргендігі көзге ұрып тұр. 

Бақылау жүргізушілер құрылыс жұмысының кестеден қалмауын, қаржының тиімді пайдалануын назарда ұстады.  Байқағанымыз, аудандарда ортақ іске барлық жауапты мамандар жұмылдырылған. Оқу орындарына оқушылардың келуіне бір ай көлемінде уақыт қалды. Бар қаржыны мақсатты жұмсай отырып,  құрылысты отыз шақты күнде аяқтау назарға алынған.  Облыс басшысы қадағалап отырған нысандар уақытында қолданысқа беріледі деген сенім бар. Қыркүйектің алғашқы күнінде мұнда ұл-қыздардың шат күлкісі естіліп, ұстаздар мен ата-аналар құрылысшылар еңбегіне ризашылық білдірісіп жатса құба-құп.

Гүлжан ТҰРСЫН