Жаңа төраға сайланды

Уақыты: 20.07.2018
Оқылды: 1781
Бөлім: МІНБЕР

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Кеген ауданының құрылғанына 3 ай толды. Өңірді дамыту үшін жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар аз емес. Аудандық әкімшіліктің мәжіліс залында «Нұр Отан» партиясы Кеген аудандық филиалының І конференциясы өтті. 

Оған жер-жердегі партия ұйымдарынан сайланған делегаттар мен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Бопазов, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев қатысты. Жиында «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесі бюросының шешімімен құрылған Кеген аудандық партия филиалының төрағасын сайлау мәселесі қаралды. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғ. Сарыбаев сөз алып, облыс әкімі А. Баталовтың ұсынысымен және «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың келісімімен Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділовтың кандидатурасын ұсынып, өмір жолымен таныстырды. Делегаттардың қолдауымен «Нұр Отан» партиясы Кеген аудандық филиалының төрағасы болып Т. Байеділов сайланды. Басқосуда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Бопазов жаңадан құрылып жатқан партия филиалының жұмысына, оның төрағасының еңбегіне жеміс тіледі. Одан кейін сөз алған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы  төрағасының бірінші орынбасары Ғ. Сарыбаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі туралы кеңінен әңгімелеп, партияның жүзеге асырып жатқан жобалары аясындағы жұмыстарына, алда тұрған іргелі міндеттеріне тоқталды. 
Конференцияда Кеген аудандық мәслихатының хатшысы Нұрбай Советов, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, партия ардагері Сабыр Досымбеков, аудандық жастар ресурстары орталығының жетекшісі Тоғжан Біржансалова, «Нұр Отан» партиясы Райымбек аудандық филиалы төрағасының орынбасары Самат Сатылғанов сөз алып, жаңадан құрылып жатқан партия филиалы төрағасының жұмысына сәттілік тіледі.

Қанат БІРЖАНСАЛ
Кеген ауданы