Үздік жобалар анықталды

Уақыты: 07.08.2018
Оқылды: 1201
Бөлім: МІНБЕР

«Нұр Отан»  партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев, мәслихат депутаттары, басқармалар, қоғамдық бірлестіктер өкілдерінен тұратын 13 адамнан құрылған комиссия облыстағы ең үздік әлеуметтік жобаларды анықтады. 

Байқауға қоғамдық бірлестіктер мен қайырымдылық қорлардан 24 өтініш түскен.  Нәтижесінде, 14 әлеуметтік жоба облыстық іріктеу кезеңіне өткен. Жобаның барлығы  мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруы мен қарым-қатынасын жеңілдетуге, қоғамға бейімделуі мен  жұмысқа орналасуына  бағытталған.
– Комиссия мүшелерінің шешімі әділ әрі нақты болды деп есептеймін.  Ұйғарым бойынша, бірінші орынды «Тең мүмкіндіктермен қамтамасыз ету» бағыты бойынша жеке кәсіпкер Нұрболат Қарабасовтың «Gulsar» мүгедектер арбасын электрмен жабдықтау жобасы жеңіп алды, – дейді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев. 
Екінші орынды мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастыру, психологиялық көмек көрсету жобасының жетекшісі, «Rakhym»  қайырымдылық қорының өкілі  Раушан Байтанова иеленсе,  үшінші орынды  «Әлеуметтік проблемаларды шешудегі ақпараттық жылжу» бағытында «Алпамыс» қоғамдық бірлестігінің әлеуметтік бизнес инкубаторы жобасының авторы Гульгана Назырова  алды. Сондай-ақ,  «Мүгедектігі бар тұлғаларды қоса алғанда, азаматтарды жұмыспен қамтуға ықпал жасау»  бағыты негізінде «Алакөл ауданы бойынша әйелдерді қорғау» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Рита Нүсіпова мен «Парыз» қоғамдық бірлестігінің  мүшесі Аслан Көбентаев әлеуметтік салада еріктілер қозғалысын дамыту жобасының ынталандыру сыйлықтарын иеленді. 
Жалпы айтқанда,  комиссия мүшелері жобаны ережеде жазылған бес бағыт бойынша  таңдады.   Олар: «Әлеуметтік мәселелерді шешуге ақпараттық  ынталандыру»,  «Әлеуметтік салада еріктілер қозғалысын дамыту»,   «Тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету»,  «Азаматтарды, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу»,  «Қиын өмірлік жағдайда қалған адамдарға көмектесу» деген бағыттарға бөлінген еді. Конкурстың республика  көлемінде өтетін  үшінші кезеңіне осы 5 жоба да жолдама алды. 
– Байқаудың екінші кезеңінен сәтті өттік. Алдағы сынақтан да сүрінбей өтіп, әлеуметтік маңызы  бар жобамызды көпшілікке таныстырып, жеңіс тұғырынан көрінсек деген үмітіміз бар,  – дейді жеңімпаз Нұрболат Қарабасов.  
Іріктеуде жобаның өзектілігіне, әлеуметтік маңызына мән берілді.

Г. МҰҚАШҚЫЗЫ