Бастама нәтижесі толымды

Уақыты: 25.08.2018
Оқылды: 1110
Бөлім: МІНБЕР

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Президенттің Бес әлеуметтік бастамасы» республика көлемінде атқарылып, «7-20-25» бағдарламасымен үйлер салынса, студенттерге қажетті жатақханаларды молынан тұрғызу жоспарлануда. Сонымен қатар, шағын және орта кәсіпкерлікті жүргізіп, отандық өндірістің көрігін қыздырамын деушілерге шағын несие беру, күллі Қазақстанның әрбір ауылы мен елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары «Бес әлеуметтік бастама» арқылы жүзеге аспақшы. Осы бағыттағы жұмыстың жүруін арнайы құрылған республикалық Қоғамдық кеңес мүшелері қадағалайды. Осындай мақсатпен Алматы облысына келген республикалық Қоғамдық кеңес мүшелері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма басшысы Абылай Мырзахметов Талдықорған қаласындағы бірнеше нысанды аралап, облыс активімен кездесу өткізді.

Алдымен Оңтүстік-Батыс тұрғын ауданында жаңадан салынып жатқан 16 қабатты тұрғын үй кешеніне барған жұмыс тобын облыстық құрылыс басқармасының басшысы Болат Тәкенов қарсы алып, қатарласа бой түзеген көпқабатты үш үйдің құрылысымен таныстырды. Оның айтуынша, құрылысының басталғанына жылға жуықтаған тұрғын үй кешенінің бірінші қабатында шағын емхана, азық-түлік дүкені, сән салоны секілді аса қажетті нысандар орналасады. Биыл жыл соңында пайдалануға берілетін жаңа үш үйдің құрылысын «НСК Астана құрылыс» АҚ жүргізіп, 117 адамды жұмыспен қамтып отыр. Құрылысшылардың орташа жалақысы 120 мың теңге көлемінде. Жаңа тұрғын үй кешенінде барлығы 230 пәтер салынады. Оның 92-сі бір бөлмелік пәтерлер болса, тағы 92 пәтер екі бөлмелік. Қалған үш бөлмелік 46 пәтерге тұрғындар жыл соңында кіреді. Зәулім үй облыс орталығындағы ең биік ғимараттың бірі саналады. Сондықтан да болар, оған қызығушылар саны қазірдің өзінде артып отыр. Ондағы пәтерлер ең алдымен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына несиелік ретінде берілсе, одан қалғанын «7-20-25» бағдарламасы арқылы баспана алуға өтініш білдірген жандар алады. Мұның өзі Елбасы ұсынған «7-20-25» бағдарламасының пәтерді ұзақ мерзімге алуды көздеген жандар үшін таптырмас мүмкіндік екендігін білдіреді. Осыған орай сұрақ қойып, жаңа нысанның мәліметтерімен танысқан Қоғамдық кеңес мүшелері пәтер алғысы келетін мемлекеттік қызметкерлер үшін алғашқы жарнасын төлеуге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуі керектігін мәселе етіп көтеруді өз жоспарларына кіргізетіндіктерін жеткізді. Бұдан соң зәулім үй кешені құрылысшыларының жұмысына сәттілік тілеген жұмыс тобы Көрме кешенін бетке алды.
Жұмыс тобын облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов қарсы алып, салынғанына жыл толған жаңа ғимараттың мүмкіндігін паш етіп, ауқымды нысанда отырған үкіметтік емес ұйымдардың тізбесімен таныстырды. Одан соң сөз кезегін алған «Даму» қорының, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері мен облыстық сәулет және қалақұрылысы басқармасының басшысы Дәркен Нұржанов өздерінің атқарған жұмыстары жайында айтып берді. Олардың айтуынша, Жетісу жерінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша көптеген жұмыстар атқарылып, жобаларды қаржыландыру ойдағыдай жүруде. Атап айтқанда, былтыр ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке баулитын «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 1312 адам оқытылып, барлығы 285 жоба 1 миллиард теңгеге қаржыландырылған. Биыл облыстың барлық аудандары мен қалаларында 3361 адамды оқыту және 650-ге жуық жобаға қаржы бөлу жоспарланған. Қазірдің өзінде 1681 адам арнайы курстан өтіп, 200 жобаға 761 миллион теңгенің несиесі берілген. Сонымен қатар, көрсетілетін қызметтердің бәрі де электронды нұсқаға көшіріліп, кәсіпкерлікті бастағысы келетін жандар қашықтықтан оқуды тиімді меңгеріп алған.

Одан бөлек, өңір кәсіпкерлері мемлекет пен жеке меншік арасындағы кәсіпкерлікті дамытуға үлес қосып, балабақша, мектеп сынды аса маңызды нысандардың жұмысын жандандырып келеді. Облыстың шалғайында орналасқан ауылдар мен елді мекендерде өз жұмысын жүргіземін деген кәсіпкерлер үшін облыстық сәулет және қалақұрылысы басқармасы арнайы электронды карта жасапты. Онда дүкен, дәріхана, сауда орталығы, техникалық жөндеу орталығы, көлік жөндеу орталығы сынды әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргізуге болатын бос жер телімдерінің деректері орналастырылған. Облыстың бас жоспарымен сәйкестендірілген мәліметтерді таныстырған басқарма басшысы Дәркен Нұржановтың айтуынша, жинақталған деректер интернет желісіне салынады. Бұл, ең алдымен, ашықтықты, жариялылықты, қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Яғни, интернет желісі бар жерден кез келген елді мекендегі кәсіпкерлікке арналған жермен танысуға болады.
Көрме кешенімен танысып шыққан Қоғамдық кеңес мүшелері жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, «Бес әлеуметтік бастамаға» қатысты мәселелерді талқылады. Жиынды ашып, жүргізіп отырған облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов сөз кезегін республикалық Қоғамдық кеңес мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильяновқа берді.
– Елбасымыз «Бес әлеуметтік бастамасында» кәсіпкерлікті дамытуға ерекше назар аударып отырғаны белгілі. Шағын несие көлемін арттыру үшін 20 миллиард теңге қосымша бөлініп отыр. Президентіміз шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына ерекше назар аударып, қолдау көрсетіп келеді. Өткен мамыр айында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойды. Осының өзі еліміз үшін, еліміздің экономикасы үшін кәсіпкерліктің алар орны ерекше екендігін көрсетеді, – деген Нұртай Салихұлы кәсіпкерлерге көрсетіліп отырған қолдаудың ауқымдылығын атап өтті. – Бұл Заңды «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, қауымдастықтар мен ассоциациялардың өкілдерімен бірлесе отырып, 6 айдың ішінде қарап шығып, жан-жақты талқыладық. Кейбір ұсыныстарды алып тастадық, кейбірін қайта кіргіздік. Осы заңның арқасында кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасалып отыр. Сондықтан кәсіпкерлікке, оны дамытуға байланысты сұрақтарыңыз туындаса, ұсыныстарыңыз болса айта отырыңыздар немесе Парламенттің экономикалық реформа және өңірлік даму комитетіне жолдаңыздар. Біз әрқашанда ондай ұсыныстарды қараусыз қалдырған емеспіз. Дәл қазір біздің комитетте «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы талқылануда.
Осыған байланысты өздерін толғандырған сұрақ қойған жергілікті кәсіпкерлердің ұсыныстарына қолдау көрсететінін жеткізген Қоғамдық кеңес мүшелері бұдан соң «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында облыс активімен кездесуге қатысты. Алқалы жиында облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов «Бес әлеуметтік бастамаға» қатысты ауқымды баяндама жасап, қонақтарды Жетісу жерінде атқарылған жұмыстардың нәтижесімен таныстырды.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  халыққа арнаған «Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы» әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру, жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту, шағын несие көлемін көбейту, сондай-ақ, елді газбен қамтамасыз ету ісін жалғастыру жөніндегі бастамаларды қамтығаны белгілі. Бұл әлеуметтік бастамалар барша қазақстандықтар үшін аса маңызды. Оны іске асыруға үлкен жауапкершілікпен қарап келеміз. Бұл бағытта облыс көлемінде нақты жұмыстар атқарылуда, – деген баяндамашы атқарылған істермен таныстырып өтті. – Осы ретте «Бес әлеуметтік бастама» облысымыздың дамуы мен азаматтардың әл-ауқатын жақсарту үшін жаңа мүмкіндіктер ұсынатыны сөзсіз. «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» атты бірінші бастама бойынша құрылған «7-20-25» бағдарламасы аясында облыстың 4 ауданы мен Қапшағай, Талдықорған қалаларында жеке салымшылардың қаржысына салынатын көпқабатты үйлердің құрылысы үшін 19 орын анықталып отыр. Атап айтсақ, Талғар ауданында «Алма Тау», «Көк Алатау» «AlmaVillage», «Нұрия», Қарасай ауданында «Қарлығаш», «Өмірзақ», «Өркен», Іле ауданында «Қоянқұс», Панфилов ауданында «Нұркент» және Талдықорған қаласындағы оңтүстік-батыс тұрғын ауданындағы тұрғын үй кешендері. Оларда барлығы 3,6 миллион шаршы метрге тең көпқабатты үйлер тұрғызылады. Биыл бағдарлама аясында ауқымы 35,3 мың шаршы метрге тең 589 пәтерлі 17 үй пайдалануға беріледі. Облыстағы 2 және 3 бөлмелі пәтерлердің құны 15-20 миллион теңгенің көлемінде болып отыр. Қазірдің өзінде өңірдегі екінші деңгейлі банктерге үй алуға өтініштер түсіп жатыр.
Байжановтың айтуынша, «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту» бастамасы бойынша облыстың ауылшаруашылық, әлеуметтік салаларында еңбек ететін 133,5 мың адамның жалақысын көтеруге мүмкіндік туып отыр. Сондай-ақ, «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» бастамасы бойынша биыл 17 мың мектеп бітірушінің 5198-і жоғары оқу орындарының гранттарын иеленді. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 1334-ке артық. Одан бөлек, облыс әкімінің грантымен 438 студент білім алса, жыл сайын облыстық бюджеттен қажетті мамандардың жетіспеушілігін шешу үшін 100 грант бөлінеді. Жетісу жеріндегі 2 университет мен 8 колледждің студенттеріне арнап 10 жатақхана салу жоспарланған. Қазірдің өзінде І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенттеріне қажетті жатақхана үшін жер телімінің қажеттілігі анықталса, С. Демирел атындағы университетке 1000 орынды жатақхана салу керектігі белгілі болған. Одан бөлек, жер телімдері бар 8 колледжге қажетті жатақхананың жобалық-сметалық құжаттамасын дайындауға 16 миллион теңге қарастырылған.
«Шағын несие беруді көбейту» бастамасы бойынша облыс әкімдігі мен ҚР Қаржы министрлігі, Ауылшаруашылығы министрлігі арасында үшжақты Несиелік келісімге қол қойылған. Сол келісім бойынша «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ және «Аграрлық несиелік корпорация» АҚ сынды қаржылық институттар арқылы шағын және орта кәсіпкерлікті қаржыландыру жұмыстары қарқынды жүруде. Ауылды жерлердегі кәсіпкерлер үшін «Қазагрогарант» АҚ кепілдеме беріп отыр. Осы бағытқа бөлінген       5,4 миллиард теңгенің 1839,2 миллион теңгесіне 461 тұрғын 4,5 мың бас ірі қара және 6 мыңнан астам ұсақ мал сатып алды.
«Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» бастамасы бойынша қарқынды жұмыстар жүріп, облыстың бірқатар аудандары қазірдің өзінде табиғи газға қосылып үлгерді. Атап айтсақ, өңірдегі 741 елді мекеннің     473-і газдандыру жобасына кірген. Бүгінгі күні 11 аудандағы 123 елді мекенге газ жеткізіліп, 718,5 мың адам табиғи газды тұтынуда. Газдандырудың ІІ және ІІІ кезеңінде шалғай аудандар мен қалалар қамтылады. Газдандыру жұмыстарына жекелеген инвесторлар қаржы бөлуде.
Актив жиналысын жүргізіп отырған облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов сөз кезегін республикалық Қоғамдық кеңес мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильяновқа, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма басшысы Абылай Мырзахметовке, «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Алтынбековке, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Қаржы орталығы» АҚ білім беру қызметтерінің төлем жүйесін дамыту департаменті директорының орынбасары Алпамыс Сатыбалдинге ұсынып, қонақтардың пікірін тыңдауды ұсынды. Жиынға қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарды қойып, түйінді мәселелердің шешілуіне қатысты ұсыныстар жасады.
Республикалық Қоғамдық кеңес мүшелері түс ауа Ескелді ауданының Шымыр ауылында орналасқан автоматты газ бөлу стансысына және М. Байысов ауылындағы «Сарымсақов» шаруа қожалығына барып, газдандыру мен егістік жұмыстарымен танысты.

Мәди АЛЖАНБАЙ