Игілікті істер бастауында

Уақыты: 31.10.2018
Оқылды: 1578
Бөлім: МІНБЕР

Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партияға берген тапсырмалары мен алға қойған мақсаттарын орындау бойынша 2017-2018 жылдар аралығында бірқатар жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, партия жұмысы республикалық және аймақтық желілік кестеге сәйкес ұйымдастырылып, мемлекеттік және кәсіби мерекелер, саяси маңызы бар ірі оқиғаларға орай мазмұнды шаралар өткізілді. Сонымен қатар, партияның халықтық имиджін қалыптастыру үшін азаматтардың өзекті мәселелерін шешу, жалпыұлттық диалогты қамтамасыз ету сынды жұмыстар ұйымдастырылды. Соған сай 2017-2018 жылдың желілік кестесіне сәйкес жоспарланған 6200 шара толықтай өткізілді.

Елбасы Жолдауы мен Үндеуінің негізгі басымдықтарын, Конституциялық реформаны түсіндіру, «Рухани жаңғыру» мақаласынан бастау алған мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру және әліпбидің бірыңғай стандартын талқылау бойынша былтыр 14 мың 490 шара өтті. Оларға 1,5 миллионнан астам адам қатысып, өзекті мәселелердің мән-маңызын ұғынуға күш салды.  
Биылғы 9 айдың ішінде Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын, Бес әлеуметтік бастамасын және бағдарламалық мақаласында айтылған тапсырмалар мен міндеттерді жүзеге асыруда аймақтық және аумақтық партия филиалдары бірқатар жұмыс жүргізді. Елбасының 5 қазанда жариялаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын түсіндіру мақсатында 8 мың адам қатысқан 162 кездесу ұйымдастырылды. Шаралардың ақпараты бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.
ҚР Президентінің бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру бойынша аумақтық партия филиалдары да бірқатар маңызды жұмыстар жүргізді. Соған орай «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы жанынан Президенттің бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі облыстық Қоғамдық кеңес құрылып, Кеңес төрағалығына облыстық партия филиалының Саяси Кеңес мүшесі Садық Әбдіқадыров тағайындалды. Жаңа құрылған Қоғамдық кеңес Елбасы бастамаларының уақытылы әрі сапалы орындалуына жалпыхалықтық бақылауды қамтамасыз етеді әрі әлеуметтік бастамалардың жүзеге асырылуы мақсатында жүргізілетін қоғамдық мониторингті тұрақты бақылайды. Осыған орай мамыр айында өткізілген Кеңестің алғашқы отырысында жұмыс жоспары бекітіліп, мақсат-міндеттер айқындалды. Тамыз айында Жетісу жеріне жұмыс сапарымен келген Президенттің бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі республикалық Қоғамдық кеңес мүшелері облысымызда осы орайда атқарылып жатқан жұмыспен танысып, жақсы баға берді. Сондай-ақ, 4-12 қыркүйек аралығында аймақтық қоғамдық кеңес мүшелері шалғай ауылдарда жүргізген Қоғамдық қабылдау нәтижесі бойынша түскен елуден астам ұсыныс партияның орталық аппаратына жіберілді. Қоғамдық кеңес мүшелері бағдарламаның орындалу барысы жайлы халыққа ақпарат беріп, қажетті түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізеді.
Бүгінгі күні партияның ашық ақпараттық қоғамға бейімделуі бойынша стратегиялық 10 жобаны, партияны қолдаушылар желісін кеңейту бағытында      6 жобаны, партияның қызметін трансформациялау бойынша 4 жобаны жүзеге асырудамыз. Былтыр 3 қарашада өткен «Нұр Отан» партиясының Саяси кеңесінде партия Төрағасының берген тапсырмасына сәйкес, партияны жаңғырту жөніндегі міндеттерді толық және сапалы іске асыру мақсатында Төрағаның бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың бұйрығына сай «Нұр Отан» партиясының 20 жобасы бекітілген болатын. Осыған орай «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында 14930 адам қамтылған 763 іс-шара ұйымдастырылып, «Қарттарым, аман-саумысың!» атты республикалық акция аясында облыс көлемінде Екінші дүниежүзілік соғыстың 132 ардагері мен 2116 тыл еңбеккеріне көмек көрсетілді. Еріктілер мен аудандық мәслихаттың депутаттары аудан, қала жастарымен бірге қарттарды медициналық тексеруден өткізуді, ардагерлердің үйлерін, аулаларын тазалауды ұйымдастырып, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне қолдау көрсетті. Жалпы облыс аумағында тұратын 130 ардагерге 50 ерікті бекітіліп, Жетісу жеріндегі «Кеңес Одағының Батыры» атағын, Даңқ орденін иеленген жандар туралы деректер жинақталды. «Кедергісіз келешек» жобасы аясында 656 іс-шара ұйымдастырылып, аудандық, қалалық партия филиалдарында мүмкіндігі шектеулі балалар дайындаған қолөнер бұйымдарының сатылуына орай қайырымдылық акциялары өтті. «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ» жобасы аясында 589 іс-шара ұйымдастырылып, кәмелетке толмаған балалары бар және тұрмысы төмен отбасыларға арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Сондай-ақ, мамыр айында «Отбасын қолдау апталығы» акциясы аясында аудандық, қалалық партия филиалдарының ұйымдастыруымен кездесулер, тақырыптық қабылдаулар, акциялар мен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. «Сәтті қадам», «Жастар Отанға» жобалары бойынша жастардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған «Сәтті қадам» партиялық жобасы облыс бойынша іске асырылып келеді.
«Нұр Отан» партиясының аймақтық және аумақтық филиалдары өңірде сараптау жұмыстарын жүргізіп, сынақтан өте алмаған және оқуға түспеген мектеп түлектерінің тізімін жасақтайды. Мысалы, былтыр мектеп бітірген 14 мың түлектің 10 мыңға жуығы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, бағын сынады. Нәтижесінде ҰБТ-да шекті деңгейге жете алмаған 1600 түлектің 728-інің жоғары оқу орнына қайта қабылданғаны анықталды. Сонымен қатар, 526 түлек техникалық-кәсіптік білім беру мекемелеріне түссе, 259 түлектің «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасымен және бастауыш партия ұйымдары арқылы жеке шаруа қожалықтарына, мекеме, кәсіпорындарға жұмысқа орналасуына, еңбекке араласуына мүмкіндік берілді. Одан бөлек, 42 түлек шетелге оқуға кетсе,       22 жігіт әскер қатарына алынып, 15 түлек мамандарды қайта даярлау орталықтарында білім алды. Осылайша, Ұлттық бірыңғай тестілеуден өте алмаған 1600 түлек өмірдегі өз бағыт-бағдарын тапты. Ал ҰБТ-ға қатыспаған 4 мың 395 түлектің 281-і қазақстандық, 386-сы шетелдік білім ордаларына оқуға түссе,  2 мың 186 түлек кәсіптік-техникалық колледждерге қабылданды. Қалған 74 бозбала мен бойжеткен маман даярлау орталықтарында білімдерін жетілдіруде.
«Қазақстанның кітапханалары: Заманауи білім орталықтары» жобасы аясында Астана қаласының 20 жылдығына орай облыста бірыңғай 20 коворкинг орталығы ашылып, барлық аумақтық партия филиалдары ашылу салтанатын жоғары деңгейде өткізді. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша коворкинг орталықтарында әртүрлі форматтағы 81 іс-шара ұйымдастырылған.
Партияның жаңа жобаларының бірі «Ағылшын тілін үйрету» жобасы бойынша І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенттері мен арнайы оқу орындарының білімгерлері арасынан, сондай-ақ, Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарында оқитын, ағылшын тілін меңгерген 52 ерікті биылғы 1 шілде мен 25 қыркүйек аралығында аудан, қала орталықтарында орналасқан лагерьлерде 2 мың 268 балаға ағылшын тілін үйретті. Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы мен «Жас Отан» жастар қанаты «English for Jastar» атты партиялық жобасы аясында Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті 4-курс студенттерімен кездесу өткізді. Одан бөлек, ҚР Президентінің халықаралық «Болашақ» стипендиясы қауымдастығынан сұхбаттасу арқылы іріктеуден өткен 10 студент шалғай ауылдардағы балаларға ағылшын тілін үйрету үшін Ақсу, Алакөл, Көксу, Қаратал, Кербұлақ, Панфилов аудандарындағы мектептерде аптасына 3 рет жоғары сынып оқушыларына сабақ беруде. Жоспар бойынша 500 оқушы оқытылады. Сондай-ақ, шетелдік еріктілер Көксу, Панфилов аудандарының жұртшылығына ағылшын тілін үйретеді. Атап айтсақ, АҚШ-тан келген волонтер Кори Дикинсон қазан айынан жұмыс бастады. Еріктілер тұратын, сабақ өтетін орны анықталып, ағылшын тілін үйрету сабақтарының кестесі бекітілді. Жоба аясында өткізілетін кездесу, семинар-тренинг, сұхбаттасу, интеллектуалдық ойын сынды іс-шаралар коворкинг орталықтарында өтеді. Жобаға қатысушылардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аудандық білім бөлімі, ауруханалар мен ішкі істер бөлімдерінен жауапты мамандар бекітілген.
«Бизнестің геоақпараттық онлайн сервисі» жобасы бүгінгі жер ресурстарының кешенді электрондық картасын жетілдіру бойынша жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді. Онда өтініш қабылдаудан бастап жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын беруге дейінгі аралықтағы мемлекеттік қызмет көрсету электрондық форматқа толық көшіріледі. Бұл уақытты үнемдеп, өтініштерді өңдеу бойынша толық автоматтандырылған жұмыс орнын құруға көмектеседі. Сол арқылы мемлекеттік қызмет сапасын арттырып, жер учаскелерін беру үдерісінің ашықтығы мен бақылауы қамтамасыз етіледі.
«Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы «Білім», «Денсаулық» бағыттары бойынша партиялық куратор комиссиясы биыл 5 отырыс өткізіп, партияның Орталық аппаратына және жергілікті атқарушы органдарға     24 ұсыныс берді. Осындай игілікті істердің бастауында халықтың сүйікті саяси күшіне айналуы тиіс «Нұр Отан» партиясының бастамасы тұр. Ендеше, межені бірлесе бағындырғанда ғана мол жетістікке қол жеткіземіз.

Ғалиасқар Сарыбаев,
«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары

 

Бақытжан Өксікбаев, «Нұр Отан» партиясы Балқаш аудандық филиалы жанындағы
«Білім» бастауыш партия ұйымының төрағасы:

«Нұр Отан» партиясының жаңғыруы аясында биылғы тамыз айының 22-23 күндері Шымкент қаласында алғаш рет бастауыш партия ұйымдарының аймақтық форумы өтті. Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары және Шымкент қаласынан ірі бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, аумақтық филиал төрағаларының орынбасарлары шақырылған аймақтық форумға барлығы 250-ге жуық партия мүшесі қатысып, өздері келген өңірдің жалынды сәлемін жеткізді.
Құрметті қонақ ретінде «Нұр Отан» партиясының Хатшысы Тамара Дүйсенова қатысқан форумда партия қызметін жаңғырту жұмыстары аясында қолға алынған цифрландыруды жүзеге асыру, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына үлес қосуға бағытталған партиялық жобаларды іске асыру тәсілдері және бағдарламалық құжаттарды дайындаудың өзекті мәселелері көтерілді. Сондай-ақ, партияның кадрлық резервін қалыптастыру, еліміздегі жастар саясатын одан әрі жетілдіру, партияның талдау және сараптау әлеуетін арттыру жөніндегі жұмыстар кеңінен қарастырылды. Сондай-ақ, партия мүшелері бастауыш партия ұйымдарының қызметін жандандыруға қатысты тұжырым дайындау бойынша пікір алмасып, жаңа тұжырымдама жобасын талқылады. БПҰ қызметін, оның ішінде партия мүшелерімен жұмысты жандандырудың нысандары мен түрлерін жетілдіру, бастауыш партия ұйымы және партия мүшелерінің деректер базасын өзектендіру, жұмысты бағалау, уәждемелеу және ынталандыру жүйесін енгізуді көздейтін Тұжырымдаманың негізгі қағидалары – жүйелілік, кешенділік, атаулылық, ашықтық.
Алдағы уақытта «Цифрлық партия» жобасы арқылы бүкіл партиялық қызмет цифрланады деп күтілуде. Бұл 11 ішкі жүйенің жұмысы жанданады деген сөз. Осыған орай бастауыш партия ұйымдары халықпен тығыз байланыс орнатуда заманауи технологиялық жетістіктерге қол жеткізеді деп сенеміз.

Нұрболат Қарабасов, «Қазақстанның ең үздік әлеуметтік жобалары»
республикалық байқауының ІІ орын иегері:

«Нұр Отан» партиясының ерекше күтім қажет ететін жандарға арналған жобаларының бірі – «Кедергісіз келешек». Осыған орай қоғамда «кедергісіз орта» қалыптастыру мақсатында партия мүшелері мүмкіндігі шектеулі азаматтармен бірлесіп қоғамдық көлік, әкімшілік ғимараттары және өзге де әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін ұдайы тексеріп тұрады.
Жоба аясында бірыңғай қоғамдық қабылдау акциялары, жұмысқа орналастыру жәрмеңкелері мен түрлі басқосулар, кездесулер өткізіледі. Осылайша мүмкіндігі шектеулі жандарға сенім арту көзге қуаныш ұялатып, көңілге демеу береді. Солардың қатарында мен де өңірде ұйымдастырылып тұратын түрлі шаралардан тыс қалған емеспін. Бұл – үлкен мәртебе.
Шынында арман деген әркімде бар. Оған қол жеткізген адам нағыз мықты. Былтыр облыстық «ZHASPROJECT» жобасына қатысып, өзім дайындаған «электрлік жетек – қарапайым қоларба» жобасын ұсынған болатынмын. Сол құрылғының жақсылығын осы күні 50-ден астам мүмкіндігі шектеулі жан көріп, игілігіне жаратуда. Осы жобаның арқасында «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырған «Қазақстанның ең үздік әлеуметтік жобалары» атты республикалық байқаудың ІІ орын иегері атандым. Сыйақысына берілген 3 миллион теңгеге 17 электрлік қоларба жасатуға тапсырыс бердім. Осылайша мұқтаж жандарға көмектесіп, қайырымдылық іс-шараларына ұдайы қатысып келемін. Тағдырдың талқысына ұшыраған өзімдей жандарға қолдау көрсетуді азаматтық парызым санаймын.

Серік Мұқанов, «Жетісу» футбол клубы» ҚМКК директоры, сыбайлас жемқорлыққа
қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында партия Төрағасы партияның сапалық құрамын нығайту бағытында жұмыс жүргізуді тапсырған болатын. 
Соған орай бағдарламаның басты міндеттері қабылданды. Оның қатарында партия мамандарын меритократиялық негізде қабылдау және оларды дайындауда ашықтықты қалыптастыру, партияның атқарушы органдарын кәсіби білікті мамандармен қамтамасыз етіп, кадрлық құрамды оңтайландыру, партияның мақсат-міндеттерін жүзеге асыруда Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттардағы фракция депутаттарының рөлін арттыру, партиялық оқу жүйесін жаңғырту, партияға тәлімгерлік институтын енгізе отырып, ішкіпартиялық әлеуметтендіруді жүргізу, партиялық корпоративті мәдениетті қалыптастыру, оны нығайту сынды аса өзекті міндеттер бар.
Осы міндеттерді уақытылы және сапалы жүзеге асыру негізінде саяси бәсекелестік жағдайында өз ойын нақты жеткізіп, қорғай алатын партиялық қызметкерлер қалыптасады. Ал, партияның  кадрлық резервін жасақтау республикалық, облыстық, аумақтық түрінде 3 деңгейде жүргізіледі. Осыған орай кадрлық резервке қатысты қызметтердің тізбесі дайындалған. Соңғы екі жылдың ішінде кадрлық резервке ұсынылған 441 азамат қайта іріктеуден өтіп, облыстағы партиялық кадрлық резерв қатары бүгінде 162 адамды құрап отыр.
Партия Төрағасы тапсырған басты міндеттің бірі партиялық кадрлық резерв жұмысын жандандыру болғандықтан сараптау жұмысы кадр сапасын арттырып, «Нұр Отан» партиясының қатарына «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» саналатын, өз ісінің нағыз мамандарын іріктеп алуға мүмкіндік береді.

Ермек Келемсейіт, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы,
облыстық филиалдың партиялық бақылау комиссиясының төрағасы:

Әрбір партия мүшесі моральдық-этикалық нормаларды сақтай отырып, елге қалтқысыз қызмет ету қағидасын мүлтіксіз орындауы керек. Ондай жан өз кезегінде әрбір партия мүшесін елдің патриоты болуға шақырады. Еліміздің билік партиясы қатарында тұрған азаматтар бүгінде қоғам дамуына өзіндік үлес қосып жүрген салиқалы жандар. Олар тек партия үшін ғана емес, жалпы Қазақстан қоғамының дамуына адал қызмет етіп отыр.
Әрбір партия мүшесі өзінің қызметтік лауазымын жеке басының мақсатына жұмсаудан аулақ болуы тиіс. Өйткені кез келген тәртіпбұзушылық партия беделін түсіреді. Ал, Әдеп кодексінің талаптары бұзыла қалған жағдайда партиялық жаза қолданылады. Сол арқылы кінәлі жан партия қатарынан шығарылады. Осыған орай алдағы уақытта партия қатарына алынудың тәртібі өзгертіліп, сапалық құрамға ерекше мән берілмек.
 Партия қатарына қабылдану үшін кез келген азамат сотталмағаны туралы анықтаманы және кем дегенде үш жыл еңбек өтілі бар партия мүшелерінің ұсыныстарын жинақтайды. Партия қатарына өтетін азаматтың құжаттары толығымен тексерілгенде ғана мүшелікке кіруге мүмкіндік беріледі. Мұндай сұрыптау партия қатарын экономикалық белсенді, түрлі сала өкілдерінен жинақтауға көмектеседі деп есептеймін.
Мен «Нұр Отан» қабылдаған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламасының жүзеге асарына толық сенімдімін. Сондықтан біз халықтың осы сенімін азайтып алудан сақ болуымыз керек.

Нүсіпбай Әбдірахым, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы
«Мирас» аймақтық қоғамдық кеңесінің төрағасы:

Белгілі бір уақыт аралығында өткізіліп тұратын партия конференциясы осыған дейін атқарылған жұмыстарды қорытындылап, болашақта жүзеге асырылатын жұмыстарды бағдарлап алатын маңызды бір меже болып табылады. 
Бұл орайда «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының жанынан мәдениет пен өнерді қолдау мақсатымен құрылған «Мирас» аймақтық қоғамдық кеңесінің де бірқатар жұмыстар атқарғанын көреміз. 
Қоғамдық кеңес жұмысына әдетте осы қоғамға мүше болып табылатын мәдениет пен өнерге қатысты мекемелер басшылары мен мәслихат депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері мен шығармашылық бірлестіктер жетекшілері, күн тәртібінде қаралып отырған мәселелерге қатысты сала басшылары мен бұқаралық ақпарат  құралдарының  өкілдері қатысады. Соған орай қаралатын мәселелердің тақырыбы да сан алуан. Мәселен, осы уақытқа дейін аймақтық қоғамдық кеңес отырыстарында Елбасы Жолдауларында сөз болған мәдениет пен өнерге, рухани мәселелерге қатысты жайттарды талқылап, тиісті шараларды жүзеге асыру, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай атқарылатын жұмыстар, латын әліпбиіне көшу, Қазақстан Жазушылар одағы мен Журналистер одағы, басқа да шығармашылық одақтар облыстық бөлімшелерінің жұмысын жандандыру тақырыптары талқыланып, онда айтылған құнды ұсыныстар мен кесек пікірлер филиал басшылығы тарапынан тиісті орындарға жолданды. 
Осы жерде қоғамдық кеңесте қаралған мәселелерді шешу жолдары негізінен ұсыныс түрінде айтылып, қатысты мекемелерге жолданатындығын да еске сала кетейік.
Кейінгі уақытта қоғамдық кеңестің көшпелі отырыстарын өңірлерде өткізу жұмыстары қолға алынды. Мұның өзі кеңес жұмысын жандандырып, тиімділігін арттыруға айтарлықтай ықпал етуде.

Рахат ИБРАИМОВА, «Шоңай батыр» БПҰ-ның төрайымы:
Бүгінгідей ақпараттық технология қарыштап дамыған заманда инновация өмірімізге дендеп еніп, тіршіліктің күнделікті өзгеріп жатқаны жасырын емес. Мәселен, бір ғана Facebook желісі айына 1,5 миллиардқа жуық адамды байланыстырады.
Күнделікті 500 миллиондай хат жолданатын интернет желісі арқылы кез келген тауарға үйден шықпай-ақ тапсырыс беріп, уақытты үнемдеуге болады. Бұл – ақпараттық заманның қарапайым көрінісі.
Дәл осындай сандық жүйеге партия жұмысы да көшірілуде. Ақпараттық технологияны жетік меңгерген мамандардың жаңа толқынын тәрбиелеу, жастарға программалау негіздері мен робототехниканы үйретуді қолға алған жаңа жобалар – жаңа заманның сұранысына сай сұрыптаудан өткен өміршең жобалар. Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде: «Жаңғырту әрдайым қарапайым болмайды... Іс жүзіндегі жаңғырту ғана партияға жетекші саяси жүйенің рөлін растауға мүмкіндік береді», – деген еді.
Осыған орай қызметін жаңғырту мақсатында партия 22 жаңашыл жобаны қолға алып отыр. Соның қатарындағы «Үштұғырлы тіл» жобасы бойынша ерікті А. Қабылова белсенді жастарға Е. Сиқымов атындағы орта мектептің жазғы лагерінде ағылшын тілін оқытса, «Балаларға арналған ақысыз IT сыныптар ашу» жобасы аясында қыркүйек айында осы мектеп базасында арнайы сынып ашылды. Жасөспірімдер арасында робототехниканы дамыту бойынша факультатив сабақтары енгізіліп, демеуші тарапынан 250 мың теңгеге робот алынды. 
 «Цифрлық партия» жобасы аясында жаңадан енгізілетін бірыңғай ақпараттық жүйе, партия мүшелерінің деректер базасы, онлайн қызметтер мен онлайн оқыту алдағы уақытта әрбір партия мүшесі мен тұрғындар арасында байланыс орнатуға, партияның тыныс-тіршілігімен интернет желісі арқылы танысуға мүмкіндік береді деп сенемін.