ТАРИФ ТӨМЕНДЕДІ

Уақыты: 21.11.2018
Оқылды: 1212
Бөлім: МІНБЕР

   «Нұр Отан» партиясы Қапшағай қалалық филиалының ғимаратында ҚР Табиғи монополияларды  реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті Алматы облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен қоғамдық қабылдау өтті. Онда Қапшағай қаласындағы халық тұтынатын жылу жүйесіндегі қызмет құнының 77 пайызға төмендетілгені айтылды.

 

– Аталмыш қабылдаудың мақсаты – халықты тарифтердің ашықтығы  жөнінде хабардар ету. Облыстық прокуратураның тексеріс нәтижесі, департаменттің бұйрығымен осы жылдың қазанынан бастап бекітілген тарифтерді 77 пайызға түсіру бұйрығы шықты. Заңсыз деп табылған көрсеткіштер бүгінде сотта қарастырылуда. Сот ісі аяқталған соң нәтижесі белгілі болады. Қазіргі таңда аймақ тұтынушыларға орта есепті бағамды уақытша тариф көрсеткіш құралы барларға 1 Гкалға 764 теңге болды. Сонда 2 565,92 теңгеге арзандады. Есептегіш құрылғылары жоқтарға 1493 теңгеге төмендеді. Ол 5012 теңгеге арзандағанын көрсетеді. Бұл уақытша орнатылған бағам, жаңа жылдан кейін бұл көрсеткіш өзгеруі мүмкін, – деп түсіндірді департамент басшысы Айжан Сәрсембайқызы. 
   Тұрғындарды қабылдау барысында 30-ға жуық шағым түссе, оның басым көпшілігі тұрғын үйлерді жылытуға байланысты болды. Бүгінде Қапшағай қаласындағы 238 көпқабатты үйдің 214-і есептегіш құралмен қамтылса, 24 үйде ондай құрылғы орнатылмаған.
   Нақтырақ айтсақ, көптеген тұрғын үй жылу маусымы басталса да суық, жылымай келеді. Соған орай, департамент басшысының орынбасары Гүлнәр Шарапиева «Қапшағай жылу» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің басшысы Сейдахмет Даданбековке тез арада мәселенің себебін анықтап, олқылықтың орнын толтыруға  тапсырма берді. 
    Керісінше, «Қапшағай жылу» мекемесінің басшысы тұрғындардың шағымымен келіспейтінін алға тартты.
– Әр тұрғын өз үйіне жылыту маусымы басталысымен ұқыптылық білдіргені жөн. Өйткені, көпшілігі ауа қысымын реттемейтін сыңайлы. Соның салдарынан бір-екі бөлмесі жылып, қалғаны суып жатады. Осы күнге дейін бірнеше үйде байқалған келеңсіздік қалпына келтірілді, – дей келе, алдағы уақытта қаладағы барлық үйге тексеріс жүргізіп, кемшілікті жоятынына сөз берді.
   Қоғамдық қабылдауда коммуналдық қызмет құнына қатысты наразылық білдіргендер де кездесті. Департамент мамандары олардың жазбаша өтініш-арызын қабылдап, оны тиісті мекемелерге жолдап, кешіктірмей нақты жауап беретін болды.

Мақпал МЫСА.