Саят МЕДЕУОВ "НҰР ОТАННЫҢ" ЖИЫНЫНА ҚАТЫСТЫ

Уақыты: 28.11.2018
Оқылды: 1781
Бөлім: МІНБЕР

Тұңғыш Президент күніне орай бүгін Алматы облысының орталығында «нұротандықтар» «Елбасы – ел тірегі» атты салтанатты қабылдау шарасын өткізді. Жиын барысында партия қатары жаңа мүшелермен толықты.

«Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы ұйымдастырған мерекелік басқосуға мәслихат депутаттары, партия ардагерлері мен белсенділері, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және «Жас Отан» ЖҚ белсенділері қатысты.

Елбасы ортақ Отанымыз – Қазақстанды дамыту жолында елдегі тұрақтылық пен бейбітшілікті басшылыққа алды. Тәуелсіз Қазақстанды Еуропа төріне шығарып берген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі ерен. Бүгінде Қазақстан Еуразия кеңістігінде стратегиялық қуаты күшті, маңызы үлкен мемлекеттер ретінде мойындалып отыр, – деген «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев барша қазақстандықтарды атаулы мерекемен құттықтады.

Партия ардагерлері атынан Анатолий Сюй-Мин  сөз алса, жастар атынан құттықтау тілегін Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Дарья Степанова жеткізді. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қарасай аудандық мәслихатының депутаты Саят Медеуов те өз лебізін білдірді.

Мерекелік шарада «нұротандықтар» қатарына жас кәсіпкерлер, бизнес саласының өкілдері, мемлекеттік қызметке жаңадан келген басқарма басшылары мен аудандық әйелдер кеңесінің белсенді өкілдері қабылданды. Сондай-ақ, жиында партия қызметіне қосқан сүбелі үлесі үшін облыстық филиалдың арнайы Алғыс хатымен отызға жуық азамат марапатталып, естелік сыйлықтар иеленді. Бұған қоса, «English for Jastar» партиялық жобасын жемісті жүзеге асырған 10 жас еріктіге де Алғыс хат табысталды.

Мерекелік кеште партияның 20 жылдығына орай облыста ұйымдастырылған шығармалар байқауының үш номинация бойынша 9 жүлдегері және «Нұрсұлтан» есімді жастар арасында өткен «Хан дойбысынан» облыстық біріншілік жеңімпаздары марапатталды.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлымен аттас болғанымды мақтан тұтамын. Мен өмірге келген уақытта тәуелсіз мемлекетіміз ең ауыр кезеңді бастан кешіп жатқан екен. Ал бүгін біз мемлекетіміздің негізін қалаушы Нұрсұлтан атам құрған партияның төрінде марапатқа ие болып отырғанымыз – ерен еңбектің жемісі және қазақ халқының қиыншылыққа мойымауының дәлелі, – дейді кішкентай жеңімпаз Нұрсұлтан.

Салтанатты шараның соңы патриоттық әндер шырқалған концерттік бағдарламаға ұласты.

Меруерт МОЛДАҒАЛИЕВА