ЕЛ БІРЛІГІН ТУ ЕТКЕН

Уақыты: 06.12.2018
Оқылды: 1215
Бөлім: МІНБЕР
   Түбі түркі, мінезі жылқы, ұлты қазақ, рухы азат, еркін елдің байрағындай қыраны, асқар таудың айбарындай ұраны, бойында қасиеттің қырық шырағы, мойнында тәңір таққан тұмары бар, тумысы бөлек, тұлғасы ерек Алаш елінің бодандықтан босап, тәуелсіздіктің таңын қарсы алғанына да 27 жыл толады. Тәуелсіздігіміздің тұғырын мықтап, қабырғасының құрыштай құйылуына аянбай тер төгіп жүрген, халық пен биліктің арасында алтын көпірге айналған «Нұр Отан» партиясының құрылғанына да келер жылы 20 жыл толғалы отыр.
 

   Азаттық аспаннан салбырап түскен жоқ. Тәуелсіздігіміздің әр күнінде, әр сағатында қыршын кеткен бабалардың қаны мен маңдай тері жатыр. Қадіріне жеткен қазаққа бұдан асқан бақыт жоқ. Қазақтай құдіретті елдің азаттығына 27 жыл аз. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заман болмады емес. Болды. Еркіндіктің кілтіне ие болмай, еркіне жіберген де өзіміз. Ес жиып қайтарып алған да өзіміз. Тарих беттерін парақтап, өткенге көз жүгіртер болсақ, 1999 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Отан» партиясы құрылып, кейін ол Қазақстанның президенттік ірі партиясына айналды.
   Көктемнің бірінші күні. Бұл – «Нұр Отан» партиясының құрылған күні. Партия қоғамды одан әрі демократияландыруға бағытталған экономикалық және саяси реформаларды жүзеге асыруға, азаматтардың өмір сүру деңгейін көтеруге, әлеуметтік әділеттілік орнатуға және елімізде тұрақтылықты сақтауға, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға, Қазақстан Республикасының жан-жақты және үйлесімді дамуы үшін азаматтардың отансүйгіштігі мен жауапкершілігін тәрбиелеуге белсенді ықпал етуді басты мақсат ретінде жариялады. 1999 жылы қаңтарда құрылған «Отан» республикалық саяси партиясы сол жылдың 12 ақпанында ҚР Әділет министрлігінде тіркелді. 2006 жылы желтоқсан айында «Отан» РСП-ның Х съезінде партияның аты «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы болып өзгерді. Ал 2013 жылы «Нұр Отан» партиясы болып өзгертілді. Қоғамда әділеттілік принциптерін орындай алатын билік жүйесін жасау тек демократияға негізделген саяси жүйелердің ғана қолынан келеді. Қазіргі уақытта партияның халықтық тұғырнамасын, Елбасының «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын, партияның ХVІІ съезінде партия Төрағасының алға қойған міндеттерін жүзеге асыруға аудандық филиал өзіндік үлесін қосып келеді.
   Қазіргі таңда аудан әкімі Рауан Рақымбеков «Нұр Отан» партиясы Қаратал аудандық филиалына төрағалық етуде. Биылғы қыркүйек айында партия филиалы мүшелерінің саны 3890-ды құраса, филиал жанынан 11 бастауыш партия ұйымы құрылып, өз жұмысын жандандыруда. Сондай-ақ, аудандық филиалда Саяси кеңестің 7 бюро мүшесі, Саяси кеңестің 12 мүшесі бар. Сонымен қатар, партияның аудандық мәслихаттағы депутаттық фракциясының мүшелері 12 адам. Рыскелді Ахметчинов төрағалық ететін партияның аудандық филиалы жанынан құрылған сыбайлас жемқорлықпен күрес Қоғамдық кеңесінде 5 адам жұмыс жасайды. Гүлшакира Құйқалақова жетекшілік ететін партиялық бақылау комиссиясы құрамында бес мүше бар. Аталмыш партиялық бақылау комиссиясының мүшелері аудан аумағында құрылған 11 партиялық бақылау бекеттеріне бақылау жасаса, олардың қатары аудандық мәслихат депутаттарымен толықтырылған. «Нұр Отан» партиясы Қаратал аудандық филиалы жанынан 500 мүшесі бар «Жас Отан» жастар қанаты құрылып, жұмыс жасауда. Жетекшісі – Нұржан Рахметқазынов.
   Қазақ еліндегі тыныштықты, ұлттар мен ұлыстардың татулығы мен саяси-экономикалық тұрақтылығын сақтауда Елбасының еңбегі зор. Әр жылы Елбасымыз кезекті Жолдауын жариялағаннан кейін партия ұжымдары еліміздің түкпір-түкпірінде жұмыс жасауға кірісіп кетеді. Міне, осылай елге қызмет істеп, халықтың мұң-мұқтажын ту етіп, тыныштық пен толеранттылықты ұстанған «Нұр Отан» партиясы көктемнің алғашқы күнінде өзінің 20 жылдығын атап өтпек. Біз, «нұротандықтар», Елбасының стратегиялық ойларын іске асыруда оның сенімді тірегіміз. Экономикалық дамудың жоғары қарқынын және барлық азаматтардың әл-ауқатының бұдан әрі өсуін қамтамасыз ету үшін өзімізге жауапкершілік жүктеуге дайынбыз.
   «Нұр Отан» партиясы Қаратал аудандық филиалына қарасты бастауыш партия ұйымдарының жұмысы жанданып, партияның Саяси кеңесі мен Бюро мүшелерінің жүйелі жұмыстарының арқасында тұрғындардың әлеуметтік, экономикалық мәселелері оңтайлы шешілуде. Еліміз егемендік алып, еңсесін тіктегеннен кейінгі  жерде мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаулардың нәтижесінде «Нұр Отан» партиясының Қаратал аудандық филиалы да халықпен етене араласып, азаматтардың талап-тілектерін, шағымдары мен мұң-мұқтаждарын дер кезінде ескеріп, көптеген мәселелердің түйінін тарқатып, көкейдегі сауалдарға қашанда орынды ой, орнықты жауап қайтара алатын дәрежеге жетті. Партияның аудандық филиалы қоғам дерті – сыбайлас жемқорлықпен күрес шараларын жиі ұйымдастырып, сыбайластықтың алдын алу жұмыстарын жүргізіп келеді. Арыз-шағымдарды қарауда құқықтық теңсіздік пен ел ынтымағына, халық бірлігіне селкеу түсіретін жайттардан аулақ болып, әділдікті ту еткен Қаратал аудандық филиалы тағдыр тауқыметін тартқан азаматтардың өміріне араласып, заң аясында кеңестер беріп, партия беделін асқақтата түсуде.
   «Нұр Отан» – халық сенімінің партиясы, ол сенім біздің шынайы істерімізбен беки түспек. «Нұр Отанға» халық сенімі мол. Алға, Қазақстан! Алға, «Нұр Отан!»

Жандос Теңелбаев,
«Нұр Отан» партиясы Қаратал аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық мәслихат депутаты