ТӘУЕЛСІЗДІК ТАҒЫЛЫМЫ

Уақыты: 13.12.2018
Оқылды: 2039
Бөлім: МІНБЕР

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының мәжіліс залында Тәуелсіздік күніне орай салтанатты жиын өтті. Шараға облыстық мәслихат депутаттары, партия ардагерлері мен белсенділері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және этномәдени орталықтардың жетекшілері, «Жас Отан» ЖҚ белсенділері қатысты.

Мемлекеттік Гимн орындалған соң, Желтоқсан оқиғасының құрбандарына арналып бір минут үнсіздік жарияланып,  арнайы бейнефильм де көрсетілді. Алғашқы сөз алған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сарыбаев Ғалиасқар:

- Желтоқсан оқиғасы – халықтың ар-намысына сын болды, көптеген жастарымыз, мыңдаған азаматтарымыз қаһармандық танытты, елімізді Тәуелсіздікке  жеткізді. Тәуелсіздік күні – халқымыз үшін аса қасиетті әрі қастерлі мереке. Өйткені біз азаттықтың арқасында әлемдік қауымдастыққа етене еніп, оның толық мүшесі атандық. Ешкімге жалтақтамай, ертеңімізді өзіміз бағамдайтын, саясатымызды ұлттық мүддеге сай жүргізетін деңгейге жеттік, – деп жиналған қауымды айтулы мерекемен құттықтады.

Мінбеге көтерілген облыстық мәслихаттың депутаты, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Серік Мұқанов, «Кәсіпкер» республикалық журналының  бас директоры,  Алматы облысының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Гүлжиян Сүлейменова талай жыл елге қызмет еткендерін айтып, артынан еріп келе жатқан жастарға ақыл-кеңестерін жеткізді. Ал «Жетісулық желтоқсандықтар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ермұхан Жүнісхан болса, ата-бабамыздың талай жылғы арманымен келген қасиетті тәуелсіздік туралы тағылымды ойымен бөлісті. Тәуелсіздік құрдасы «Жас Отан» жастар қанатының белсенді мүшесі, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің докторанты Бархудар Гусенов жүрек жарды лебізін білдірді.

Салтанатты шарада партия қатарына жаңадан қосылған 10 адамға партиялық билеттер берілсе, желтоқсан оқиғасына қатысушыларға алғыс хаттар тапсырылды. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының 8 қызметкерін партияның 20-жылдық мерейтойы орай «Белсенді қызметі үшін» медалін иеленсе, партия белсенділері де Алғыс хатпен марапатталды. Сонымен қатар салтанатты түрде «Сарбаздар»  қатарына қабылдауға Талдықорған қаласындағы №9 орта мектептің 10 оқу озаты ант беріп,  оларға арнайы төс белгілер табысталды. Мерекелік кездесу әнмен әрленіп, жиналған қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Мәулен Әнербай