АУЫЛДЫ ДАМЫТУҒА 90 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ БӨЛІНЕДІ

Уақыты: 27.02.2019
Оқылды: 1367
Бөлім: МІНБЕР

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ 2019-2021 жылдары ауылды дамытуға 90 миллиард теңге бөлуді тапсырды. Бұл туралы "Қазақпарат" тілшісі хабарлады.

- Біздің ауылдарды өсім нүктелеріне айналдыруымыз керек. Әрбір ауылда қандай да бір жұмыс орнын ашу қажет. Ол үшін микронесиелер бар. Жұмыс берсек, тұрғындар ауылда қалады. Бізде мамандықты тегін оқыту жүйесі, Жол картасы бар. Мүмкіндіктер мол. Тек нақты жұмыс істеу қалды. Баспана мен жол салып, әлеуметтік нысандарды тұрғызып, шағын және орта бизнесті дамыту керек. Ауылдың өзінің әлеуеті бар. Өңдеу өнеркәсібін дамытайық. Елімізде үлгілі ауылдар жетерлік, - деді Президент.

Осыған байланысты Президент Үкіметке «Ауыл - ел бесігі» арнайы жобасын жүзеге асыру үшін ұсыныстарды әзірлеуді тапсырды. «Осы бағытта қаржыландыру бойынша 2019-2021 жылдары 90 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. Бұл жастарды ауылда ұстап тұруға мүмкіндік береді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезі өтуде. Съезд күн тәртібінде бірнеше мәселе қаралуда. Атап айтқанда, алдымен «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі бағдарламасы туралы мәселе қозғалды. Одан кейін партияның Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар қарастырылып, партия Саяси кеңесінің жəне Орталық бақылау-тексеру комиссиясының есепті кезең бойынша жұмысының қорытындылары шығарылады. Сонымен қатар, партия Саяси кеңесінің жəне Орталық бақылау-тексеру комиссиясының мүшелері сайланбақ. Съезд жұмысына 2 мыңға жуық адам қатысуда. Олардың 1200-і өңірлерден келген делегат, ал қалған 800-ге жуығы - қонақтар.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды