"НҰР ОТАН" СЪЕЗІ: ЕЛ-ЖҰРТТЫҢ ПІКІРІ ҚАНДАЙ?

Уақыты: 27.02.2019
Оқылды: 1868
Бөлім: МІНБЕР

НҰРЛЫ БОЛАШАҚ КЕПІЛІ. Елбасы Н. Назарбаев өз мәлімдемесінде «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде әлеуметтік қолдауды күшейтуге және азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға арналған бірқатар шаралар туралы баяндайтындығын жеткізді. Соған орай 2000-нан аса делегатты біріктірген кездесуді асыға күттім.

Съезд партияның 20 жылдығына орай өткізілді. Жиын барысында партияның 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы талқыланып, партия Жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Сондай-ақ, партиялық органдардың есебі тыңдалып, партия Саяси кеңесінің құрамы жаңарды.

Біз, «нұротандықтар», Мемлекет басшысы бекіткен жоспарлар мен тапсырмаларды орындауда оның сенімді тірегі болып табыламыз. Сонымен қатар, экономикалық дамуға қарқын қосып, азаматтардың әл-ауқатының бұдан әрі өсуіне қызмет етеміз. Біз «болашақ – бағдарымыз» деп бағамдасақ, одан ұтарымыз көп. Сол себепті, қоғамның жаңару процесін қалыптастырудың маңызы зор.

«Нұр Отан» партиясының 20 жылдық мерейтойы еліміздің тарихи даму кезеңімен сабақтасып, қоғамның барлық саласында технологиялық, саяси-әлеуметтік, Рухани жаңғыру үдерісімен үндесуі көптеген игі істерге серпін берері анық. Ең бастысы, Ұлт Көшбасшысы белгілеген әлемдегі дамыған 30 елдің қатарынан лайықты орын алуға ұмтылған тәуелсіз Қазақстанның тұғыры биік, мәртебесі жоғары, болашағы жарқын болуы жолында еңбек ету – басты міндетіміз.

Секенбай ШЕНГЕЛБАЕВ,

Алматы облыстық мәслихат депутаты

* * *

ҰЛЫ МАҚСАТ ЖОЛЫНДА. Астанада Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясының XVIII съезі өтті. Жиында партияның 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы, жарғыға енгізілетін өзгертулер мен толықтырулар талқыланды.

Съезд барысында көптеген игі бастамаларға жол ашылды. Жалпы, партияның съезінде әлеуметтік қолдауды күшейту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру үшін көптеген шаралар ұсынылды. Оның ішінде тұрмысы нашар азаматтарға әлеуметтік қолдауды күшейту және халықтың әлеуметтік осал топтарының баспана жағдайын жақсартуға бағытталған мүмкіндіктерді кеңейту үшін бюджет пен Ұлттық қордан қаржы бөлінетіндігі қуанышымызды еселей түсті. Өйткені, облысымыздың әр ауданында әлеуметтік жағдайы төмен жандар кездеседі. Халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған  тапсырмаларды орындауға, Елбасы Н. Назарбаев айтқандай, Үкімет пен барлық деңгейдегі әкімдер атсалысуы керек.

Өз басым Мемлекет басшысының Жолдаулары мен үндеулерін қалт жібермеймін. Бұл жолы да нәтижелерге ғана көңіл бөлінбей, олқылықтар да айтылды. Оларды жою жолдары да баяндалды. Ел Президенті өз сөзінде елді дамытудың негізгі мәселелеріне тоқталып, «Нұр Отан» партиясының алдына жаңа нақты міндеттер қойды.

Халық көздегіні ғана емес, көңілдегіні де көреді. «Нұр Отан» нақты нәтиженің, ілкімді істердің партиясы атанып, елдің көңілінен шыға білді. «Елің қуатты болса, бағың тұрақты болады» дейді халқымыз. Күнімізді шуақты ете түсу үшін елімізді қуатты ету – барлығымыздың ортақ парызымыз. Елімізді әлемнің ең қуатты 30 елінің қатарына қосу – ұлы мақсат. Біз қоғамымыздың өзіндік ерекшеліктерін артықшылыққа айналдыру бағытында жұмыс жасаймыз.

Азамат ЖАНАБЕРЛИЕВ,

Жоламан орта мектебінің директоры,

Кербұлақ аудандық мәслихат депутаты

* * *

ЖАС ҰРПАҚ – ЕЛ ЕРТЕҢІ. «Нұр Отан» партиясынның 20 жылдық мерейтойымен барша партия мүшелерін құттықтаймын! Менің партия құрамына мүше болғаныма 11 жыл. Осы уақыт ішінде мемлекет, партия саясатын белсенді түрде қолдап келемін.

Тоғыз баланың анасы, журналист, қоғам қайраткері және онкологиялық дертке шалдыққан, сал ауруымен ауыратын балаларға ақша жинауға атсалысып жүрген ерікті ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партияның ХVIIІ съезінде сөйлеген сөзін мұқият тыңдадым. Әсіресе, көпбалалы отбасылардағы әр балаға берілетін ең аз төлем көлемін, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға берілетін жәрдемақы көлемін арттыру мәселелерінің айтылғанына шын жүректен қуандым. Себебі, мемлекеттің дамуы, оның демографиясының артуы тікелей көп балалы отбасыларға байланысты. Сонымен қатар,  Ұлттық қордан Елбасының тапсырмасымен арнайы қаражат бөлінетіндігі көпбалалы аналардың қуанышын еселеді десем артық болмас.

Тағы бір қуанышты жаңалық деп 1 шілдеден бастап бюджет саласындағы айлығы төмен адамдардың жалақысының 30 пайызға өсетіндігін айтуға болады. Мемлекет басшысы мүгедек бала асырап отырған ата-аналар мен отбасыларға, асыраушыларға берілетін жәрдемақыны 30 пайызға көтеруді тапсырды.

Елімізде 4 баладан көп баласы бар 340 мың отбасы анықталған. Оларды қолдау үшін 500 миллиард теңге қаржы бөлінген. Бұл көпбалалы отбасылардың ертеңіне өшпес үміт сыйлады.

Мен тұратын Жамбыл ауданындағы «Нұр Отан» партиясының филиалы аталған мәселелер бойынша бірқатар шараны қолға алып келеді. Мәселен, «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ» жобасы аясында бірқатар көп балалы, тұрмысы төмен отбасыға көмек берілді. Біздің болашағымыз деп сенім артқан балаларымызға барынша жағдай жасап отырған Елбасына, мемлекетіме аналық жүрегіммен алғыс айтамын.

Әлия ӘБСЕМЕТОВА,

тоғыз баланың анасы

Жамбыл ауданы

* * *

БОЛАШАҒЫМЫЗ ЖАРҚЫН. Тәуелсіздігімізді нығайтып, мықты мемлекет құру үшін маңызды реформаларды жүзеге асыру мақсатында «Нұр Отан» партиясының атқарған істері ауқымды.

Елорда төрінде өткен шараны көпшілікпен біз де теледидар арқылы тамашаладық. Мемлекет басшысы съезге  қатысушыларды құттықтап, 20 жылдағы партияның дамуын қорытындылады. Қазақстандықтар үшін тұтас дәуірде жеткен жетістіктерді сөз етті. Ел болашағын жарқын ету жолында құрылған «Нұр Отан» партиясының іргелі саяси күшке айналып, нақты жұмыс көрсеткендігі бәрімізге белгілі.

Елбасы биыл әлеуметтік салаға республикалық бюджет шығынының 45 пайызы жұмсалатынын айтты. Бұл дегеніміз әлеуметтік саладағы бірқатар мәселелер оң шешімін табады деген сөз. Нұрсұлтан Әбішұлының халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында Ұлттық қордан ақша бөлу туралы қабылдаған шешіміне үлкен ризашылығымды білдіремін.Бөлінген қаражаттың дұрыс жұмсалуын тікелей қадағалайтынын жеткізген Президенттің: «Атаулы көмек ең мұқтаж жандарға берілуі керек. Бұл мәселені өзім жеке бақылауда ұстаймын және партиялықтардан қаражаттың расымен тек мұқтаж жандарға берілгенін қадағалаймын», – деген бір ауыз сөзі қарапайым халыққа деген жанашырлығын тағы да дәлелдеді. Көмекке зәру немесе денсаулығы сыр берген жандар аталған көмекке қол жеткізсе, біз, ақ халатты абзал жандар, қолымыздан келгенше медициналық көмек беруге дайынбыз.

Аталған съезд барысында болашақта атқарылатын мақсат-міндеттер анықталып, саяси ұйымның одан әрі жаңғыруына тың серпін беретініне сеніміміз мол. Біз де өз тарапымыздан «Нұр Отан» партиясының болашақта атқаратын жүйелі жұмыстарына барынша қолдау көрсетеміз.

Асхат БҰТАБАЕВ,

Алакөл аудандық орталық ауруханасының директоры