АРДАГЕРЛЕР – АЛТЫН ҚОРЫМЫЗ

Уақыты: 01.03.2019
Оқылды: 1334
Бөлім: МІНБЕР

Көктемнің алғашқы күні, Алғыс айту мерекесімен тұспа-тұс келген «Nur Otan» партиясының құрылғанына 20 жыл толуына орай облыстық партия филиалында өңірдің өркендеуіне үлес қосқан партия ардагерлері марапатталып, 20 адам партия қатарына қабылданды. Салтанатты шарада баяндама жасаған «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев Жетісу жерінде қолға алынған жұмыстардың нәтижесін таныстырды.

Жергілікті өнерпаздардың ән-күйімен әдіптеліп, әсем әуен шырқалған салтанатты шарада «Nur Otan» партиясымен бір жылда дүниеге келген 20 жас мүшелікке қабылданып, партия жұмысының жандануына өлшеусіз үлес қосқан ардагерлерге 20 жылдық логотип бейнеленген арнайы қолсағаттар мен Алғыс хаттар табысталды.
Халықтың әлеуметтік жағдайын ойластырып, Қазақстанның дамуына бағытталған Елбасы тапсырмаларын жүзеге асыруға үлкен үлес қосып келе жатқан «Nur Otan» партиясының орны жайлы партия ардагерлері Айтбай Сейітов,  Қазақстанның құрметті журналисі, партия ардагері Өтесін Құбиев айтып өтіп, естеліктерімен бөліссе, «Құрмет» орденінің иегері, облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Садық Әбдіқадыров пен облыстық «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Еркебұлан Ақболатов нақты істердің қозғаушысына айналған партия мүшелерін айтулы мерекемен құттықтады. 
Жиын аясында партияның мақсат-міндеттерін орындауға елеулі үлес қосқан Іле, Сарқан аудандық филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары Ерболат Тұрымбетов пен Мұрат Түсіпов қошеметке бөленіп, естелік сыйлықтар иеленді.
Салтанатты шара соңы мерекелік концертке ұласты.

Мәди Әсетұлы