21 МЫҢ ТЕҢГЕ ЖӘРДЕМАҚЫ ҚАШАН ТӨЛЕНЕДІ?

Уақыты: 01.03.2019
Оқылды: 1709
Бөлім: МІНБЕР

«Нұр Отан» партиясының құрылғанына 20 жыл толуына орай Астанада өткен партияның XVIII съезінде Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев берген тапсырмалардың орындалу барысы жайлы ҚР Үкіметі селекторлық режимде жиын өткізді. Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев баяндама жасап, аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақының нақты мерзімін белгіледі. Оның айтуынша, аз қамтылған отбасылардың балалары жоғары оқу орнына түскен жағдайда мемлекеттік жәрдемақыны 23 жасқа дейін ала алады.

– Егер ол 1 шілдеге дейін 4 834 теңге болса, 1 шілдеден бастап 20 789 теңгеге жетеді. Ол 18 жасқа дейін төленеді. Егер ол балалар оқитын болса, онда 23 жасқа дейін беріледі. Ата-анасының табыстары күнкөріс айырмашылығын есептегенде күнкөріс деңгейінен төмен болса, онда да оларға қосымша жәрдемақы төленеді, – деген Бердібек Машбекұлы әлеуметтік көмекті тағайындаған кезде халыққа ыңғайлы болуы үшін талап етілетін құжаттар санының азаятынын, ол үшін «Е-халық» жүйесі жұмыс істейтінін, қажетті мәліметтерді жергілікті жұмыспен қамту орталықтары, әкімшіліктер тиісті мемлекеттік органдарға сұрау салып, алатынын жеткізді. Сонымен қатар, мүгедектігі бар балаларға және 18 жастан асқан, бірінші топтағы туабітті мүгедектерге күтім жасап отырған 100 мың азаматтың жәрдем-ақысы 31 183 мың теңгеден 41 578 мың теңгеге өсіп, толық емес көпбалалы отбасылардың үйде жұмыс істеуіне жағдай жасау үшін шағын несие мен гранттар беріледі. Гранттар қатарына шалғай ауылдардағы көпбалалы отбасыларды жұмыспен қамтып, отбасы бизнесін ашуы және табысын арттыруы үшін 500 мың теңгеден 20 миллион теңгеге дейін қайтарылмайтын мемлекеттік гранттар жатады. Одан бөлек, 2019 жылға жоспарланған микрокредиттеу аясында 14 мың микрокредиттің 5 мыңы ауылдық жерлердегі көпбалалы аналар мен мүгедектігі бар адамдар арасында кәсіпкерлікті дамытуға жұмсалады. Соған орай көпбалалы 15 мың отбасы жеке ісімен айналысуға және табысын арттыруға мүмкіндік алады. Көпбалалы аналар мен мүгедек баланы тәрбиелеп отырған аналардың бүгінгі күні сұранысқа ие кәсіптерді меңгеруіне мүмкіндік қарастырылып, қысқа курстар ұйымдастырылады. Осыған орай Премьер-Министрден облыс әкімдеріне қосымша тапсырма ретінде өңірлердегі кәсіпорындар мен белгілі кәсіпкерлердің жағдайы нашар және көпбалалы отбасыларды пәтермен қамтамасыз етуге көмектесуін сұраған Бердібек Сапарбаев көпбалалы отбасылардың тұрғын үй салуына қажетті жер телімін қарастыруды да ұсынды. Оған қажетті бастапқы жарнаның жартысын жергілікті бюджеттен алуды сұраған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінен соң мінберге шақырылған Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова мен Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов білім және денсаулық сақтау салаларында межеленген міндеттердің жоспарын таныстырды. Олардың айтуынша, «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII сьезінде төмен жалақы алатын бюджеттік сала қызметкерлерінің айлығын 30 пайызға көтеруді тапсырған ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына орай биылғы 1 шілдеден бастап мұғалімдер мен мейірбикелердің жалақысы өседі. Бұл сөзді екі министрден кейін мінберге шақырылған Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов растап, жалақысы өсетін мамандардың тізбесі мен жалақыны өсіруге бөлінген қаржының мөлшерін таныстырды. Одан соң Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрі Роман Скляр, Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, Қаржы министрі Әлихан Смайылов өздерінің салаларына қатысты жұмыстарды тізбеледі.
Бұдан соң Премьер-Министр Асқар Мамин өңірлердегі жағдаймен танысу үшін Алматы облысының әкімін микрофонға шақырды. Жетісу жеріндегі жетістіктер мен көрсеткіштердің бәрі де жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық ахуалын арттыра түсетінін әңгімелеген облыс әкімі Амандық Баталов:
– Жалпы облыстың әлеуметтік тұрғыда тұрмысы төмен отбасыларына қолдау көрсету үшін биылғы жылдың бюджетінен 11,4 миллиард теңге қарастырылған. Қазіргі кезде аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға көмек көрсетудің әлеуметтік картасы дайындалды. Оны іске асыру үшін жергілікті бюджеттен қосымша қаржы бөлу туралы шешім қабылданды, – деп атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі жайлы айтып өтті. – Жаңа ғана Бердібек Машбекұлы айтқандай, көмек көрсету тізімі барлық облыстарда бірыңғай болсын деген ұсынысты біз де қолдаймыз. Ол өте дұрыс бастама болар еді. Елбасының «Нұр Отан» партиясының сьезінде берген тапсырмалары мен сол орайдағы өзгерістерге сәйкес облыста атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 11 мың отбасыдан 17 мың отбасыға дейін көбейеді. Мүгедек балаларды тәрбиелеп отырғандар үшін жәрдемақы көлемі 30 пайызға өседі. Қазіргі таңда мұндай 8 мың 108 отбасы бар. Бюджет саласындағы жалақысы төмен қызметкерлердің еңбекақысы 30 пайызға дейін өсіріліп, бұл шара шамамен 65 мың адамды қамтиды. Атқарушы органдардың 2900-ға жуық қатардағы қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға ұлғаяды. Ондай мемлекеттік қызметкерлердің саны 4 мың 327. Президенттің алғашқы дәрігерлік көмекті жақсарту туралы тапсырмасы біз үшін ерекше маңызды. Себебі, облыс халқының 80 пайызы ауылда тұрады. Жыл сайын 7-8 дәрігерлік амбулатория мен медициналық пункт салынып отыр. Соның өзінде әлі 97 елді мекенге дәрігерлік орталық салынуы керек. Қазір 14 жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайын тұр, қаржы бөлінген жағдайда құрылыс бастауға дайынбыз, – деді Амандық Ғаббасұлы.
Елбасы межелеген міндеттердің ішіндегі басқа бағыттар бойынша дайындықтың тас түй-ін екенін жеткізген Амандық Ғаббасұлынан кейін Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов, Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов кезекпен сөз алып, атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін таныстырды. Жиын соңында «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов, Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова өз ойларын ортаға салды. Селекторлық жиынды қорытындылаған Асқар Мамин алдағы күндерге жоспарланған тұрмысы төмен отбасылардың жағдайын жақсарту жұмыстарын бірлесе әрі тиімді атқару керектігін ескертті.

Мәди АЛЖАНБАЙ