ТАЛДЫҚОРҒАНДА ЖЕТІ АДАМ ПАРТИЯДАН ШЫҒАРЫЛДЫ

Уақыты: 26.03.2019
Оқылды: 1586
Бөлім: МІНБЕР

«Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтіп, Қаратал ауданы мен Талдықорған қаласы әкімдігінің есебі тыңдалды.

Отырысты «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Серік Мұқанов ашып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы жайында қысқаша баяндап, күн тәртібіне қойылған мәселеге тоқталды.

– Бүгін қаралатын тақырып «Нұр Отан» партиясының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015-2025 жылдарға арналған бағдарламасының Қаратал ауданы мен Талдықорған қаласында орындалуы және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауының 4-бөлігінде айтылған азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат құруды жүзеге асыру жайында болмақ, – деген Серік Мейірханұлы кеңес отырысына қатысқан әкім орынбасарларына сөз кезегін берді.

Қаратал ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Қасымов өз баяндамасында былтыр өңірде жемқорлыққа қарсы өткізілген іс-шараларға тоқталып, жоспарға сәйкес шағын және орта бизнес өкілдерімен қоғамдық қабылдаулар мен семинарлар, «дөңгелек үстел» мен флешмобтар өткізілгенін, оған 850-ге жуық адам қатысқанын атап өтті. Акция бойынша алты жүзге жуық шағын кітаптар шығарылып, буклеттер таратылған, жеті баннер орнатылып, бұқаралық ақпарат құралдарында 31 мақала жарияланыпты.

– 2015-2018 жылдар ішінде мемлекеттік қызметкерлер қатарынан 22 басшы мен 18 маман тәртіптік жазаға тартылған. Алматы облыстық Әдеп кеңесінің шешімімен 4 мемлекеттік қызметкерге, атап айтқанда әкім орынбасарына, аудандық әкімшілік аппаратының заңгері мен екі бөлім басшысына ескерту берілген, – деген Қайрат Саханұлы ауданда қызметінен алынғандардың себептерін баяндап өтті. Одан соң сөз кезегін алған Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Талғат Қыдыралиев атқарылған іс-шаралармен қоса қала әкімі аппаратында өткен құқықтық оқыту шарасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы оқып-үйренуге екі сабақ арналғанын атап өтті.

– Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, мемлекеттік үлесі бар ұйымдардың басшыларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша тікелей міндеттер жүктелді. Мемлекеттік қызметтердің 23,6 пайызы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы және «Электрондық үкімет» порталы арқылы электронды үлгіде көрсетіледі. Бұл парақорлық көріністерінің алдын алуға ықпал етіп, деңгейін төмендетеді, – деген Талғат Сайлаубекұлы парақорлыққа қарсы белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Қоғамдық кеңес төрағасы Серік Мейірханұлының айтуынша, биыл қала бойынша 19 адамның ісі қаралып, жетеуі партиядан шығарылды. Сол себепті кеңес төрағасы Т. Қыдыралиевке мекемелерге рейд жасауды тапсырды.

Жиын соңында Қоғамдық кеңес қаулысының жобасы қабылданды.

Әсем ЖҰМАҚАН