БАҒДАРЛАМА ИГІЛІГІН БОЛАШАҚТА КӨРЕМІЗ

Уақыты: 30.03.2019
Оқылды: 1608
Бөлім: МІНБЕР

«Nur Otan» партиясының облыстық филиалында «Мирас» аймақтық қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Басқосуда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін Астанаға беру туралы ұсыныс талқыланды.

 

Биыл - «Nur Otan» партиясының құрылғанына 20 жыл. Осы уақыт ішінде халық сеніміне ие болып, беделді саяси ұйымға айналды. Ендігі меже – 2030 жылға дейінгі мерзімге арналған «Бақуатты қоғам: 10 жылдыққа 10 мақсат» бағдарламасын жүзеге асыру. 

Жиынды партияның облыстағы филиалының Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Ермек Келемсейіт жүргізіп отырды. Алғашқы болып мінберге көтерілген «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев: "Әлемнің белгілі, беделді саясаткерлері Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы және жаһандық, өңірлік бейбіт бастамалардың авторы есебінде біледі. Астананың өзіндік архитектуралық стилі қалыптасты, көптеген зәулім ғимараттар бой көтерді. Астана туристік дестинацияға айналды. Бұл жетістіктер Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасымен стратегиялық тұрғыда жоспарланып, жүзеге асты. Осы ретте Астананың атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту, бір жағынан, Елбасының еңбегіне лайықты құрмет көрсету болса, екіншіден, Елбасы саяси бағытының сабақтастығының кепілі болып табылады", – дей келе бірқатар ел астаналарына белгілі тұлғалардың есімі берілгенін мысалға келтірді. 

Одан кейін сөз алған «Мирас» аймақтық қоғамдық кеңесінің төрағасы Нүсіпбай Әбдірахым өткен кезең мен бүгінгі күнді салыстырып өтті. 
– Бәрі салыстыру арқылы келеді. Осы 30 жылдың ішінде қандай керемет дүниелер жүзеге асты. Естеріңізде болса, алғаш «Қазақстан – 2030» бағдарламасы қабылданғанда онда көрсетілген жайттардың жуық арада орындала қоятынына күмәнмен қарадық. Ал шын мәнінде шетінен бәрі орындалды. Мәселен, сол жылдары бұдан былай жалақы, зейнетақы уақытында беріледі дегенде сенбедік. Ол уақытта жалақы мен зейнетақыны 4-5 ай кешіктіріп беру түк те емес еді. Ал қазір ше?! Бүгінде оның бәрі көрген түстей. Уақыт өткен сайын жағдайымыз жақсарып келеді. Ал «Nur Otan» партиясының жақында өткен съезінде қабылданған бағдарламаның игілігін алдағы уақытта көреміз. Аз уақыт ішінде тамаша жетістіктерге жеткізген Елбасы есімінің астанамызға берілгенін қолдаймыз, – деді ол.

Мінберге шығып сөйлеген Рахат Ибрайымова, Ақтолқын Искакова, Аманжол Жазықбаев, Еркебұлан Ақболатов сынды белсенділер де Астана атауының Нұр-Сұлтан болып өзгеруін қолдайтындықтарын айтып өтті. Бұл шешімді жиналғандар да қолдады.

Серік ҚАНТАЙ