АУЫС-ТҮЙІС: ТӨРАҒА ОРЫНБАСАРЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Уақыты: 04.04.2019
Оқылды: 1453
Бөлім: МІНБЕР

Сарқан ауданы әкімдігінің мәжіліс залында өткен «Nur Otan» партиясы филиалының актив отырысына облыстық филиал төрағасының орынбасары Серік Нұрқадыров және партия ардагерлері, белсенділері, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары мен бастауыш партия ұйымдарының төрағалары қатысты.

Отырысты жүргізіп отырған аудан әкімі, партияның аудандық филиалының төрағасы Марат Разбеков жиналғандарды күн тәртібімен таныстырды. Жиында «Nur Otan» партиясының кезекті XVIII съезінде партия Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алға қойған міндеттері мен тапсырмалары негізінде «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламасын, партия Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді талқылау туралы» облыстық партия филиалы төрағасының орынбасары Серік Нұрқадыров баяндама жасап, алдағы онжылдықта атқарылатын 10 мақсатқа қысқаша тоқталып, партия Жарғысындағы өзгерістер мен толықтыруларды таныстырды.

Жиынның күн тәртібіндегі «Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астана қаласының атауын «Нұр-Сұлтан» деп өзгерту туралы ұсынысын қолдау туралы» мәселе бойынша сөз алған партия ардагері Күлшарбан Қалиева қос палата депутаттарының мақұлдауына ие болған тарихи шешімнің заңдылығын атап көрсетті. Одан бөлек, ұйымдық мәселе қаралған жиында модератор Марат Мелісұлы аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған Мұрат Түсіповтың еңбек демалысына шығуына орай облыстық партия филиалының төрағасы Амандық Баталовтың келісімімен партия филиалының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаевтың  биылғы 15 наурыздағы №29 жқ бұйрығына сәйкес Аслан Кубентаевтың филиал төрағасының бірінші орынбасарлығына тағайындалғандығын жеткізіп, Аслан Нұрахметұлын ресми таныстырды.

Жиында Сарқан ауданының Құрметті азаматы, облыстық мәслихат депутаты Жамал Құлахметова сөз алып, құрметті еңбек демалысына шыққан Мұрат Төлеуұлын қуанышты күнімен құттықтап, филиалдың бірінші орынбасарлығына тағайындалған Аслан Нұрахметұлының алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Мағыналы ғұмырының биік бір белесіне жеткен Мұрат Төлеуұлына аудан басшысы ізгі тілегін арнап, иығына шапан жапты. Жиын соңында Сарқан ауданының Құрметті азаматы, аудандық мәслихат депутаты Мұрат Түсіпов аудандық партия филиалының жаңа басшылығына табыс тілей отырып, партияластарына алғыс білдірді.

Жомарт ИГІМАН
Сарқан ауданы