"NUR OTAN": ЖАҢА ТӨРАҒА САЙЛАНДЫ

Уақыты: 19.04.2019
Оқылды: 1446
Бөлім: МІНБЕР

«Nur Otan» партиясы Талдықорған қалалық филиалының кезектен тыс ХХІХ конференциясы өтті. Онда қалалық филиал төрағасы және мандат, редакциялық, санақ комиссиялары мен хатшылық құрамы сайланып, облыстық филиал конференциясына қатысатын делегаттардың есімі аталды.

Биыл «Nur Otan» партиясының құрылғанына – 20 жыл. Осы аралықта ұйым көптеген игі істерді қолға алды, жүзеге асырды. Жиынға 28 бастауыш ұйымнан сайланған 107 делегаттың 98-і қатысты.

Мінберде сөз алған мандат комиссиясының төрағасы, журналист Алмат Хамитов: "Делегаттардың көбі жоғары білімді. Құрамда 3 ғылым докторы, 9 ғылым кандидаты бар. Конференция құрамы бұрынғымен салыстырғанда жастармен толықты. Мәселен, «Жас Отаннан» 6 партия мүшесін қабылдап алдық. Ал делегаттыққа 40 жасқа дейінгі 35 адам, 40-50 жас аралығында 35 адам, 50 жастан жоғары 37 адам мүше. Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүктеген тапсырмаларын абыроймен істейді деп сенемін, - деді.

Сондай-ақ, «Nur Otan» партиясы Талдықорған қалалық филиалының Саяси кеңесі құрамына шаһар әкімі және конференция өткен күннен бастап қалалық филиал төрағасы лауазымына Ғалымжан Әбдірайымов сайланса, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақшабай Керімбеков мүше болды. Отырғандар бір ауыздан қолдау танытты.

Серік ҚАНТАЙ