ЕЛБАСЫ: "МЕМЛЕКЕТТІ БАСҚАРУҒА ЖАҢА БУЫН КЕЛЕДІ"

Уақыты: 24.04.2019
Оқылды: 1082
Бөлім: МІНБЕР

Сейсенбіде Нұр-Сұлтан қаласының ажарын асырып тұрған ғимарат – Тәуелсіздік сарайында «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХІХ съезі өтті. Саяси шараға партия Төрағасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, сондай-ақ, халық қалаулылары, түрлі мекеме басшылары, әр аймақтан келген делегаттар қатысты. Мәні зор басқосуда алдымен сөз алған Елбасы айдан астам уақыт қалған Президент сайлауына жарқын бастамаларды ары қарай жалғастыратын, мемлекет басқаруға бірден-бір лайықты азамат ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды. Съезд мінберінде жалынды сөз сөйлеушілер партия атынан ұсынылған кандидатқа бірауыздан қолдау білдіріп, тәуелсіздік белесінде ел абыройын асқақ еткен елеулі оқиғаларды, әлеуметтік-экономикалық, тарихи-мәдени жобалардың аз жылдағы жемісін қайта парақтады.

Жиынды партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев жүргізді. Күн тәртібіндегі мәселелерді таныстырған ол съезге 623 делегат қатысып отырғанын жеткізіп, алғашқы сөз кезегін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа берді. Еліміздің Тұңғыш Президенті мемлекет басқару ісінде жаңа буын алмасатын уақыт келгенін, бұл бағыттағы өзгерістерге тек қолдау танытып, жағдай жасау қажеттігін алға тартты. Тәуелсіздік шежіресіне көз жүгіртсек, өткен ғасырдың соңғы онжылдығы Қазақстан халқына оңай тиген жоқ. Сырт көз экономикалық дағдарыста тұрған жас мемлекетте ұлтаралық шиеленіс пен қақтығыс орын алатынына бек сенімді еді. Бірақ уақытша қиындықты ауызбіршілікпен еңсерген еліміз әлемге бейбітшіліктің үлгісін көрсетті. Бір сөзбен айтқанда, Елбасының алдымен экономикаға мән беріп, содан кейін саясатқа ден қойған ұтқыр ұстанымы іс жүзінде дәлелденді. Халықтың әл-ауқаты артып, табысы еселенді. Білім, медицина, мәдениет саласында жоғымыз түгенделіп, әлемдік озық технологияларға қол жеткіздік. Партия Төрағасы ел бірлігінің арқасында жеткен осындай нәтижелерге тоқталып, достық пен татулықтың ұйытқысы болып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы жайлы әңгіме өрбітті.

- Мен Төраға болып қала беретін Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында атқаратын жұмыстар көп. Қоғамдық келісім мен ұлтымыздың бірлігін нығайту үшін ісімізді жалғастыра береміз. Қауіпсіздік Кеңесін басқара отырып, мен өзімнің көпжылдық тəжірибемді ішкі жəне сыртқы саясатты анықтап, елімізді дамытудың бірқатар негізгі мəселелерін шешуге бағыттаймын. Мен бұрынғысынша ең ірі «Nur Otan» саяси партиясының Төрағасы болып қала беремін, - деді Елбасы.

Тұңғыш Президент өз сөзінде осыған дейін жүктелген жаңғыртулар мен бағдарламалық міндеттер ары қарай жалғасын табатынын, тұрғындар тең құқылы, демократиялық құндылықтарды берік ұстана отырып өмір сүре беретінін айтты. Әсіресе, партияның «Құтты мекен», «Бақытты отбасы», «Ауыл – ел бесігі», «Халыққа көмек» жобалары аясында әрбір қазақстандық қамқорлықты сезінуі тиіс. Сонымен бірге, ел ішіндегі саяси бағыт-бағдардың сақталуына да партия кепіл болмақ. Бұдан кейінгі сөзінде Елбасы Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер ретінде ұсынып отырғанын атап өтіп, оның ел дамуына сіңірген еңбегін сөз етті.

- Қасым-Жомарт Тоқаев менімен бірге тəуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап қызметтің түрлі саласында жұмыс істеді. Ол – ұзақ жыл Сыртқы істер министрлігіне жетекшілік етіп, Қазақстанның сыртқы саясатын бірге қалыптастыруға атсалысқандардың бірі. Оның дипломатиялық дəрежесі шетелде жоғары бағаланады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары болғанын жəне тəжірибелі мемлекет саясаткері екенін жақсы білесіздер, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы сөзін ары қарай сабақтап. – Еліміздегі билік сабақтастығын жалғастыру Ата Заңымызға толық сәйкес келеді. Екі апта бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс сайлау өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл – жан-жақты ойластырылып жасалған қадам. Қасым-Жомарт Кемелұлы – әрбір іске зор жауапкершілікпен қарайтын мемлекет қайраткері. Ол айқын саясат жүргізудің  қаншалықты маңызды екенін жақсы біледі. Халықаралық аренадағы серіктестеріміз үшін де мұның мәні зор. Біз бүкіл әлемге демократиялық даму жолын таңдағанымызды көрсеттік. Президенттік өкілеттігімді тоқтатқан соң, бірқатар елдердің басшыларымен сөйлестім, көпшілігінен хаттар келіп түсті. Солардың бәрі билікті берудің өзіндік үлгісін жүзеге асырып жатқанымызға құрметпен қарайтынын жеткізді. Ең алдымен, алдағы Президент сайлауы халқымызды биік мақсаттарға жұмылдыруға тиіс. Еліміз үшін тұрақтылық пен татулықтан артық ешнәрсе жоқ. Тыныштықта өмір сүріп, алаңсыз еңбек еткенге, бақытты ұрпақ тәрбиелегенге не жетсін?! Міне, ең бастысы – осы.

Ғалиасқар САРЫБАЕВ,
«Nur Otan» партиясының Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

– Кемел келешегіміздің кепіліне айналған еліміздің бас партиясының бүгінгі күні өз елінде ғана емес, шет мемлекеттерде де бекемделіп, тұғыры айқындалды. «Nur Otan» – халықтың сенімі мен мүддесінен шыға білетін саяси күш, елдегі тұрақтылық пен тыныштықтың  сақшысы болып отыр.
Бірлік пен тұрақтылықтың символына айналып, қоғам мен билік арасын үйлестіруші бірден-бір ірі саяси ұйым қызметін атқарған партияның алдағы 10 жылдыққа қойған басты мақсатының бірі – әлеуметтік саланы жақсарту, халықтың тұрмыс жағдайын көтеру жолында еңбек ету.
Сол себепті, Нұр-Сұлтан қаласында өткен партияның кезектен тыс ХІХ съезінде ҚР Президенті сайлауына «Nur Otan» партиясынан кандидат ретінде ұсынылған Қасым-Жомарт Тоқаевтың есімі күллі әлемге танымал тұлға екендігін айтқымыз келеді. Жетісу жұртшылығының алда өтетін Президент сайлауына белсенділікпен қатысатындығына сенім білдіріп, егемен елдің өркендеуіне азамат ретінде өз үлесімізді қосатындығымыз анық. Осыған орай «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХІХ съезі алдағы жауапты саяси науқанға айқын бағыт-бағдар болатыны белгілі. Съезд шешіміне қолдау таныта отырып, еліміздің өркендеуі жолында барлық стратегиялық бағдарламалардың жүзеге асырылуы жолында тынбай еңбек етпекпіз. Соған сай партия басшылығы алға қойған міндеттерді атқару жолында нұротандықтардың іскерлігі мен білімі сыналатын сәт туды.
– Ұлт көшбасшысы сеніп тапсырған әр бастаманы нақты іспен дәлелдеп, ұлтымыздың ұйысуын, күш-жігеріміздің бір арнада тоғысуын қамтамасыз етіп, артылған сенімді ақтау жолында аянбай еңбек етеміз!

 

Ермек КЕЛЕМСЕЙІТ,
облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы:

– Ұлы өзгерістерге жол ашқан мерейлі сәтті барша қазақстандық асқан ыждағаттылықпен тыңдадық. Тәуелсіз мемлекетіміздің мәртебесі күннен-күнге асқақтап бара жатқанына тағы да бір мәрте көз жеткіздік. Еліміздің жетістігі бүгінде алты Алашқа аян. Бұл – Тұңғыш Президенттің елеулі еңбегі екенін атап өткен жөн. 
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа зор сенім білдіріп, жауапкершіліктің ауыр жүгін артып, ел болашағы жолында аянбай еңбек етеді деп «Nur Otan» партиясы атынан ұсынғанын  бірауыздан қолдаймыз. Елбасының да Тоқаевты таңдауы бекер емес. Тұңғыш Президенттің сенімді серігіне айналған ол ел басқарудың қыр-сырын жақсы меңгерген.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық құрылымда Бас хатшының орынбасары ретінде қызмет етіп, дипломатиялық жетістіктерімен қатар мемлекеттік басқару саласында мол тәжірибе жинады. Ол ел дамуының ең күрделі кезеңінде Қазақстан Үкіметін басқарып, сыртқы саясатты кәсіби деңгейге көтеруге күш салып, басқа елдермен қарым-қатынастарда ұлттық мүддені қорғауға мән берді. 
Қазақстан Республикасы Президенті міндетін атқарғалы Қасым-Жомарт Тоқаев біраз мәселенің басын қайырып үлгерді. Ол мемлекеттің өсіп-өркендеуі жолында адалдық пен шыншылдықты басты назарға алды. Жұмысқа қатысты қойған темірдей тәртібі мен талабына көпшілік разы болды. Бұл – Елбасы салған сара саясаттың жалғасы. 
«Мен дәстүр сабақтастығын сақтай отырып, игілік және әділет жолын ту етіп, қарқынды дамуды жалғастыруға бар күшімді саламын», – деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірауыз сөзі барша қазақты жігерлендірді. Елбасы мен ел бірге болғанда ғана мемлекет табысқа жететінін естен шығармайық. 

Қалмұхамед Дөңсебаев,
облыстық мәслихат депутаты, «Жетісу» әуекомпаниясы» АҚ-ның президенті:

– Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз еркімен өкілеттігін тоқтатып, орнына Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырғалы бері ел ішінде түрлі әңгіме өрбіді.
Әрине: «Тәуелсіздігімізді жария еткеннен кейінгі 30 жылға жуық уақыт ішінде алыс-жақын шет мемлекеттермен достық қарым-қатынас орнатып, елдің әлеуеті мен халықтың тұрмыс-жағдайын жақсартуға баса назар аударған, Қазақстанды бүкіл әлемге танытқан Нұрсұлтан Әбішұлының дара да, сара саясатын жалғастыратын кім болады?» – деген сауал әрқайсымызды алаңдатқаны анық.
Міне, «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХІХ құрылтайында Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл түйінді мәселеге қатысты өз ойын білдірді. Ол 627 делегатпен бірге еліміздегі еңбек етіп жүрген шет мемлекеттер елшілерінің алдында Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын Президенттікке ұсынатынын мәлімдеп, барша қауымды осы бастаманы қолдауға шақырды.
Елбасының бұл ұсынысы көпшіліктің көңілінен шыққанын құрылтайға қатысып отырған жұртшылықтың қошеметінен аңғаруға болатын еді. Cебебі, Қасым-Жомарт Кемелұлы тәуелсіздіктің алғашқы қадамынан бастап, бүгінге дейін жүріп өткен жолымыздың көш басында келеді. Атап айтар болсақ, қазақ деген елдің бар екенін біле бермейтін шет мемлекеттерде бірде-бір елшілік жоқ кезде Елбасымен қатар жүріп, дипломатиялық үрдісті қалыптастыруға атсалысқанын көзіміз көрді. Жаңадан ірге көтерген балғын мемлекет үшін ауыр экономикалық кезеңдер келгенде үкіметті басқарып, тығырықтан алып шығуға да өз үлесін қосты. Әлемдегі экономикалық, гуманитарлық, әлеуметтік және саяси мәселелерді шешетін бірегей бірлестік – Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары қызметін де абыроймен атқарып шыққан болатын. Осы аталған қызметтердің барлығында Қасым-Жомарт Кемелұлы жан-жақты білімді азамат, аса дарынды дипломат, салмақты саясаткер әрі мемлекет қайраткері ретінде өзін таныта білді. 

Тұңғыш Президент қазақстандықтардың тарихи кезеңде береке-бірлік сақтайтынына сенім білдірді. Жаңа басшылық халық сеніміне ие болып, елімізді белгіленген стратегиялық жоспарға сәйкес алға жетелейтінін айтты. Сондай-ақ, егер сайлаушылар «Nur Otan» партиясының кандидатына қолдау білдірсе, бағыт-бағдарымыздың дұрыстығын тағы бір мәрте дәлелдейтінімізді жеткізді.       

Елбасы сөз арасында республикалық қоғамдық сайлау штабының жұмысын үйлестіру керектігін, азаматтардың барлық санатымен қоян-қолтық жұмыс жүргізудің маңыздылығын тілге тиек етті. Сөзінің соңында азаматтардың бір-бірін сыйлауы тұрақтылықтың мәңгі кепілі болатынын алға тартты.

Партия Төрағасының сөзінен кейін мінберге көтерілген қоғам қайраткері, ұзақ жыл шетелде Елші қызметін атқарған Әділ Ахметов кеңес күйрендісінен қайта түлеген қазақ елі тұрақты даму жолына түскенін, Қасым-Жомарт Кемелұлымен ширек ғасыр үзеңгілес жұмыс істегенін, халықаралық аренада оның беделі өте жоғары екенін мәлімдеді. Ал Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Қазақстан экономикасына сүбелі үлес қосқан алпауыт компанияларды, инвестициялық жобаларды, мұнай-газ өндірісінің елге тигізген пайдасын әңгімелеп, Тұңғыш Президенттің бастамасымен қабылданған мемлекеттік бағдарламалар талай тұрғынның қуанышын еселегенін жеткізді. Келесі кезекте сөз алған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Аронова: «Тұңғыш Президент əрқашанда халқымен бірге болып, өзінің дана шешімдерімен бізді қолдап отыратынына сенімдімін. Оның дұрыс та тапқыр шешімдері Қазақстанның көркейе түсуіне əлі де қызмет ететін болады», – деді. Оның айтуынша, Елбасының елді басқаруға емес, қызмет етуге бағыттайтын ұстанымдары барлық партияластарға үлгі-өнеге. Қазақстанның Еңбек Ері, жетісулық жерлесіміз, спорт ардагері Жақсылық Үшкемпіров: «Тұңғыш Президентіміздің қашанда парасатты шешім шығаратын асқақ тұрпаты мен қабілетіне ел болып сүйсінеміз. 19 наурыз күні президенттік өкілеттікті тоқтатуды ұйғардыңыз. Осынау асыл ойыңыз алты Алаштың жүрегін толқытты», – дей келе, Жетісу өңірінің спорттағы, ауылшаруашылығындағы жетістіктерін таныстырып өтті. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов те жаңа кандидаттың Елбасы бастамаларын ары қарай жалғастыратынына сенім білдірді.

«Aıqyn» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп жауапты кезеңде жиналған ел-жұртқа Сарыарқа төсінде астанамыздың салынғанын, шекара шегенделіп, ел іргесінен ши де, шу да шықпайтын мамыражай өмір орнағанын айтты. «Бүгінгі қазақ журналистикасы – қоғамдағы татулық пен тұрақтылықтың, береке мен бiрлiктiң ұйытқысы. Əсіресе, қазақтілді басылымдар – ұлттық тəуелсіздіктің шынайы жанашырлары. Қиналғанға – демеу, мұңайғанға медет болды. Бір заманда Наполеон: «Журналистер – күңкілдек, сыншы əрі кеңесші. Мыңдаған жау əскерінен гөрі, жат пиғылды төрт газеттен көбірек қорқу керек», – деген екен. Біздің ұлттық журналистика ешқашан жат пиғылды бола алмайды! Елдік пен мемлекеттік идея, ұлттық тəуелсіздік мəселелері басты басымдық бола береді», – деді ол.

Жарыссөз аяқталған соң барлық делегат Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын бірауыздан қолдап, қол көтерді. Съезд соңында 9 маусымда өтетін кезектен тыс Президент сайлауына үміткер Қасым-Жомарт Тоқаев сөз алып, кандидатурасын ұсынған Елбасына шын жүректен алғыс айтты.

- Мемлекетіміздің негізін қалаған ұлы тұлғаның маған артқан жауапкершілік жүгін бүкіл болмысыммен сезінемін. Сондықтан, сенімге серт беріп, үлкен үміттің үдесінен шығу үшін бар қажыр-қайратымды жұмсаймын, - деген Қасым-Жомарт Кемелұлы партия Төрағасының 19 наурыз күні жасаған тарихи Үндеуінен үзінді келтірді. Елбасының: «Тəуелсіз Қазақстанымызды, ортақ Отанымызды, Мəңгілік Елімізді сақтай біліңдер», – деген сөзі бойтұмардай берік ұстанымы болатынын, Елбасы аманаты биік белестерге жетелейтінін, кешегіні ұмытпай, келешекті ұлықтау – киелі тəуелсіздік алдындағы басты парызымыз екенін тебірене әңгімеледі. Сөзінің соңын Қ.Тоқаев: «Мен дəстүр сабақтастығын сақтай отырып, игілік жəне əділет жолын ту етіп, қарқынды дамуды жалғастыруға бар күшімді саламын», - деп аяқтады.

Шара отаншылдық рух беретін әйгілі «Елім менің» әнімен түйінделді. Әр қазақ жатқа шырқайтын туындыны Елбасы, ән сөзінің авторы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі тебіреніспен тыңдап тұрды. Байтақ елдің брендіне айналған музыкалық сәлемдемені ән авторы Бекболат Тілеухан бастаған өнерпаздар орындап, съезге қатысушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

​Қуаныш ТҰНҒАТАР

Фото - Дмитрий ЕРОФЕЕВ

Нұр-Сұлтан қаласы