СЕНІМГЕ САЙ ТҰЛҒА

Уақыты: 12.06.2019
Оқылды: 1523
Бөлім: МІНБЕР

Ел көшін бастаған Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз мемлекеттің шаңырағын көтерді, іргесін бекітті. Қазақтың Ұлы Даласында тыныштық орнап, халқының өнері өрлеп, өмірі төрледі. Елбасымен бірге жүріп, қазақтың болашағын ойлаған Қасым-Жомарт Кемелұлының адалдығы, елге, жерге деген сүйіспеншілігі әділдік айдынында тектілік тұрғысынан бағаланды. Бұл – қазақ ұлтына тән құндылық.

Қасым-Жомарт Тоқаевты сенім артқан қазақстандықтар ел Президенті етіп сайлады. ҚР Президенті сайлауы таза, ашық әрі әділ өтті. Халықтың басым көпшілігі «Нұр Отан» партиясының үміткеріне қолдау көрсетті. Тәуелсіз еліміздің болашағына сенім білдірген әрбір азамат өз таңдауын жасады. Бұл - еліміздегі саясаттың мәдени жолға түскендігі.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өткізген баспасөз конференциясына барып қайттым. Онда Мемлекет басшысы халыққа, сайлауға қатысқан әрбір азаматқа үлкен алғысын білдіріп, Елбасының сындарлы саясатын жалғайтынын тілге тиек етті. Бұл – еліміздегі тыныштық сақталып, салиқалы саясат қалыптасады, шегарамыз берік, халықтың әл-ауқаты жақсарады деген сөз. Сонымен қатар, бизнесті бюджеттің есебімен емес, инвестиция тарту арқылы дамытатынын, ел болашағы – жастарға көңіл бөлетінін, жалпы ел еңсесінің биік болуы үшін, Қазақстанның дамуы үшін барын салатынын айтты. Президеніміздің игілік баршаға, сабақтастық, өрлеу атты көкейкесті әрі өзекті тұғырнамасы киелі қазақ елін өрлететініне бек сенемін.

Дана халқымыз: «Біреудің бойлап өскенінен бүкіл елдің қаулап өскені артық», – дейді. Аманшылық болса, біз соның куәгері болатынымыз айқын.

Наурыз ҚЫЛЫШБАЕВ,

Алматы облысының Құрметті азаматы