КӨП КӨКЕЙІН ТЕРБЕДІ

Уақыты: 12.06.2019
Оқылды: 1480
Бөлім: МІНБЕР

Күллі әлем назар тіккен қазақ еліндегі соңғы уақыттағы саяси оқиға – Президент сайлауының нәтижесін білуді әркім қалағаны анық. Соған орай Нұр-Сұлтан қаласында өткен салтанатты рәсімге еліміздің барлық өңірі мен аймағындағы жұртшылық тегіс көз салды деп сенемін.

Тәуелсіздік сарайында өткен салтанатты рәсімге жиналған көпшілік ҚР Конституциялық кеңесінің төрағасы Қайрат Мәмидің ықыласынан соң мінберге көтерілген Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ант беру рәсіміне куә болды. Конституцияға қол қойып, адал әрі әділетті қызмет етуге уәде еткен Президентке куәлігін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев ресми түрде тапсырды. Одан соң салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Қазақстан Респубилкасының Президенті еліміздің өркендеуі жолында аянбай еңбек ету үшін атқаратын жоба-жоспарын таныстырып, мемлекеттік қызметке керек әділеттілік, адалдық, ашықтық, шынайылық сынды қасиеттерге басымдық берілетінін ұғындырды.

Қарапайым халықтың көкейін тербеген әділдіктің ақ туы асқақтайтынын, сыбайлас жемқорлықты түп-тамырынан құрту үшін бар мүмкіндік жұмсалатынын айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлы ең алдымен халықтың әл-ауқатының артуы, әлеуметтік мәселелердің дұрыс шешілуі, тұрмыстық теңсіздікті болдырмау секілді аса өзекті мәселелердің түйіні тарқатылатынын жеткізді. Халық пен биліктің арасындағы диалог пен ымыраның өркендеуі қажеттігін алға тартып, көпшілікті қазіргі ұрпақтың талабы мен тәртібін реттеудің жолын бірлесе атқаруға шақырды. Бір сөзбен айтқанда, көпшіліктің көкейін тербеген жайттарды дұрыс шешу жолында аянбай еңбек ету керектігін озық ойлы саналарға сіңіргені белгілі.

Ендеше, бір жеңнен қол бір жағадан бас шығарып, белін буған азаматтың алдынан кездесер қиындық пен ауыртпалықты бірлесе шешуге үлес қосайық, ағайын!

Аманғазы ШЕГІРОВ,

Алматы облысының Құрметті азаматты