"МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ МІНСІЗ БОЛУЫ ТИІС": ПАРТИЯ ӨКІЛІ МАҚАЛА ЖАРИЯЛАДЫ

Уақыты: 03.07.2019
Оқылды: 1656
Бөлім: МІНБЕР

Мемлекеттік қызмет қашанда мінсіз болуы тиіс. Себебі, елдің ертеңі мемлекеттік қызметшілердің бүгінгі жұмысына тікелей байланысты. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік қызметші билік пен халық арасын жалғайтын алтын көпір.

Қазіргі таңда еліміздің алдына қойған мақсаты – озық отыз елдің ортасынан өз орнын табу. Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев осы мақсатқа жету үшін халқымызды ортақ мүддеге жұмылдыратын «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын ұсынған болатын. Бірінші 15-қадамы кәсіби, дербес мемлекеттік аппаратты қа-лыптастыруға арналған. Бұл дегеніміз, мемлекеттік қыз-метте адал, талантты, өз ісін жетік білетін азаматтардың қызмет етуі.

Мемлекеттік қызметтің сапасын көтеруге ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та баса назар аударып отыр. Білікті мемлекеттік қызметшілер корпусын жасақтау – бүгінгінің басты міндеті. Соған орай әрбір басшының басқарудың барлық сатысынан өтуі керектігі көптен бері айтылуда. Ол үшін азаматтардың құқын құрметтейтіндей және заңды мүдделеріне қызмет ететіндей тиімді модельді қалыптастыру керек.

Негізгі талап – қызметтік әдепті сақтау. Мемлекеттік қызметкердің мансаптық жоғарылауы да тек конкурстық негізде жүзеге аспақ. Бұл ретте біліктілікпен қатар төменгі лауазымдағы жұмыс өтілі де талап етіледі.

Мемлекеттік қызметшілер басқа жерге ротациямен ауы-сар кезде жекешелендіру құқығынсыз мемлекеттік тұрғын жаймен қамтамасыз етіледі. Сонымен бірге, мемлекеттік қызметкер үшін нәтижелілік бойынша еңбекақы жүйесі енгізіледі. Мемлекеттік қызметшілерге қызметтік әдепті сақтау жөнінде қойылатын негізгі талаптар да көзделеді. Бұл ретте әдептік мінез-құлық шеңбері мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінде бекітіліп, оның сақталуын бақылауды Әдеп жөніндегі уәкіл жүзеге асырады. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметшілерді кешенді кезектен тыс аттестаттаудың заңнамалық негіздері бекітілді.

Барлық мемлекеттік қызметшілерді еліміздің гүлденуі жолында аянбай тер төгіп, қоғамға жат мінез-құлыққа жол бермеуге, халық игілігі үшін жауапкершілікпен қызмет атқаруға шақырамын.

Ғалиасқар САРЫБАЕВ,

«Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары,

Әдеп жөніндегі кеңес мүшесі