НҰРТІЛЕУ ИМАНҒАЛИҰЛЫ МИЛЛИОНЕР АТАНДЫ

Уақыты: 15.07.2019
Оқылды: 1868
Бөлім: МІНБЕР

Оның ныспысын атай қалсаңыз жұртшылық «Бай-қуатты болайық па?», – дейді бірден сөзіңізге тұздық қосып. Танымал тележурналистің болмыс-бітімі осы ұғыммен астасып кеткендей көрінеді кейде. Өзі де табиғатының нақ сол тіркеске телінгенін теріс көрмейтін секілді. Себебі, кейінгі жас тележурналистер оған еліктеп, бағдарламаны аяқтаған сәтінде соңғы сөзін өздерінше түйіндеп қоштасатын болды. Қай-қайсысы да көрерменіне ұнаудың сан тәсілін меңгерген. Десе де соның бәрі бәсі мен десі биік Нұртілеу Иманғалиұлының «Бай-қуатты болайығының» жанында жіп есе алмайды.

Шынымен де осы бір құлаққа жылы естілетін сәтті тіркестің оның қоштасу тілегіне ғана емес, өмірлік ұстанымына, журналистік брендіне айналғаны қашан?! Бұл сөз оның мекенжай алмасқанда ұсынатын қатырма қағазында таңбаланған. Кітаптарына қолтаңба бергенде де осындай тілек жазады. Былай қарасаңыз, алып бара жатқан асыл сөз де емес. Екінің бірінің аузына түсетін, қарапайым ғана тіркес. Бірақ неге басқа тележүргізушілердің айтқан сөзі ел ішіне осылай жайылып кетпейді? Демек, оны Нұртілеуше жан-тәніңмен жеткізу керек.

Негізінде, біздің айтайын дегеніміз бұл емес. Майталман журналист мәртебесінің тағы да асқақтағаның оны экраннан әлі де іздейтін сүйікті көрермендеріне айтып қояйын дегенбіз. Осылайша алдымен оқырманның ойына есті естеліктің ұялағанын қаладық.

Осымен оныншы рет шымылдығын түрген республикалық "Нұр-Сұңқар" байқауының жеңімпаздары ішінен жерлесіміздің есімін көргенде жайсаң жетісулықтардан сүйінші сұрағанды жөн көрдік. «Нұр Отан» партиясының ұйытқы болуымен өткізіліп келе жатқан "Нұр-Сұңқар" байқауы бүгінде еліміз бойынша отандық медиа саласының өкілдерін ынталандыруға, қолдауға бағытталған маңызды жобаға айналды. Бұл жолғы мерейтойлық салтанатты шарада, отандық журналистикаға қосқан үлесі үшін Нұртілеу Иманғали алғашқылар қатарында марапатталды. Мамандығын сүюдің ең мықты формуласын көрсете білген майталман тележурналистің қоржынына тағы бір жүлде қосылды. Бұл елдің ықыласы. Ардагер журналистің өзі де әріптестеріне берген сұxбатында осыны айтты.

– Әрине, ең алдымен 44-45 жыл өзінің шаңырағына, төріне оздырып, құрметпен қараған патша көңілді көрерменге үлкен рахмет айтып, басымды иемін. Батыр сөйлесе – маңайын ықтырар байламын айтар, бұзық сөйлесе – ортаға салған ойларын айтады. Ақын сөйлесе – жеке басын емес, аймағын айтады. Біз xалықтың жүрегіміз. Жүрек сөйлесе бәрін қамтитыны айтпаса да белгілі, – деді ол көңіл тебіренісін жасыра алмай.

Белгілі журналистің іс-қимылы да, сөйлеген сөзі де біз күнде көріп жүрген шығармашылық өкілдеріне ұқсамайтынымен әйгі. Толғанып сөйлейді, тамсанып талдайды, тебіреніп түсіндіреді. Бет-әлпеті айтып отырған әңгімесінің сипатына қарай мың құбылады. Құлаштап қолын созғанда төбеге тақалған саусағының ұшына қараймыз. Сұқ саусағымен төменді нұсқағанда соңынан ілесе кетіп, жанарымызбен жер шұқимыз. Кейде оқты көзін өңменіңе қадайды. Кейде қабағын түйіп, ойланып тұрып қалады. Өстіп аздап пауза жасап алып, қайтадан көсіле жөнеледі. Осынша эмоцияға бай қалпы әлі де бойында. Қырыққа жетпей қозықарын байланып, домаланып қалған әріптестерінен едәуір үлкен болса да, серіппедей ширығып тұратынының өзі экранның адамы екенін айшықтайтындай.

Иә, Нұртілеу Иманғалиұлы қазіргі күні кемеліне келіп, үнемі өзі айтатындай, әлдеқашан «бай-қуатты болған» сияқты. Біз, жетісулықтар, бұл жетістіктің артында үлкен құрмет жатқанын жақсы түсінеміз. Еңдеше жетпіске жақындаса да жай отындай жарық шашқан жақсы ағаның жұртшылыққа берер сүйінішті жаңалығы көп болсын дегіміз келеді!

Мұхтар КҮМІСБЕК

Сурет ғаламтордан алынды