ТАЛАПҚА САЙ ЕМЕС: ОБЛЫСТАҒЫ ТЕКСЕРІС НӘТИЖЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Уақыты: 06.09.2019
Оқылды: 1269
Бөлім: МІНБЕР

Қазақстан Республикасы Президенті аппаратының және Балалар құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық кеңес мүшелерінің Жетісу жерінде жүргізген тексеріс жұмыстарының нәтижесі партияның өңірдегі филиалының жанынан құрылған жұмыс тобының отырысында айтылды.

«Nur Otan» партиясы жанындағы балалар құқықтарын қорғау кеңесінің консультанты Мансия Исқазина, «Балалар құқықтарын қорғау» қоғамдық қорының директоры Әлия Жекенова және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің бас сарапшысы Мықтыбек Нарботаев бастаған үш топ облысымыздың 16 ауданын аралап, елді мекендердегі мектеп, денсаулық сақтау ұйымдарын, әлеуметтік қызмет көрсететін мекемелерді көріп, атаулы әлеуметтік көмек алушылармен кездесіп, балалардың құқықтарын қамтамасыз ету бойынша жергілікті атқарушы органдардың жұмысына баға берді.

Облысымызда даму бар, өсу көрсеткіші жақсы. Алайда кей шалғай ауылдардағы мектептердің жай-күйі, медициналық қызметтің сапасы, мамандардың білімі талапқа сай емес. Жиында модератор болып отырған партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, жұмыс тобының жетекшісі Ғалиасқар Сарыбаев пен балалар құқықтарын қорғау кеңесінің консультанты Рысты Жұмабекова айтылған кемшіліктерді реттеуді басқарма басшылары мен жауапты адамдарға жүктеп, жоспарлы түрде жұмыс істеуді тапсырды.

Баяндама жасаған облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Мейір Демеубаевқа алыс ауылдарда орналасқан оқу орындарындағы мектеп инспекторларының штаттық көлемін көбейтуді, облыстық ата-аналар кеңесінің төрайымы Дәния Қыдырбаеваға жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыс орнатуды, ата-аналар мен балалардың тәрбиесі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, ал жастар саясаты басқармасының басшысы Жомарт Қаратасқа маргиналды жастармен жұмыс істеуді күшейту керек деген қосымша тапсырмалар жүктелді.

Мінберде есеп берген облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев Панфилов ауданына қарасты Үлкенағаш ауылындағы спорт залының қазіргі жағдайын білетіндігін, жөндеу жұмыстары туралы құжат дайын, қаражат бөлінсе кірісіп кетуге әзір екендігін жеткізді.

Талдықорғандағы Оқушылар сарайының директоры Ләззат Есболова көпбалалы және әлеуметтік осал топтағы отбасылардың балаларының бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында бірқатар жұмыс жүргізілетіндігін айтты.

Жиында айтылған ұсыныстардың орындалғаны туралы, кемшіліктен қорытынды шығарылғаны жөніндегі есептік басқосу қыркүйектің соңғы күндеріне жоспарланды.

Серік ҚАНТАЙ