ДИАЛОГ – ДАМУ КЕПІЛІ

Уақыты: 28.09.2019
Оқылды: 1103
Бөлім: МІНБЕР

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы бес бөлімнен тұрады. Жолдау мәтінінде заманауи мемлекетке қажет басты талаптар, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау мәселесі, инклюзивті білім беру мен әлеуметтік саланың қарқынды қызметі турасында және өңірлерді одан әрі өркендетудің басты бағыттары айтылды.

Ең алдымен, Мемлекет басшысы қазақ тілінің рөлі күшейіп келе жатқандығын ерекше атап өтті. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. Жүйесіз саяси либерализация ішкі саяси жағдайда дестабилизацияға, тіпті, мемлекетті жоғалтып алуға дейін апарып тынады. Сол себепті біз саяси реформаларды алға қарай жүгірмей, нық әрі ойлы түрде жүргіземіз. Біздің іргелі қағидат – елдің қоғамдық-саяси жаңғыруынсыз табысты саяси реформа жүргізу мүмкін емес. Президент Жолдауында осыған қатысты тың ойлар айтылып, оны атқарудың жолдары нақтыланды.

Ел Президенті алдағы Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауы еліміздегі көппартиялық жүйенің дамуына оң ықпал ететіндігіне де сенім білдірді. Мұның бәрі де халықпен тиімді кері байланыс орнатудың жолы болып табылады. Расында, тұрғындармен кері байланыс орнату жұмысы бүгінгі күні аса маңызды. Жолдауда айтылғандай бейбіт акциялар заңның шеңберінен шықпайтын және азаматтарымыздың тыныштығын бұзбайтын болса, бұған түсіністікпен қарап, жиындарды өткізу үшін арнайы орын бөлу қажет. Мұндай орындар қаланың шетінде болмауы тиіс. Бұл да осыған дейін қолға алынбаған игі бастаманың бірі деп таныған жөн. Сондай-ақ, қоғамдық келісімді нығайтудың да жолдары айтылды. Осыған орай, келер жылы әл-Фарабидің 1150, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өту, тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты іс-шаралар маңыздылығына тоқталды.

Бүгінгі таңда азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінде тұр. Ол үшін сот шешімдерінің сапасын арттыру үшін бірқатар маңызды шараларды жүзеге асыру қажет. Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе, балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет. Браконьерлік проблемасы, сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі шешуге тиісті маңызды істер қатарына енді. Жолдауда Ішкі істер министрлігін реформалау, Қарулы Күштердің материалдық базасын нығайту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.

Экономика – елдің өркендеуі мен дамуының өзегі. Қашанда қарқынды дамыған және инклюзивті экономикалық қуат болмай басқа елдермен иық тірестіре алмаймыз. Білім экономикасы, еңбек өнімділігін арттыру, инновацияны дамыту жолдары түсіндірілді. Қашанда тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі. Мемлекет алдағы уақытта да бизнеске қолдау көрсете береді. Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 100 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бұл «қарапайым заттардың экономикасына» тікелей байланысты. Осы Жолдауда Үкіметке микро және шағын бизнес саласындағы компанияларды табысқа салынатын салықтан үш жылға босату үшін заңнамалық база әзірлеу тапсырылды. Осыған орай, Қазақстан цифрлық экономиканы дамытуды көздеп отыр. Сондықтан, Үкімет заңнаманы 5G, «Ақылды қалалар», «Үлкен деректер», блокчейн, цифрлық активтер, жаңа цифрлық қаржы құралдары сияқты тың технологиялық құбылыстарға бейімдеу қажет.

«Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыру үшін Жолдауда биыл бөлінген 30 миллиард теңгеге қосымша алдағы үш жыл ішінде 90 миллиард теңге бөлу тапсырылып, туризмді дамытудың өзектілігі айтылды. Осы тұрғыдан келгенде облыстың туризмді дамытудағы әлеуеті өте үлкен. Жыл қорытындысы бойынша туристер саны 2 млн. адамға жетеді деп жоспарланып отыр. Десе де, көлік қатынасын реттеу туристерді тартудың негізгі көзі екенін Алакөл үлгісінде көруге болады. Бұл орайда Көлсайға, Шарын шатқалына апаратын жолдар жасалды, Балқаш көліне дейінгі 140 шақырымдық жолды жаңғырту бойынша ірі жоба қолға алынғанын айта кету керек.

Жұртты қуантқан тағы бір жаңалық – Президент Жолдауда Үкіметке 5 пайыздық қосымша зейнетақы төлемін енгізу мәселесін 2023 жылға дейін шегеруді тапсырды. Ұлттық қордың трансферттері бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыруға бағытталған бағдарламаларды және жобаларды жүзеге асыру үшін ғана бөлінетінін айрықша атап өтті. Сондай-ақ, Үкіметке еңбекақы төлеу қорын арттыру үшін жұмыс берушілерді ынталандыру мәселесін пысықтау тапсырылды. Мемлекет басшысы өз Жолдауында 2020 жылдан бастап мұғалімдер жалақысы 25 пайызға өсетінін мәлімдеді. Одан бөлек, азаматтық қорғаныс қызметшілерінің де жалақысын арттыру ұсынылды.

Азаматтарды табиғи және техногенді апаттан қорғау мәселелеріне айрықша көңіл бөлінеді. Мұндай оқиғалар елімізде ғана емес, әлемде көбейіп келеді. Бұл салада кәсіби мамандар жұмыс істеуі керек. Үкіметке Ішкі істер министрлігінің реформасына бөлінетін қаражат негізінен азаматтық қорғау қызметкерлерінің еңбекақысын көтеруге 40 млрд. теңге бөлу тапсырылды. Сонымен бірге, Президент 2020 жылдан бастап, мәдениет саласы қызметкерлерінің айлығын көтеру қажеттілігін тілге тиек етті.

Расында, мәдениет қызметкерлерін қолдау қажет. Қасым-Жомарт Кемелұлы: "Біз мәдениет саласында еңбек ететін адамдарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз. Бұл ең алдымен кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе. Олардың еңбекқақысы соңғы жылдары көбейген жоқ. Соның салдарынан мәдениет қызметкерлері, әсіресе, жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламарына қатыса алмайды. Мұндай ахуал осы кәсіптің беделін түсіріп, лайықты кадрлардың тапшылығы айқын сезілуде", – деді. Сондай-ақ, мұғалімдер мен дәрігерлердің міндетті әлеуметтік жеңілдіктерін мәдениет саласының өкілдеріне де беруді ұсынды.

«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруымыз қажет. Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырамын», – деген Президенттің тапсырмасы жас мамандарға үлкен серпін берді. Аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдау үшін Үкіметке Дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеуді тапсырғаны көңілі жасып жүрген талай ата-ананың келешекке сенімін күшейтті. Мемлекет басшысы мүмкіндігі шектеулі балаларды медициналық және әлеуметтік тұрғыда қолдау үшін алдағы үш жылда 58 млрд. теңге бөлуді тапсырғаны талай сөнген үмітті тұтатты.

Жасыратыны жоқ, түлектерін жұмыспен қамту жағынан еліміздегі жоғары орындарының жартысы ғана 60 пайыздық деңгейге қол жеткізіп отыр. Жолдауда олардың сапасын арттыру үшін санын қысқарту мәселесін қарастыру керектігі бірінші рет ашыққа шықты. Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Жолдауда бұқаралық спорт түрлерін насихаттау керектігі айтылды. Облыстың 80 пайыз тұрғыны ауылды жерде тұратындықтан, алғашқы медициналық көмек сапасын жақсарту біздің басты назарымызда болуы керек.

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылады. Мемлекет тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін сақтайды. Оны қаржыландыруға алдағы үш жыл ішінде 2,8 триллионнан астам теңге бөлінеді. Әлеуметтік көмек көрсету жүйесін одан әрі дамыту, көпбалалы аналарды бизнеске тарту бағдарламасын әзірлеу жайлы айтылған жоспарлар да жұрт көңілінен шықты. Осыған орай Президент Үкімет пен «Атамекен» ҰКП-ға бір айдың ішінде көпбалалы аналарды бизнеске тарту жөнінде бағдарлама әзірлеуді тапсырды.

Биыл Елбасының бастамасы бойынша 2 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен, алғашқы жарнасы 10 пайыз болатын жаңа «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылды. Бұл – өте тиімді жеңілдік. Баспана сатып алуға жағдайы жоқ азаматтарға әлеуметтік жалға алу тәртібімен қоныстану үшін мүмкіндік беру қажет. Жолдауда айтылғандай, мемлекет 2022 жылға қарай осы мақсаттарға сәйкес 240 миллиард теңгеден астам қаражат бөледі. Өңірлерге тұрғын үй қорын жаңғырту және жөндеу үшін екі жыл ішінде бюджеттік несие түрінде 30 миллиард теңгеден астам қаражат бермек. 2022 жылға қарай өңірлерді дамыту бюджеті 800 миллиард теңгеден асып кетеді.

Қазіргі кезде облыста 3566 көппәтерлі тұрғын үй бар, соның 1998-і жөндеуді қажет етеді. Сондықтан осы бағдарламаның мүмкіндіктерін пайдалану керек. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша облыста 657 өтініш қабылданған, соның 286-сы мақұлданды. Биылғы жылы барлық бағыт бойынша 1447 отбасын қамтамасыз етеміз деп жоспарлап отырмыз. Тағы бір мәселе – тұрғын үй қорларын жөндеу мен қайта жаңғырту. Бұл мақсатқа өңірлерге екі жылда бюджеттік несие түрінде 30 млрд. теңге бөлінеді. Осы тұрғыдан келгенде, Талдықорған қаласында аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға 155 коттедж, 100 үй, 2 көпқабатты, 125 пәтерлі тұрғын үйлерді табыстау жоспарлануда.

Мемлекет басшысы айтқандай, инфрақұрылымды дамыту мақсатында алдағы үш жыл ішінде тұрғындарды таза ауызсумен және су жеткізумен қамтамасыз етуге шамамен 250 миллиард теңге бөлінеді. Бұл – стратегиялық жоба. Соның арқасында бүкіл көлік инфрақұрылымы жаңғыртылады. Президент айрықша атап өткен «Бірге – Таза Қазақстан» науқаны – қолдауға тұрарлық жоба. Бұл жұмысты жалғастыру керек.

Президент айтқан әрбір сала бүгінгі күн тәртібіндегі маңызды салалар. Әлеуметтің әлеуеті артса, халықтың тұрмысы тұрақтанып, күнкөріс деңгейі қалыпқа келтірілсе, тұрғындар кәсіпті игеріп, өз зейнетақысының есебінен баспаналы болса тұрмыстық мәселелер өз шешімін табады. Партиялықтар үшін Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын уақытылы жүзеге асыру, онда берілген әр уәденің сапалы, нақты әрі жүйелі орындалуы аса маңызды. Біз партиялық бақылауды күшейтіп, депутаттық фракцияларымыздың әлеуетін жылдан-жылға арттыра бермекпіз. 

Ғалиасқар САРЫБАЕВ,

«Nur Оtan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары