"ӘДІЛЕТТІ БОЛУЫН ТІЛЕП ЖҮРЕМІН": ТОҚСАННАН АСҚАН ҚАРИЯ ПАРТИЯ ӨКІЛДЕРІНЕ АЛҒЫС ЖАУДЫРДЫ

Уақыты: 10.10.2019
Оқылды: 1147
Бөлім: МІНБЕР

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев бастаған партия өкілдері Талдықорған қаласында тұратын ақсақалдардың шаңырағына бас сұғып, Қарттар күні мерекесімен құттықтады.

Алдымен партия өкілдері жүз жасаған облыстық қоғамдық-саяси «Жетісу» газетінің бұрынғы қызметкері, соғыс және еңбек ардагері, Мемлекеттік дәрежедегі дербес зейнеткер, Алматы облысының Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті журналисі Ғайыс Егембердиевтің үйіне құттықтап барды. 

Өз кезегінде абыз ақсақал: «Еліміздің күннен-күнге дамып, өркендеп келе жатқаны қуантады. Жастарымыздың заманға сай білімді, басшылардың әділетті болуын күніге тілеп жүремін», – деді. Сондай-ақ, ақсақал, партияның тыныс-тіршілігін баспасөз арқылы бақылап отыратындығын да айтты. Құттықтау соңында табылдырығын аттаған жандарға батасын беріп, еңбектеріне табыс тіледі.

Айта кетейік, партия қызметкерлері әр мереке сайын қазыналы қарттарымызды құттықтауды үрдіске айналдырған. Ғалиасқар Төлендіұлы осы турасында: «Біз тек арнаулы мерекелерде ғана емес, кез келген мейрам күндері қария-әжелерімізді құттықтап тұрамыз», – деді.

Ал «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Гүлнар Тойлыбаев мен партияның Талдықорған қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Аманжол Жазықбаев ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Тың жерлерді игергені үшін» және 13 мерекелік медальдармен марапатталған Михаил Баранов пен «Ерен ерлігі үшін» медалімен қатар 11 орден-медаль алған Николай Кононенконың үйінде болды.        

Қали АСҚАР