"ЕЛБАСЫ СЕГІЗ МІНДЕТ ЖҮКТЕДІ": АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ПАРТИЯЛЫҚТАР ЖИЫН ӨТКІЗДІ

Уақыты: 29.11.2019
Оқылды: 1255
Бөлім: МІНБЕР

Алматы облысы әкімдігінің мәжіліс залында «Nur Otan» партиясы аймақтық активінің жиналысы өтті. Елордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен өткен «Nur Otan» партиясының аумақтық филиалдар өкілдерінің басқосуында көтерілген маңызды міндеттемелер таныстырылған жиынды «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасы, өңір басшысы Амандық БАТАЛОВ ашып, жүргізіп отырды.

Алқалы жиынға «Nur Otan» партиясының аудандық, қалалық филиалдарының төрағалары, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, басқармалар мен департамент басшылары қатысқан жиынның маңыздылығын түсіндірген облыс әкімі:

– Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында кездесіп отырмыз. Бұл барлық қазақстандықтар үшін тарихи күн. Осы тарихи оқиға да біздің Елбасы, «Nur Otan» партиясының Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Елбасының басшылығымен әлемдік аренада өз орнын алған Қазақстан экономикада, мәдени және қоғамдық өмірде ерекше жетістіктерін күллі әлемге паш етті. Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасымыздың сара жолын жалғастырып, қуатты және тәуелсіз мемлекет құруда, – деп Елбасының партия мүшелері алдына қойған басты міндеттеріне қысқаша тоқталып өтті. – Елбасының партиялықтарға жүктеген сегіз міндеті: Бірінші. Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктерін, «Қазақстан – 2050» Стратегиясын, «Nur Otan» партиясының қайта жандандыру жұмыстарының нәтижелерін түсіндіру бойынша жүйелі ақпараттық жұмыс ұйымдастыру. Екінші. Әр депутаттың, әкімнің партиялық жауапкершілігін күшейту. Үшінші. Бөлінетін қаражатқа партиялық бақылауды қатаңдату; Төртінші. Депутаттар жұмысын одан әрі жақсартып, мәслихаттардағы беделін арттыруға жұмыс жасау; Бесінші. Жергілікті мәселелерді есепке ала отырып, сайлауалды бағдарламалардың жобаларын әзірлеу. Алтыншы. Барлық аумақтық партия филиалдарында партиялық ішкі праймеризді түсіндіру және дайындық жұмыстарын жүргізу. Жетінші. Жергілікті жерде партия органдарының жұмысын күшейтіп, өңірлерде партияның беделін арттыру. Сегізінші. Электораттық кезең алдында партия жұмысын барынша күшейту.

Одан соң «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Гүлнар Тойлыбаева партияның тамыз айында қабылдаған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты жүйелі жаңғырту бағдарламасы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндама жасап, партияның қайта жүктеу бағдарламасы мәні мен маңызын түсіндіріп өтті.

Тақырыпқа орай жарыссөзге шыққан облыстық мәслихаттың хатшысы Сұлтан Дүйсембінов, Ақсу аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Күлайхан Даулетбекова, «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Еркебұлан Ақболатов кезекпен сөз алып, Елбасы ұсынған «Мықты көшбасшылар – мықты партия» қағидаты бойынша сапалы партиялық электоратты қалыптастыру міндеті, әйелдер қауымының кем дегенде 30 пайызын және жастардың 20 пайызын партияның сайлау тізіміне енгізу, Ақсу ауданында сапалы үміткерлерді анықтау үшін өткен пилоттық жобаның нәтижесі сынды мәселелерді таныстырды.

Актив отырысын қорытындылаған партияның облыстық филиалы төрағасы, облыс әкімі Амандық Баталов Елбасы ұсынған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпінінің» еліміз үшін негізгі нұсқаулыққа айналуы керектігін алға тартты. Жиын соңында партия қатарына бірнеше азамат қабылданып, белсенді партиялықтарға Алғыс хат табысталды.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы