Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"БАР КҮШІМДІ САЛАМЫН": ПАРТИЯ ЖҰМЫСЫ АРЫ ҚАРАЙ ЖАНДАНАДЫ

Уақыты: 15.12.2019
Оқылды: 171
Бөлім: Нұр Отан

Талдықорғанда «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының актив жиыны өтті. Шараға облыс әкімі, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Амандық БАТАЛОВ қатысты.

Жиынды облыс әкімі кіріспе сөз сөйлеп ашып, жасалып жатқан жұмыстар мен жеткен жетістіктер, басқа да іс-шаралар жайында айтып өтті. Сонымен қатар, партияның облыстық филиалы төрағасының бұған дейінгі бірінші орынбасарының атқарған жұмысына оң баға берді.

– «Nur Otan» партиясы филиалының активін жинап, орын алған кадрлық өзгерістерге байланысты партия активі жиналысын өткізуді дұрыс деп шештік. Ғалиасқар Төлендіұлы Сарыбаевтың басқа жұмысқа ауысуына байланысты партияның облыстық филиалының саяси кеңесі бюросының ұсынысы бойынша және партия жарғысының 9.3 тармағына сәйкес «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің бұйрығымен Жанболат Жөргенбаев партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды, – деген облыс әкімі Жанболат Әкебайұлын жаңа қызметімен құттықтап, жұмысына сәттілік тіледі.

Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының барлық өңірлік филиалдары өкілдерімен кездесуінде алға қойған міндеттерді орындап, партия филиалы жұмысының сапасын жақсартып, халықтың партияға деген сенімін арттырып, тұрғындармен арадағы байланысты нығайтуға бағытталған жұмыстарды толықтай атқаратынына сенім білдірді.

Өз кезегінде сөз алған Жанболат Жөргенбаев: «Ең бірінші, үлкен сенім артып, жауапты істі жүктеп отырған облыс әкіміне, партия мүшелеріне алғыс білдіремін. Қызметімде адалдық, табандылық танытып, партия жұмысын одан әрі жандандыруға атсалысуға дайынмын. Тынбай еңбек етіп, алдағы жоспарларды толықтай орындап, сенімдеріңізді ақтау үшін бар күшімді саламын. Елбасы сеніп тапсырған әр бастаманы орындауға, ұлтымыздың ұйысуына күш салып, бірлік пен ынтымақты, татулық пен тыныштықты басты мақсат етіп белсене жұмыс атқарамын», – деп өзіне  көрсетілген үлкен сенім үшін ризашылығын білдірді.

Осыдан кейін облыс әкімі партияның 20 жылдығына орай өңірдің өркендеуіне, партияның бағдарламаларын іске асыруға елеулі үлес қосып жүрген азаматтар мен партия белсенділерін марапаттап, бірқатарына партия билетін табыстады.

Жиын соңында Амандық  Ғаббасұлы жаңа тағайындалған басшыны қызмет орнына жайғастырды.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы