"ЖАҚЫН БОЛУЫ ТИІС": ЖАНБОЛАТ ЖӨРГЕНБАЕВ ФИЛИАЛ ЖҰМЫСТАРЫМЕН ТАНЫСТЫ

Уақыты: 30.12.2019
Оқылды: 1345
Бөлім: МІНБЕР

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының жаңадан тағайындалған бірінші орынбасары Жанболат ЖӨРГЕНБАЕВ партияның аудандық, қалалық филиалдарын аралап, жұмыстарымен танысып шықты.

Кездесулерде айтылған негізгі ойлар – «Nur Otan» партиясының белсенді мүшелерін топтастыру, партия мүддесін қорғай алатын азаматтарды ұйымдастыру, әртүрлі өтініштерді тиімді және жедел шешу үшін қоғамдық қабылдаулардың жұмысын жүйелі жүргізу екендігі болды.

– Біздің мақсат – елдегі модернизация процестеріне жүйелі түрде қатысатын Елбасының стратегиялық тірегі болу. Халықтың өзекті мәселелерін тез және тиімді шешу үшін біздің партия қоғамды толғандыратын барлық мәселелердің басы-қасында болуы керек. Бұдан былай әр «нұротандық» фракция мүшелері жария іс-шараларда депутаттық төсбелгімен бірге партиялық төсбелгіні тағып, партия туын, атрибутикасын, логотиптерін іліп қоюды күнделікті жұмысы барысында қолдануы қажет. Партия халыққа жақын болуы тиіс, – деді Жанболат Әкебайұлы. 

Іссапарын Кербұлақ ауданынан бастаған «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанболат Жөргенбаев аудандық мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымы төрағалары және партиялық топ жетекшілерімен кездесті. «Nur Otan» партиясының Кербұлақ аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Махаббат Бигелдиев Күреңбел өңірінің тыныс-тіршілігімен таныстырып, бастауыш партия ұйымдарының жұмысын көрсетті. Одан соң жазиралы Жаркенттегі кездесуде партия қатарына жаңадан кірген жас мамандарға партиялық билеттерін табыстаған Жанболат Әкебайұлы Панфилов ауданының күрмеуі шешілмеген күрделі мәселесінің бірі – аудандық балалар кітапханасын көріп, өз бақылауына алатындығын жеткізді. Апаттық жағдайда тұрған бұл кітапхана мәселесі бүгінгі күні партиялықтар үшін шешімін шұғыл табатын проблеманың бірі болып отыр. 

Қасиетті Қарадала өңірінде партияның Ұйғыр аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Нұровтың төрағалығымен өткен жиында Жанболат Әкебайұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партиялықтарға берген нақты тапсырмаларына тоқталып, бастауыш партия ұйымдарының төрағаларын партия мен тұрғындар арасындағы байланысты одан әрі жетілдіру бағытында белсенді жұмыс атқаруға шақырды.

Жан­­­болат Жөргенбаев Райымбек пен Кеген аудандарында партия белсенділерін арнайы Алғыс хаттармен марапаттаған соң «Nur Otan» партиясы Райымбек аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлнар Арипова мен «Nur Otan» партиясы Кеген аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Алмас Мұқаев аудандардың бастауыш партия ұйымдарының жұмысы жайында баяндады. Кеген ауданындағы кездесуден кейін 1972 жылы салынып, содан бері күрделі жөндеу көрмеген аудандық орталық аурухананың жағдайы таныстырылып, аурухана ұжымымен кездесу өткізілді.

Жанболат Әкебайұлы Талғар, Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Іле, Қарасай аудандарына да барып, ауданның белсенді партия мүшелерімен танысты. Еңбекшіқазақ ауданында «Бақытты отбасы» ұлттық жобасы аясында Шелек ауылындағы облыстық мамандандырылған балалар үйінің бүлдіршіндеріне қайырымдылық акциясы ұйымдастырылып, бүлдіршіндерге жаңажылдық сыйлықтар табысталса, Іле ауданында партияның аудандық филиалының есеп және статистика секторының меңгерушісі София Галимова партия жұмысы саласындағы көп жылғы қажырлы, жемісті еңбегі үшін «Nur Otan» партиясының «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Қапшағай қаласында да Жанболат Әкебайұлы партияның қалалық филиалы мен қалалық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімшесінің ұйымдастыруымен «Балаларға қуаныш сыйлайық» тақырыбындағы қайырымдылық акциясына қатысып,  балаларға жылы киімдер мен жаңажылдық сыйлықтар таратты.

Балқаш ауданында кездесу партиялықтар тарапынан түскен ұсыныстармен ерекшеленсе, Көксу ауданында барлық бастауыш ұйымдардың басқосуы ұйымдастырылды. Осылайша Жанболат Әкебайұлы облыстың 13 аудан, қаласында болып, партия филиалдары мен бастауыш партия ұйымдарының жұмысымен танысты. 17 кездесуде оннан астам ұсыныс айтылып, бірқатар күрделі мәселелер назарға алынды. Келер жылдың жұмыс жоспарына қосылатын маңызды мәселелер анықталды, жеке жоспарға жазылды.

Іссапардан кейін өткен жылдың қорытынды есебінде Жанболат Әкебайұлы «нұротандықтарға» нақты тапсырмалар жүктеп, жұмыстың бағыттарын айқындады.

Бағдагүл АХМЕТЖАНОВА,

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы