"СЕНІМ АРТТЫ": ПАРТИЯ ІСІНЕ БЕЛСЕНДІ ҮЛЕС ҚОСҚАНДАР МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 27.02.2020
Оқылды: 1307
Бөлім: МІНБЕР

Көктемнің алғашқы күні «Nur Otan» партиясының құрылғанына 21 жыл толады. Дәл осы шуақты шақта Алғыс айту күні мерекеленіп, өзге этнос өкілдері қазақ халқына ризашылығын білдіріп жатады. Осындай атаулы күннің құрметіне орай «Nur Otan» партиясы Талдықорған қалалық филиалы Салтанат сарайында мерекелік жиын ұйымдастырды.

Бал тілді балалардың құттықтауы көрініс тапқан бейнеүзікпен басталған салтанатты шарада «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Гүлнар Тойлыбаева көпшілікті келе жатқан мерекемен құттықтап, жүрекжарды лебізін арнады.

– 21 жылдың ішінде партиямыздың беделі өсіп, халықтың сенімі артты. Партиялық бағдарламалар мен жобалар жемісті іске асуда, – деген Гүлнар Қожағұлқызы Жетісу жерінде атқарылған жұмыстар мен қол жеткізілген жетістіктерді әңгімеледі. – Әрқайсыларыңыз тәуелсіздіктің нығаюына, елдің әл-ауқатының өсуіне өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Әр салада жүріп, бірлесіп қызмет етіп келген сіздерге алғыс айтамыз. Ары қарай да партияның беделін көтеруде алдымызда үлкен мақсат тұр.

Келесі кезекте партия ардагері Ерғазы Қошанбеков пен «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Елдар Сапаров, «Nur Otan» партиясы Талдықорған қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Аманжол Жазықбаев жұртшылықты мерекемен құттықтап, игі тілектерін арнады.

Салтанатты шара аясында партия мүшелігіне өткен жандарға партиялық билет табысталып, ортақ іске белсенді үлес қосқандар Алғыс хаттармен марапатталды. Марапатталғандардың қатарында Алматы облыстық қоғамдық-саяси «JETISÝ» газетінің ұжымы да бар.

Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып, қатысушылар естелік суретке түсті.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы