ПАРТИЯНЫҢ ҚҰРЫЛҒАН КҮНІНЕ ОРАЙ БЕЛСЕНДІЛЕР МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 01.03.2020
Оқылды: 1085
Бөлім: МІНБЕР

1 наурыз – «Nur Otan» партиясының құрылған күні мен Алғыс айту мерекесіне орай партияның Алматы облысындағы филиалы салтанатты шара өткізіп, Жетісу жерінде белсенді еңбек етіп жүрген жандарды марапаттады.

Әдеттегідей қолдарын жүректеріне қойып, Қазақстан Республикасының Гимнін қосыла айтқан партия ардагерлері, облыстың беделді азаматтары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, «Жас Отан» жастар қанаты, облыстық басқарма қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Амандық Баталовтың баяндамасын тыңдап, құттықтау лебізіне ризашылық танытты.

Алдымен халық пен биліктің арасында алтын көпір қызметін атқарып, ел мен жердің игілігі жолында еңбек еткен азаматтардың бойында келешекке деген сенімнің нығаюын қалайтын «Nur Otan» партиясының жұмысына тоқталған өңір басшысы облыс жұртшылығының жетістіктерін саралады. Оның айтуынша, бюджет түсімдерінің 75%-ы әлеуметтік мәселелерді шешуге, тұрмыс-тіршіліктің жақсара түсуіне және күре жолдарды жөндеуге жұмсалуда. Атап айтқанда, биыл облыс бюджеті 586 миллиард теңгені құрап отыр. Оның ішінде 252 миллиард жергілікті түсімнен құралған. Мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасының арқасында 1526 километрлік жол салынды және жөндеуден өткізілді. Енді ауылдардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру мәселелері қолға алынуда.

Мысалы, алдағы 2026 жылы ауылдарды қолдау үшін бюджеттен 2 триллион теңге бөлу жоспарланып отыр. Соның арқасында шалғайда орналасқан ауылдардың бәрінде әлеуметтік, инженерлік нысандар салынып, жаңа жұмыс орындары ашылады. Оған ауруханалар, мектептер мен тұрғын үйлер салып, ауылдардың ішкі жолдарын жөндеуге септігін тигізетін  «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы кепіл болады. Соған сәйкес «Nur Otan» партиясы халықпен етене жұмыс істеуді, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдау бойынша қарқынды жұмыс атқарып келеді.

– Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ширек ғасырдан асып отырған тәуелсіз тарихымызда бұдан да қиын сынақтарды жеңіп, ғаламдық дағдарыстың әсерінен туындап отырған қиындықтарды еңсеретін нақты жолдарды ұсынды. Бұл сара жолды бүгінгі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жалғастыруда, – деген Амандық Ғаббасұлы салтанатты шараға жиналғандарға жүрекжарды лебізін арнады. – Осының бәріне қуатты президенттік билік жүйесінің сақталуы мен Елбасының ел экономикасын жоғары қарқынмен дамытуға туғызған мүмкіндіктерінің, еліміздегі бірлік пен ынтымақтың арқасында жетіп отырмыз. Өтпелі кезеңнің қиыншылықтарын артқа тастап, көпұлтты халқымыздың ауызбірлігі сақталып, еліміздің мәртебесі өсті. Ел тәуелсіздігі халықтар арасындағы достық пен ынтымақты, бірлікті нығайтуға негіз болды. Жүзі басқа, жүрегі бір, тілі басқа, тілегі бір жүзден астам ұлттың басын біріктіріп отырған халқымыздың жалғыз ой-арманы – бейбіт заманның, биікке самғаған қыранды Тудың, тұғырлы Елтаңбаның, асқақтата салған Гимннің баянды болуы. Бірлігі мен ынтымағы жарасқан еліміз – Қазақстан Республикасы дамып, гүлдене берсін! Егемендігіміз баянды болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, болашағымыз жарқын болсын!

Бұдан соң өңірдің өркендеуі жолында аянбай еңбек етіп жүрген партия белсенділері «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының Алғыс хатымен марапатталып, биыл 175 жылдығы тойланып жатқан Абай Құнанбайұлының шығармалар жинағын еншіледі.

Салтанатты шара аясында «Nur Otan» партиясының қатарына кіруге ниет білдірген жастарға облыстық мәслихат депутаты Ермек Келемсейіт партиялық билет табыстады. Мерекелік шараға орай облыстық партия филиалының жанынан құрылған қауымдастық мүшесі, Ескелді аудандық мәслихатының депутаты Қалабек Тастанбаев, партия қатарына қабылданған І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің психологы Әсем Қалибек кезекпен сөз алып, көпшілікті мерекемен құттықтады. Салтанатты шара соңы жергілікті өнерпаздар дайындаған концерттік бағдаламаға ұласты.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы