"ХАЛЫҚ ИГІЛІГІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ": БҮГІН - "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫНЫҢ ҚҰРЫЛҒАН КҮНІ

Уақыты: 01.03.2020
Оқылды: 1694
Бөлім: МІНБЕР

Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты бағдарламасы бізге жүктелген үлкен жауапкершілік. Елбасы бағдарламаға сәйкес партияның белсенді мүшелерін топтастыру, жемқорлықпен күресті күшейту және сөзі мен ісі қабыспайтын мүшелерді партия қатарынан шығару мақсатында тиісті шара қабылдауды, партия органдарының әлеуетін арттыруды, биліктің барлық деңгейінде партиялық жауапкершілікті күшейтуді тапсырды. Соған байланысты бірқатар жұмыстар атқарылып келеді.

Жалпы «Nur Otan» партиясының Алматы облыстық филиалына тіркелген 333 бастауыш партия ұйымында 104 мың 566 партия мүшесі бар. Олар жыл басынан қоғамдық-саяси жұмыстар бағытында жоспарға сәйкес шаралар атқарып, партияның имиджін қалыптастыру, азаматтардың өзекті мәселелерін шешу, барлық деңгейде жалпыұлттық диалогты қамтамасыз ету мақсатында 2585 шара өткізді. Бүгінгі күні облыстық партия ұйымы ардагерлер, мүгедектер мен жастар, балалар, ауыл тұрғындары сынды нақты әлеуметтік топтарға арналған 6 партиялық жобаны жүзеге асыруда.

Жоба тұжырымдамасында белгіленген нақты индикаторларға қол жеткізу үшін былтыр барлығы 21075 адам қатысқан 1145 іс-шара ұйымдастырылып, «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы» жобалары аясында 29157 адамның қатысуымен 1168 іс-шара өткізілді. Партия Төрағасы әлеуметтік әлсіз топтармен жұмыс кезінде мемлекеттік мекемелерге тұрғындардың өтініштерін уақтылы анықтап, жеткізуді, барынша оңтайланған жүйеде қызмет етуді тапсырған болатын. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстық партия филиалы және аумақтық партия филиалдарының қоғамдық қабылдауларына түскен 6229 өтініштің 2960-ы оң шешімін тапса, 3269 өтініш бойынша нақты кеңес берілді.

«Партияның 7 серпіні» бағдарламасының 1-ші серпінінде көрсетілген «ядролық электоратты» шоғырландыру жұмысын жүргізу үшін бүгінде «Nur Otan» өзінің белсенді партия мүшелерін топтастыру жұмысын қолға алып, өз көзқарасын, партия мүддесін қорғай алатын белсенді азаматтарды партия қатарына тартуда. Соған байланысты биылғы наурыз айына дейін бастауыш партия ұйымдарында WhatsApp топтарын құрып, біртұтас ақпараттық желіге қосу жоспарлануда. Одан бөлек, азаматтардың өтініштерін тиімді және жедел шешу үшін қоғамдық қабылдаулардың жұмысы күшейтілді. Қазіргі уақытта мемлекеттік мекеме басшыларының азаматтарды қабылдауда белсенділігі басым, соның арқасында халықтың көптеген сұрақтары жылдам және тиімді шешілуде. Биыл жыл басынан облыстық партия филиалы мен аумақтық партия филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне келіп түскен 5015 өтініштің  2426-сы оң шешім тапты.

Бірнеше айдан бері Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша әкімдіктер өңірлік филиалдармен бірлесіп, аудан, қала және облысты дамытудың алдағы 5 жылға арналған Сайлауалды және Өңірлерді дамыту бағдарламаларын әзірлеуде. Бағдарламаларда жергілікті ерекшеліктер есепке алынып, әрбір өңірдің нақты қажеттіліктері көрініс табады. Еліміздің барлық елді мекендері, соның ішінде ең шалғай аудандар мен ауылдар да қамтылады. Осыған орай еліміздің барлық өңірін аралап жүрген «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек халықпен кездесіп, аймақтардағы өзекті мәселелерді шешу жолдарын қарастыруда. Жетісу жеріндегі шешімін таппаған күрделі мәселелер мен сұрақтар Сайлауалды және Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа бағдарламаларында ескерілді. Облыстық партия филиалының төрағасы, облыс әкімі Амандық Баталов барлық Стратегиялық бағдарламалардың орындалуын бақылауында ұстап, партияластарға өңіріміздің өркендеп-өсу бағытында жұмыс жасауды тапсырды.

Халықтың үнін естіп әрі тыңдай білуі тиіс «Nur Otan» партиясы қоғамдық қабылдау жұмысын күшейтіп, әр мемлекеттік мекеменің, құзырлы органдардың басшыларының азаматтарды қабылдау кестесі жасалып отыр. Соған сай апта сайын қоғамдық қабылдау кабинеттеріне өздерін толғандырған мәселелерін айтып келушілердің қатары толастамай тұр. Сонымен қатар, партия қатарындағы белсенді мүшелерден кадрлық резерв жасақталды. Бұл жастардың келешекке жарқын көзқараспен қарауына септігін тигізері анық. Одан бөлек, «Nur Otan» партиясының мәслихаттардағы депутаттық фракциясының жұмысы жанданып, сайлаушылармен кездесулер тұрақты ұйымдастырылып келеді.

Бүгінгі таңда саяси партияның рөлі – халықпен бірге болу, қарапайым тұрғындардың сеніміне ие болу. Халықтың өзекті мәселелерін тез және тиімді шешу үшін біздің партия қоғамды толғандыратын барлық мәселелердің басы-қасында болуы керек. Сол себепті партия бағдарламаларының орындалу барысын бақылау мақсатында облыстық филиал жанынан партия ардагерлерінің қауымдастығын құрдық.

РИЗАШЫЛЫҒЫМ ШЕКСІЗ

Малика ТҰРҒАНБАЕВА,
Талдықорған қаласының тұрғыны:

– І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің 2 курсында білім алып жатқан үлкен қызымның оқу ақысын төлей алмағандықтан «Nur Otan» партиясының облыстық филиалына өтініш жасаған едім. Өйткені, үйде күйеуім ғана жұмыс істейді. Табысы 37 мың теңге. Төрт баламыз бар. Оның үстіне соңғы кездері денсаулығым нашарлап кетті. Дәрігерлер реті келсе үшінші рет ота жасамақшы. Бірақ қызымның оқу ақысын ойлап, денсаулығыма қарай алмай кеттім. Соған орай жасаған өтінішіме жауап беріп, біздің басымыздағы жағдайды шешуге көмектескен партия қызметкерлеріне рахмет айтқым келеді.

Қаңтар айының 13 күні облыстық партия филиалының қоғамдық қабылдауына кіріп, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Марат Бопазов пен Ерсұлтан Бектұрғановқа басымдағы жағдайды айттым. Сол жерде университет басшылығына менің жағдайымды жеткізіп, көмектесетіндерін айтқан халық қалаулыларының көмегімен қызым оқуын жалғастырып жатыр. Жыл соңына дейін оқу ақысы төленіп, келер курстан бастап, грантпен оқитын болды. Осының өзі біз үшін үлкен көмек, зор қолдау дер едім.

РАХМЕТ АЙТАМЫН

Тұрарбек АХМЕТЧЕНОВ,
соғыс ардагері, Қаратал ауданының тұрғыны:

– Екінші дүниежүзілік соғыстың ортасынан аман оралып, ел мен жердің өркендеуіне үлес қосқан ардагер ретінде халықтың қамын ойлап, мұқтаждардың қажетін өтеуге үлес қосып жүрген «Nur Otan» партиясының Қаратал аудандық филиалының қызметкерлеріне рахмет айтамын. Өйткені, биыл қыстың ортасында жағатын отынымыз таусылып, аздап қысылып қалдық. Қолымда тұратын ұлымның тұрақты жұмысы болмағандықтан отын-су дайындап үлгермеген еді. Соған байланысты партия қызметкерлерінен көмек сұрағанмын. Дер кезінде қолдау көрсеткен "нұротандықтар" 1,5 тонна көмір түсіріп, қуанышқа кенелтіп тастады.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, барды бар деп айту керек. Биылғы қыстың ызғарын сездірмеген сол көмірдің жылуы қан майданда селт етпеген жүрегімді жібітіп, халқымның  шарапатына бөлендім. Шынында адамдар арасындағы мейірім, шаттық, қуаныш сынды сезімдерді қайырымдылық оятады екен. Қолдау танытқан ағайынға алғысым шексіз.

ҚАРЖЫ ТАУЫП БЕРДІ

Гауһар ШАЛҒЫМБАЕВА,
Қарасай ауданы, Елтай ауылының тұрғыны:

– Күйеуім қайтыс болып, жалғыз өзім сегіз бала тәрбиелеп отырған жайым бар. Салынып жатқан үйіміздің шатыры жабылмай қалған еді. Осыған орай «Nur Otan» партиясының Қарасай аудандық филиалынан көмек сұрадым. Өйткені, үйдің шатыры жабылмаса, жауын-шашын кіріп, әбігерге салары анық еді. Өз басым жұмыссыз жүргендіктен шатырды жабатын қаржы болмады. Амалсыз партияның қоғамдық қабылдауына бардым. Менің өтінішімді жерге тастамай, көмек қолын созуға ықылас танытқан партия қызметкерлеріне ризашылығымды білдіремін.

Ауданға келген облыстық мәслихаттың депутаты Жандулла Әбдімұратов менің басымдағы жағдайды сұрап біліп, үйімнің шатырын жабуға қажетті құрылыс заттарын алу үшін 1 миллион теңгеге жуық қаржы тауып берді. Жалғыз басты әйелдің өтінішін аяқсыз қалдырмай, демеушілік жасаған жандарға рахмет айтамын. Жасаған жақсылықтарыңыз  еселеп қайтсын.

Қазіргі таңда әлеуметтік желінің қарқыны артып келеді. Сондықтан «Facebook» желісінде парақша аштым. Бұл парақша жаңалықтармен бөлісуге, сіздермен еркін пікір алмасуға мүмкіндік беретін тың тәсілдің бірі болады деп ойлаймын.

«Nur Otan» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары ретінде аудандық, қалалық партия филиалдарын аралап, ондағы атқарылып жатқан жұмыстармен таныстым. Сапар кезінде мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымы төрағалары және партиялық топ жетекшілерімен кездестім. Жиын барысында Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың партиялықтарға берген нақты тапсырмаларына тоқталып, бастауыш партия ұйымдарының төрағаларын партия мен тұрғындар арасындағы байланысты одан әрі жетілдіру бағытында белсенді жұмыс атқаруға шақырдым. Халыққа жақын болудың бірден-бір жолы – бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі екенін айтып, халықтың мұң-мұқтажын күнделікті тыңдап, саралап, шешілмеген мәселелерді бірлесе шешуді тапсырдым. Одан бөлек, осы күнге дейін күрмеуі қиын болып келген күрделі мәселелермен танысуды да ұмытпадық. Мәселен, Панфилов ауданындағы апаттық жағдайда тұрған балалар кітапханасының, 1972 жылы салынып, содан бері күрделі жөндеу көрмеген Кеген аудандық орталық ауруханасының жағдайымен танысып, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Амандық Баталовтың назарына ұсындық.

Мемлекетіміздің тарихын өзіміз жасаймыз. Тарихи міндетке қатысты көзқарасымыздың дұрыс қалыптасуына байланысты болашағымыз да өркендей түседі. Ендеше, жарқын болашақ жолында бірлесіп еңбек етіп, еліміздің еңсесін тіктеп, дамыған отыз елдің қатарына қосылуға бірігіп жұмыс жасайық!

Жанболат ЖӨРГЕНБАЕВ,

«Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары