"БОЛАШАҚ ҮШІН": АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ПАРТИЯЛЫҚ ПРАЙМЕРИЗГЕ ҚАТЫСУҒА ШАҚЫРДЫ

Уақыты: 20.08.2020
Оқылды: 1225
Бөлім: МІНБЕР

Құрметті Алматы облысының тұрғындары! Елімізде биылғы жылдың 17 тамызынан «Nur Otan» партиясының праймеризі бастау алды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша - партиялық-саяси даму тарихында тұңғыш рет республикалық партияішілік праймериз өтеді.

Праймериз партия белсенділерін ашық таңдау арқылы Парламент Мәжілісіндегі және барлық деңгейдегі мәслихаттардағы тиімді депутаттық корпусты одан әрі қалыптастыру, партиялық ілгерілету, мемлекеттік органдардағы лауазымдарға ұсыну үшін бәсекелестік күрес негізінде нақты және мықты көшбасшыларды анықтау мақсатында өткізіліп отыр.

Праймеризге өтініш білдірген үміткерлерді тіркеу 17 тамыздан басталып 28 тамызға дейін жалғасады. Одан кейін 7 қыркүйектен 3 қазанға дейінгі аралықта кандидаттардың үгіт жұмыстары, сонымен қатар, 14-30 қыркүйек аралығында жария пікірсайыстар өткізу қарастырылған.

Өкінішке қарай, бүгінгі таңда коронавирус пандемиясы өміріміздің барлық саласына әсер етуде. Бұл ішкі саяси процестерді де осыған бейімдеуді талап етеді. Өйткені, азаматтарымыздың денсаулығы мен өмірін қорғау баршамыз үшін де негізгі басымдық саналады. Осыған орай, партияішілік сайлауда онлайн-форматта дауыс беру механизмі қалыптастырылды. Пікірсайыстар партияның ресми аккаунттарында таратылатын «Праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы өткізілмек.

Үміткерлер қатысу үшін primaries.kz сайты немесе өз тұрғылықты мекен-жайы бойынша аумақтық партия филиалында ақпарат ала алады.

Жалпы, өңірімізде 93 мыңға жуық партия мүшесі бар. Оның 70 пайызға жуығын әйелдер, 15 пайызға жуығын белсенді жастар құрап отыр. Соған сәйкес Мәжіліс пен жергілікті мәслихаттарда осы азаматтар арасынан жастар 20 пайыз, әйелдер қауымы 30 пайыз болуына мүмкіндік жасалып отыр. Ендігі кезек жетісулық азаматтардың саяси белсенділігі мен көшбасшылық қасиеттерін көрсете білуінде.

Праймериздің қорытынды кезеңінде - 1-3 қазан аралығында жетісулық "нұротандықтар" мобильді қосымша және арнайы веб-портал арқылы электронды дауыс бере алады.

Дауыс берудің соңғы күні (3 қазан) бас­тауыш партия ұйымдарының базасында дауыс беру учаскелері ашылады. Интернет байланысы қиындық тудырған елді мекен тұрғындары дауыс беру учаскелеріне келіп, қағаз бюл­летеньдер арқылы дауыс беруге болады.

Егер де ел дамуы жолында оң өзгерістерге қадам басқыңыз келсе, сізді жарқын болашақ үшін партиялық праймеризге қатысуға шақырамын.

Амандық БАТАЛОВ,

Алматы облысының әкімі,

«Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы