"ӨЛГЕНДЕРДІҢ САНАТЫНА ҚОСЫП ҚОЙҒАН": ПАРТИЯДАҒЫ ҚЫЗЫҚ ЖАҒДАЙ

Уақыты: 25.08.2020
Оқылды: 1010
Бөлім: МІНБЕР

Алматы облысының тұрғыны Кенжебек Алпысбаев «Nur Otan» праймеризіне қатысуға өтініш беру барысында қызық жағдайға тап болды. Партияішілік іріктеуге қатысуға ниет танытқан азамат партияның Алакөл аудандық филиалына барғанда қағаз жүзінде өзінің «о дүниелік» болып кеткенін естіп таң қалған. Бұл туралы "Қазақпарат" агенттігі жазды.

- Мен осы кезге дейін еш алаңсыз өмір сүріп, жұмысымды істеп жаттым. «Nur Otan»-ның праймериз жариялағанын естіп, ауылдастарымның мәселелерін шешуге ықпал ету үшін аудандық мәслихатқа үміткер депутат ретінде праймеризге өтініш беруді ұйғардым. Партияның арқасында АХАЖ-дың осыдан 9 жыл бұрын мені өлгендердің санатына қосып жібергенін білдім, - деп ашуланды Кенжебек Алпысбаев.

Өз кезегінде Алматы облыстық партиялық бақылау комиссиясы бұл келеңсіздікті жойып, Кенжебек Алпысбаевты праймеризге қатысуға ниет білдірген үміткер ретінде тіркеді. Сонымен бірге, «Nur Otan» өз ісіне немқұрайлы қарағандарды жауапқа тартып, тиісті шара қолдануды талап етті.

- Ашығын айтсам, мұндай жауапсыздыққа не дерімді білмей отырмын. Еш негізсіз адамды өлді деп қалай жаза салуға болады? - деп мәлімдеді облыстың партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Ермек Келімсейіт. Ол өз кезегінде Алакөл аудандық әкімі аппаратының жетекшісі Дамир Сатыбалдиевқа партиялық сөгіс беруді ұсынды. Сондай-ақ, партиялық бақылау комиссиясы азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Динара Мұхамеджановаға байланысты тәртіптік жауапкершілік шарасын қолдануды талап етті.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"