ПРАЙМЕРИЗДЕГІ ПІКІРСАЙЫС: ЖАСТАР МӘСЕЛЕСІН ҚАЛАЙ ШЕШЕМІЗ?

Уақыты: 21.09.2020
Оқылды: 1368
Бөлім: МІНБЕР

Қоғам алға жылжуы үшін прогресс керек. Ал прогресс жастармен келеді. Бүгінде «Nur Otan» партиясының ұйымдастырып жатқан праймеризіне жастардың қатысуы көз қуантады. Қай кезде де жастар жаңашылдыққа бастап, өрелі істерді жүйелі жүзеге асыра алады. Оның үстіне жаңалық атаулыны осы жастар шығаруда. Бірақ оларға бағыт пен бағдар беруге аға буын өкілдерінің де болғаны дұрыс.

Міне, осындай әңгіме «Nur Otan» партиясы Талдықорған қалалық филиалы ғимаратында қыркүйектің 21-нші жұлдызында праймеризге қатысушылар арасында өткен пікірсайыста қозғалды.

Нысанаға жастардың мәселесін ілген пікірсайыс ауқымды тақырыптарды қаузады. Мәселен, жастардың жұмыссыздығы. Мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түскеннен бастап «жұмыс табу» мәселесі қылаң етіп бой көрсетеді. Қолға дипломын алғаннан кейін мәселе одан әрі ушығады. Көпшілігі дипломды сандық түбіне тастап, әйтеуір тірлік етудің қамына кіріседі. Даяшы, көлік жуушы, жүк тасушы сынды тірліктерді тұрмысына арқау етеді.

Сөйте жүріп жастар шаңырақ көтеріп, балалы болады. Сол баяғы жұмыссыздық мәселесі әлі шешілмеген. Бала дүниеге келгесін баспана мәселесі қылтиып бас көтереді. Сол жұмыссыздықтың салдары артынша жастардың айырылысуына себеп болып жатады. Мұндай мәселені қолына дипломын енді алған жастарды жұмыспен қамтуға қам жасау арқылы шешуге болады. Сонда баспана һәм ажырасу деген лаң қоғамнан тысқары кетеді.

Бұл жолғы пікірсайыс қаланы көркейту, қоғамдық сананы өзгерту, вандализм сынды тақырыптарды көтеріп, біраз жайттың шешілу жолы тарқатылды. Праймериздің де басты мақсаты сол, қоғамды өзгертуге, алға ілгерілетуге қабілетті тұлғаларды мінберге шығару.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"