ПРАЙМЕРИЗ: QR-КОД АРҚЫЛЫ ДА ҮГІТ-НАСИХАТ ЖҮРГІЗУГЕ БОЛАДЫ

Уақыты: 23.09.2020
Оқылды: 1018
Бөлім: МІНБЕР

"Заманына қарай амалы" демекші, сандық технологиялар «Nur Otan» партиясының қызметінде де кеңінен қолданылады. Уақыт өткен сайын саяси ұйым жұмысын цифрландыруға бұруда. Мәселен, кандидаттар партияішілік іріктеу – праймериздің үгіт-насихаттық жұмысында цифрлық технологияға жүгінуде.

Бұл бастаманы жетісулық қатысушылар да қолға алған. "Nur Otan" партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанболат Жөргенбаевтың сөзінше, QR-код қолдану өте ыңғайлы әрі смартфонмен қажетті ақпаратты толығымен алса болады.

- Партия заман ағымына қарай заманауи технологияны пайдалануы қажет. Сол себепті де Алматы облысындағы үміткерлеріміз QR-код қолдану арқылы да үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Өңірімізде кез келген тұрғын үміткердің таратпа қағаздағы (брашура) QR-кодпен смартфоны арқылы толыққанды мәлімет алып, сайлауалды бағдарламасымен танысса болады, - деп атап өтті Жанболат Жөргенбаев.

Жалпы, QR-код анықтамасына тоқталып өтсек, QR “Quick Response - шұғыл жауап”. Бұл мобильді телефонның камерасы арқылы жылдам тану үшін ақпарат беретін, екі өлшемді (бар код) штрих-код. QR-кодтың көмегімен кез келген ақпаратты кодтауға болады.

Еске салатын жайт, «Nur Otan» партиясы ұйымдастырып жатқан праймериз, яғни, партияішілік іріктеу 17 тамыз бен 3 қазан аралығында өтеді. Алматы облысында 1080 үміткер қазіргі таңда бақ сынасуда. Олар жер-жерлерде үгіт насихат жұмысын жүргізіп, пікірсайыстарға қатысуда. Бүгінгі таңда 60 мыңға жуық адамның қамтылуымен 2000-ға жуық кездесу ұйымдастырылған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"