МАҚПАЛ МЫСА: "ҰЛТ БОЛАШАҒЫ ҮШІН ЕНДІ БІЗ ЖАУАПТЫМЫЗ"

Уақыты: 26.09.2020
Оқылды: 2011
Бөлім: МІНБЕР

Расул Ғамзатовтың «Ұлтының қамын ойламаған адамның қамын ұлты да ойлауға міндетті емес» деген сөзі бүгін әрқайсымызға өзекті болып тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз еліміздің жаңа тарихындағы маңызды белеске жақындап келеміз. Қазір бізге Тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі беріліп отыр», – деп атап көрсетті. Ел мен жерді ата-бабамыз бізге аманат етті дейміз. Ал ұлт болашағы үшін енді біз жауаптымыз! Мұндай ұлы мақсат жолында ұсақ-түйек деп қарайтын істер болмайды. Рух көтеретін пырақ үстінде жүрген ақындар халық қалап отырған сана сілкінісін өлеңдерімен жеткізеді. Қара өлеңнің қасиетімен елін желеп жебеген Фариза апамның жолымен мен де додаға түстім. Мағжанның сенімін ақтар Жастар үшін!

Тап бүгін қазақ қоғамының алдында тұрған міндет пен меже, түйінін шешер түйткілдер аз емес. Рухы жарымжан ұлттың өзі де жарымжан болады. Соңғы уақытта ұлт пен мемлекет арақатынасы – түрлі дәрежедегі эмоция тудырып отырған мәселенің өзектісі болды. Зиялы атанып жүрген қауым ұлт мүддесінен тыс қимылдаса, қара орман қалың елдің қолдауынан айырылары ақиқат. ХХ ғасыр басындағы Алаш көсемдері Ахмет пен Әлихан, Міржақып пен Мұстафа бастаған жайсаңдарымыз ұлт мүддесін бәрінен жоғары қойды. Арада бір ғасыр өтсе де олардың алаңы күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелер. Отыз жыл ел басқарған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаты қазақ мемлекетін нығайту, бар болмыс құндылықтарымызды сезініп, өзіміз де, өзгелер де сыйлай алар биікке шығару еді. Арман мен биік мақсаттарға жеткен мемлекеттің іргетасы мықты болу үшін әр азаматтың бойында үлкен сезімдер болуы тиіс. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жүз жаңа есім» жобасында жеңімпаз атанып, қаншама біліммен қуаттанып, жетістіктерге жеткен, еңбегімен өрлеген жастарды көрдім. Олардың арасында тапшылық пен сынақтарға төтеп беріп, денсаулығының ақаулығына қарамай қайралған, өзін-өзі дәлелдеп шыққан қайратты жастар бар. Олардың әрқайсысы – тарих, тағдыр, оқиға, өнеге. Осыған дейін республика, облыс пен аудандарда көптеген кездесулер өткізіп, сабақтастық орнаттым. Праймеризді елі үшін қызмет етер осындай азаматтарды елдік мақсатқа шақыру деп түсінгендіктен осынау тарихи үдеріске атсалысу және дамудың жаңа кезеңінде өзімнің үлесімді қоссам деген мақсатпен келдім. Ендеше, назарларыңызға сайлауалды бағдарламамды ұсынамын.

Құрметті партияластар! Қадірменді Кеген ауданының тұрғындары!

Ескі жұртқа жайылған тамырым бар, туған жерге байланған кіндігім бар. Өзім ауылда туып-өстім. Жетістіктерім мен жеңістерімнің тамыры әуелі осы ауылдан басталды.Туған елден қол үзгем жоқ. Шығармашылықтағы әрбір қуанышты әуелі туған елмен бөлісемін. Ауыл жағдайы мені әр кез ойландырады. Әсіресе ел басына күн туған пандемия кезінде халық жаппай ауылға ағылды. Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді. Ынтымақ пен ауызбіршіліктің арқасында сынақты еңсердік. Бүгінгідей өркениеті өрге басқан еліміз үшін жастарымыз алысқа бармай-ақ өз туған жерінде бәсекеге қабілетті болуға тиіс. Сайлауалды бағдарламамның басты өзегі жастармен тікелей байланысты.

Сондықтан да негізгі басымдық ЖАСТАР ӘЛЕУЕТІН КӨТЕРУ

Саяси-экономикалық, ғылым-білім, мәдениет, денсаулық сақтау салаларындағы бұған дейін қабылданған және іске асырылған мемлекеттік бағдарламалар оң нәтижесін беріп, азаматтардың өмір сүру деңгейі мен тұрмыс сапасына игі ықпал етуде. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасымен биыл бөлінген 30 млрд. қаражатқа қосымша алдағы үш жылда 90 миллиард теңге бөлінетінін айтқан еді. Бұл қаражат көлік, ауызсу және газбен қамтамасыз ету сияқты инфрақұрылымдық мәселелерді шешумен қатар мектеп, аурухана, спорт алаңдарын салуға және жөндеуге жұмсалады делінді. Яғни бұған дейін атқарылған шаралар өз жалғасын таба береді. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы да жүзеге асып жатыр.

Аудан аймағында шешілуге тиіс өзекті мәселелер бар. Мәселен, аудандық «Шипагер» ауруханасы 48 жыл бойы күрделі жөндеу көрмеген. Мұнда тіпті томография аппараты жоқ. Пандемия кезінде рентген арқылы ғана диагноз анықталып, науқастарға ем жүргізілген. Бұл дегеніңіз кезек күттірмей шешетін мәселе. Аудандағы мектептер кезегімен күрделі жөндеуден өтуде. Бірақ Кеген ауылының өзінде үш бірдей мектеп күрделі жөндеуге сұранып тұр. Аудандағы мәдени ошақтар бойынша жобалық- сметалық құжаттары дайын объектілер бар, дегенмен Шырғанақ, Тұйық, Жылысай ауылдарына жаңа Мәдениет үйі салыну керек. Ал негізгі жастар үшін де өзекті мәселе Кеген орталығына кітапхана керек. Бүгінде кітапхана деген аты бар мекеме әр кеңседе күнелтіп жүр.

Өңірдің дамуына ықпал ететін шағын және орта бизнес бойынша ауданға инвестиция тарту, өнеркәсіп орындарын ашу маңызды. Мәселен, қымыздың, сүт өнімдері – құрт, ірімшік атаулының шағын кластерлерін дамытып, сыртқа шығару. Қырғыздың пакеттелген ащы құртын емес, ел Кегеннің дәмді құрттарын сатып алады.

Кеген ауданы – қаймағы бұзылмаған тарихи аудан. Туризмге сұранып тұрған өлке ретінде мұнда Мыңжылқы, Ереуілтөбе, Қарқара секілді кез келген таулы аймаққа этноауылдар салынса, ол да елдің рухани дамуына әсер етеді, бюджетке де пайдасы болады. Жаңа жұмыс орындары ашылады.

Біз әлемде үлкен өзгерістер орын алып жатқан заманның куәсі боп отырмыз. Бұл өзгерістер қоғамдық құрылымға, тұлғалық дамуға, өмірдің сапасына деген талаптарға да әсерін тигізуде. Жаңа заманның бізге беретін басты артықшылығы – әлемдік өркениеттің жетістіктерін толыққанды пайдалану үшін ауылдан жырақтап, қалалық жерлерге ойысудың қажеттілігі азая түсуде. Сондықтан ауылдарды дамытуды жаңа көзқараспен, тың серпінмен қолға алуымыз қажет.

Мен өз бағдарламамда осы мәселені шешудің келесі шараларын бөліп көрсетемін:

Аймақтың дамуының басты шарты – жастардың ауылда қалуына жағдай жасау. Жастардың ауылда қалуы, тәжірибелі, білімді жастардың ауылға қайтуы үшін мыналар қажет:

  1. Жаңа заман сұранысына керек кәсіби білім;
  2. Жаңа жұмыс орындары;
  3. Тұрақты табыс көзі;
  4. Тұрғын үй;
  5. Отбасылық инфрақұрылым;
  6. Мәдени орта.

Осы бағыттар негізінде жүйелі, нақты жобаларды жасауда кездесетін кедергілерді жою арқылы біз ауданның экономикалық, әлеуметтік, мәдени және рухани деңгейін көтере алатындығымызға толықтай сенемін. Себебі, жастар – бүгініміз бен ертеңіміздің қозғаушы күші. Жоғарыдағы үш бағыт бір-бірімен тығыз байланыста.

ӨМІРБАЯНЫМ

Мен Тәжмағамбетова (Мыса) Мақпал Мазаққызы 1983 жылғы 26 желтоқсанда Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қайнар ауылында дүниеге келдім. Орта Азия университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетін тамамдадым. Бүгінде Қапшағай қаласында тұрамын. Еңбек жолыма келсек, 2003 жылы Алматы қаласында «Күн мен Ай» республикалық қазақ-түрік журналында журналист, 2004–2008 жылдары Қапшағай қаласында «Қапшағай» қалалық газетінде журналист, 2009 жылы «Жаңа Іле» газетінің редакторы; 2011-2013 жылдары Алматы қаласында «Жетінші жапырақ» ЖШС-де аудармашы редактор, 2014 жылдан бері облыстық «Жетісу» газетінде Қапшағай қаласы мен Іле ауданындағы тілші әрі Алматы қаласында «Kazakh tv» телеарнасында «KazBook» бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі қызметін атқарамын. Ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесімін. «Алақандағы бақыт», «Мен керекпін», «Аспантаудың көктемі», «Шоған абыз», «Ақ қанатты періште» атты жыр жинақтарының авторымын. І. Жансүгіров атындағы республикалық мүшәйраның бірінші орын, қобызшы Молықбай, Майра Уәлиқызы, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы сыйлықтардың, М. Мақатаевтың 80 жылдығына арналған республикалық жыр мүшәйрасының бірінші орын жеңімпазымын. Балкар ақыны Керим Отаров өлеңдерін қазақшаға тәржімалағаным үшін Ресей Жазушылар одағының алтын медалін иелендім. Өлеңдерім бірнеше тілге аударылды. Тарихи тақырыпта жазған «Шоған абыз» дастаным Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы қорының «Алтын тобылғы» байқауының бас жүлдесін иеленді. «Қазақстанның жүз жаңа есімі» жобасының екінші кезеңінің жеңімпазымын.

Кәсіби білім – Жаңа жұмыс орындары – Тұрақты табыс көзі

Кез келген елде дамудың тетігі – білім. «Білімді болу деген сөздің мағынасы – белгісіз нәрсені ашуға қабілетті болу деген ұғым». Әл-Фарабидің бұл сөзі қозғап жатқан әңгімеміздің өзегі болып тұр. Мектеп жасындағы әрбір балаға білім осылай сіңуі абзал. Мемлекет басшысының Жолдауда айтқанындай, қала мен ауыл мектептерінің деңгейі бірдей болуы керек болса, мектеп алдымен техникалық базамен, интернет желісімен толықтай қамтылуы қажет. Сонда ғана оқытушы мен оқушының мұраты білімде болмақ. Мұғалімдер де ұсақ-түйекке басын ауыртпайтын болады. Бұл, бір. Екінші, мен өзім облыс, аудан жастарымен кездескен тәжірибемде жастардың көбісі өзінің арман-мақсат жолында әнші-биші, тамада болудан аспайды. Әнші болу да оңай емес, әрине. Тума талант тас жаратыны белгілі. Бірақ менің айтайын дегенім, жастардың сол өнер бойына дарымаса да жаппай әншілерге еліктеуі олардың әлеуметтік желідегі қызылды-жасылды өміріне қызығуынан деп түсінемін. Яғни мектептерде қолөнер, тігін, өнертапқыштық, робот техникасы, темір өңдеу секілді кабинеттер жүйелі жұмыс жасау керек. Білім олимпиадалары секілді еңбек өребәйгелері де өткізілуі қажет. Бұл жобалар балалардың өнертапқыштық қабілетін оятып, ғылыммен, кәсіппен айналысуына жол ашады.

Бүгінгі жастарға не жетіспейді деген сұрақ алдымнан жиі шығады. Әрбір жастың ұлтқа тән рухани тамыры болуы қажет. Біз көп ретте осыдан ақсап жатырмыз. Ал тамырсыз жастың ертеңі белгілі, қатыгез, қарау, біржақты ойлайтын адам болып қалыптасады. Ал тамырлы жастың ұлтжанды, елге жанашыр, қоғамға керек, ойлы болатыны сөзсіз. Рухани тамыр рухани құндылықтарымызды сақтап, тарих пен мәдениетті, әдебиетті білетін, салт-сана, әдет-ғұрыптарымызды сыйлайтын, кешегі ата жол мен бүгінгінің арасын алтын көпір қылып ұстанатын жастарда ғана болады. Бұл – саясаттың үлкені. Сол себептен де халқымыздың төл қолөнері мен атакәсіпті жаңғырту мақсатында тез арада ауылдық жерлерге балалар этнолагерін салу қажет. Жазда демалуға келген балалар бір жағы таза ауа, табиғатта демалып шымыр болып өседі. Екіншіден, өлкенің тарихымен танысып, қыздар тігін, құрақ, көрпе, сырмақ сияқты қолөнерді, ұл балалар отын жару, өрім өру, ер-тоқым жасау, таспа тілу, мал сою, етті мүшелеу сынды жөн-жосық пен атакәсіпті үйренеді. Мүның ішінде асық ойнау, ақсүйек сынды түрлі ұлттық ойындар бар. Ат спортын да қамту керек. Бұл идея жаңа жұмыс орындарын ашады, жергілікті бюджетке де ықпал етеді.

Ел басына күн туған пандемия кезінде қала халқының ауылға жаппай ағылғанын көзбен көрдік. Таза ауа, табиғатты жанына сауға қылып, ел-жұрт тау-тасты аралап кетті. Қалалықтардың ауылға деген көзқарасы өзгерді. Қымыз ішіп, қойдың майын ем тұтып, табиғи өнімге бас қойды. Көлсай мен Қайыңдыға келуші туристердің саны артты. Кеген ауданы табиғаты көркем таулы өлке болған соң, тіпті біз аңғара бермеген әдемі, көрікті жерлерді көруге келген туристер барған жерлерін әлеуметтік желілерге таратып, атын аспандатып жатыр. Аудан өз байлығының игілігін ең алдымен өзі көруге тиіс. Бұл ретте жастардың сауатты кәсіби білім алуы үшін осы аймақтан экономикалық және туризм колледжін ашуды ұсынамын. Жастар бүгінгі дамуға қажетті мамандықтарды игеріп, кәсіби біліктілігін арттырып, дайын маман болып шығады. Әрине, бұл үшін мемлекеттен тегін гранттар мен субсидиялар қарастырылуы қажет.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі» екенін айтқан еді. Шағын және орта бизнес ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді. Жергілікті бюджетті нығайтады. Жаңа жұмыс орындары ашылады.

Бұл үшін кәсіпкерлікті дамытудың орталықтандырылған жүйесін құрып, аудандағы үздік кәсіпкерлерді топтастырып, жастармен тәжірибе алмасу үшін сабақтастық орнату қажет. Бұл бастама, біріншіден, үлкендердің елге, туған жерге деген сүйіспеншілік сезімін күшейтсе, екіншіден, өскелең ұрпаққа бағыт-бағдар беруде өз тәжірибесімен бөлісіп, жауапкершілікті сезінеді.       Туризм, экотуризмді дамыту. Сындарлы сынақта бұл идея уақыт сұранысын туғызып отыр. Адам көп жүрген жерде әрине, зияны да тиіп жүреді. Сол себепті де табиғатқа зиян келмейтін экотуризмді дамыту, танымдық ақпарат алу үшін өлкетануға арналған әртүрлі этнокафе, амфитеатр, мұражай, ұлттық ойындардың топтамасын қарастыру қажет. Түрлі өнер фестивальдерін өткізу елдің мәдени дамуына да ықпал етеді.

Отбасылық инфрақұрылым бойынша әрбір жас тұрғын үймен қамтылуы керек. Жас отбасыларға қажетті тұрмыстық, әлеуметтік объектілер, балабақшалар, сапалы емханалар, тіс емханасы, шаштараздар, баланы дамыту орталықтары, түрлі үйірмелер, отбасылық демалыс орындары, парктер, спорт алаңдары жүйелі жұмыс істеуі қажет. Бұлардың көпшілігі тағы да жас кәсіпкерлердің бастамасымен шешіледі. Мемлекеттің міндеті –– қаржыландыру механизмдерін жетілдіру және бюрократиялық кедергілерді азайту.

Мәдени орта

Ұлы психолог Зигмунд Фрейд адам психологиясына күнделікті тіршілік ету дағдысы әсер ететінін айтады. Ауыл мен қала қандай жағдайда теңеседі? Біз сыртқы форманы емес, ауыл мен қала тұрғындарының бірдей саналық жаңаруын іздеуіміз керек. Саналық жаңаруға әрине қала әлдеқайда оңтайлы. Қалада бәрі бар. Ал ауылға рухани материалдық базасы – кітапхана жүйесі, коворкинг орталықтары, қолжетімді интернет, халықтық театрлар, киноклубтар, Мәдениет үйлері, ондағы үйірме салалары, шығармашылық ұйымдар қажет. Бұлар жастардың өркениетке ұмтылысына, дүниетанымының кеңеюіне, эстетикалық талғамының тереңдеуіне әсер етеді. Және әдебиет, өнер фестивальдері дәстүрлі түрде өту керек. Жастар қазіргі заман ақын, жазушыларымен кездесіп, ел ішіндегі таланттармен танысып, сабақтастық орнатуы керек. Ақсақалдар, аналар, келіндер институты жайлы медиалық түсірілімдер түсірілу керек. Мен осы бір жаңару прогресін өзімнен бастап отырмын. Сондықтан алдағы уақытта бұл айтылған жобалардың жүйелі түрде жұмыс істеуіне атсалысамын.

Құрметті партия мүшелері! Құрметті жерлестер!

Мен үшін күллі қазақ бір ата, бір-ақ ауыл. Ауыл деген тағдырымыздың мұңын жоқтап, мұратын айту – парызым. Демек ауылды өзіне тән байлығымен көтеру, исі қазақтың ортақ қазынасына айналдыру – жастардың еншісіндегі игілікті шаруа. Халық пен билік арасындағы байланыстырушы буын ретінде әрекет ету үшін бағдарламада ауданды дамытуға бағытталған нақты шараларды ұсындым.

Қазақстан – ортақ шаңырағымыз! Ал, әр азамат – өз туған жерінің патриоты.

Сіздерді «Nur Otan» партиясының праймеризінде менің кандидатурамды қолдап дауыс беруге шақырамын!

Мақпал МЫСА

Алматы облысы