БАУЫРЖАН БАЙБЕК: "ПРАЙМЕРИЗ БІЗГЕ ҮЗДІКТЕРДІ АНЫҚТАУҒА МҮМКІНДІК БЕРЕДІ"

Уақыты: 29.09.2020
Оқылды: 1339
Бөлім: МІНБЕР

Депутаттар сайлауы алдында халықпен жүздесу мақсатында Алматы облысына іссапармен келген «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан БАЙБЕК Талдықорған қаласына да атбасын бұрды.

Алғашқы кезекте жуырда ғана пайдалануға берілген І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетіне қарасты Студенттер үйінде болып, ұстаздар қауымымен кездесті. Қазіргі таңдағы ең өзекті мәселе балалардың қашықтан білім алуы болғандықтан оның қалай жүзеге асып жатқанын сұрап білді. Бұл орайда Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Али жан-жақты ақпарат беріп, оқушыларды ноутбук, планшеттермен, ғаламтор желісімен қамтуға барынша көңіл бөлініп жатқандығын жеткізіп, білім саласы жайын егжей-тегжейлі баяндады.

Бұдан соң «Атамекен» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында болып, өңір белсенділерімен жүздесті. Мұнда «Нұр Отан» партиясының Алматы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Амандық Баталов сайлауалды бағдарлама негізінде атқарылып жатқан жұмыстарға, Жетісу өңірінің экономикалық даму жайына тоқталып өтті.

«Нұр Отан» партиясының Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанболат Жөргенбаев праймериздің өту барысын сөз етті. Өз кезегінде Бауыржан Қыдырғалиұлы сөз алып, жаңа праймериз бағдарламасының маңыздылығын жеткізді. Оны өткізудегі мақсат мәслихаттар жұмысының тиімділігін арттыру екендігіне баса назар аударды.

Бауыржан Байбек:

- Праймериз арқылы біз шындығында жүрегі елім, жерім деп соғатын, халық үнін, өзінің нақты ұстанымын жеткізе алатын, депутат болуға нағыз лайық жалынды, жігерлі жандарды анықтаймыз. Өздеріңізге белгілі, осы орайда пікірсайыстар өтіп жатыр. Бұл бізге ең үздік үміткерлерді анықтауға мүмкіндік береді, – дей келе, бұл тұрғыда көпшілікті белсенді болуға шақырды.

Алма ЕСЕНБАЕВА

Алматы облысы