ПРАЙМЕРИЗ: АМАНДЫҚ БАТАЛОВ МЫҢНАН АСА КАНДИДАТТЫҢ ІШІНЕН ӨЗ ТАҢДАУЫН ЖАСАДЫ

Уақыты: 03.10.2020
Оқылды: 1183
Бөлім: МІНБЕР

Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ «Nur Otan» партиясының партияішілік сайлауында "Праймериз" ақпараттық жүйесі арқылы онлайн дауыс берді.

Кандидаттарға дауыс берген облыс әкімі партиялық праймеризмге әрбір партия мүшесі белсенді қатысуы керек екенін атап өтті.

– Ұлт Көшбасшысы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның, ең алдымен, халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған жұмысын жандандыру бойынша нақты міндеттер қойды. Жаңа форматта өтіп жатқан қазіргі сайлау бізге Елбасының және ел Президентінің тапсырмаларын орындай отырып, мемлекет пен оның мүддесі үшін пайдалы  және тиімді жұмыс істейтін, қоғамның кең қолдауы мен белсенді азаматтық ұстанымы бар жауапты, озық және жігерлі азаматтарды таңдауымызға көмектесетініне сенімдімін. Сондықтан әр партия мүшесі дауыс беруге белсенді қатысуы керек, – деді облыс әкімі Амандық Баталов.

Еске сала кетейік, праймеризге Алматы облысынан 1047 үміткер қатысып жатыр. Оның ішінде, Талдықорған қаласы бойынша кандидаттар 50 адамнан асады. Облыс әкімі Талдықорғанда тіркеуде тұрғандықтан, дауыс беру кезінде де тек қала бойынша үміткерлерді таңдай алады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"