ПРАЙМЕРИЗ: ЖЕТІСУЛЫҚ ПАРТИЯЛАСТАР ӘРДАЙЫМ АЛДЫҢҒЫ ҚАТАРДА ЖҮРЕДІ

Уақыты: 09.10.2020
Оқылды: 1157
Бөлім: МІНБЕР

Елімізде «Nur Otan» партиясы өткізген партияішілік іріктеу – праймериздің алғашқы кезеңі де өз мәресіне жетті.

Маңызды бастама Елбасы, партия лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша ел тарихында тұңғыш рет республика көлемінде өтіп, партия жүйесінде тиімділігін көрсетті, партия жұмысын «қайта жандандыру» бағдарламасының негізгі кезеңдерінің бірі болып, нәтижесі де көрінді.

Ел ішінде үлкен жаңалыққа ие болған бұл іріктеуге Алматы облысынан 1116 үміткер тіркеліп, оның ішінде, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар 1047-сі соңғы кезеңіне дейін қатысты. Бәйге ретінде өткен іріктеумізде 69 қатысушымыз әр кезеңде қатысудан бас тартып, бұл өз кезегінде бәсекелестікті арттырды, 1 мандатқа 3 үміткер таласқа түсті.

Ұйымдастыру комитеті ретінде біз облыс, әр аудан-қалаларда барлық қатысушыларға теңдей мүмкіндік жасап, әдістемелік көмек көрсетіп, праймериз ережесінің негізгі талаптары бойынша ауқымды түсіндірме шаралары жүргізілді. Бұл әр ұйымдастыру комитеті мүшесінің атқарған еңбегі деп білемін.

Үгіт-насихаттық кезең ауқымды сипатқа ие болып, үміткерлеріміз шалғай ауылдан бастап үлкен қалаларға дейін әр "нұротандыққа", әр тұрғынға партия филиалының сайлауалды бағдарлама жобасы негізінде құралған өздерінің мақсат-міндеттерін түсіндіріп, 2 мыңнан аса өткен кездесудегі 130 мыңға жуық халықтан 1000-нан аса ұсыныс-аманаттарын жинады.

Қуантарлығы, бұл айтылған ұсыныстардың жартысынан көбі біздің сайлауалды бағдарлама жобасына енгізілген. Бұл дегеніміз, біздің бағдарлама қоғамның үдесінен шығып отырғандығын аңғартады. Заманауи технологияны қолдай отырып, үміткерлеріміз онлайн кездесу, Zoom, Skype конференция арқылы шаралар өткізіп, сандық технология - QR-код әдісінде үгіт парақшаларын да кеңінен пайдаланды.

Партияішілік іріктеуде үміткерлердің саяси шыңдалатын кезеңі ол - пікірсайыстарға қатысу болды. Сөз додасына қатысқан әр үміткер тек сайлауалды бағдарлама жобаларын түсіндіріп ғана қоймай, нақты іске асыру жолын да атап өтті. Бұл өз кезегінде үміткерлеріміз өңірдің мәселелерінің шешілу жолындағы ұсыныстары, азаматтық бастамалары қуантады.

Әр үміткерге, жалпы партияда маңызға ие – ол дауыс беру кезеңі болды. Жетісулық партияластарымыз 1 қазан, түнгі 00.00-ден онлайн дауыс беру басталған сәттен белсенділігін көрсетіп, алғашқы дауыс беруші ретінде декреттік демалыстағы жас маман тіркелді. «Праймериз» қосымшасы әрі веб-портал арқылы 68 мыңнан аса партияласымыз дауыс берсе, 3 қазан күні дауыс беру учаскелері ашылып, дәстүрлі, яғни, қағаз бюллетендер арқылы дауыс бергендер саны 8 924 азаматты құрады. Жетісулықтардың белсенді дауыс беруі аясында біз, республика бойынша алдыңғы шепке шығып, қатысу көрсеткіші бойынша 94,2% пайызға жеттік.

Енді біздің жұмыс мұнымен тәмамдалған жоқ. Алдағы уақытта аудан-қалалық конференцияларда дауыс көп жинаған үміткерлеріміздің пікір-сайыстары өткізіліп, жоғары нәтиже жинағандары облыстық конференцияда өздерінің көшбасшылық қасиеттерін көрсетпек. Қорытындысында ел үмітін арқалайтын, елдің мұң-мұқтажын билікке жеткізіп, алтын көпір болатын партияластарымыздың тізімі жасақталмақ.

Біз праймериз арқылы қоғамдағы жаңа тұлғаларды танып білдік. Бәйге секілді жеңгендер, жеңілгендер болады. Осы орайда, дауыс көрсеткіші төмен үміткерлерді шетке шығармай, олардың қабілеттерін партияның бақылау, консультативті-кеңесші және басқа да органдарында пайдаланып, кеңінен бірлесе жұмыстарды атқарамыз деп жоспарлап отырмыз.

Қорытындылай келе, праймериз ел ішінде үлкен маңызға ие болды және қорытындысында ел дамуы жолында өз нәтижесін береді деген сенімдемін. Алар асуларымыз әлі алда және осы жолда жетісулық партияластарымызбен жеңісті жетістіктердің куәсі боламыз деген мақсатты алға қоямыз.

Жанболат ЖӨРГЕНБАЕВ,

«Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары