"СЫЛТАУ ТАБЫЛАДЫ": КЕШІКТІРІЛГЕН ҚҰРЫЛЫСҚА ПАРТИЯ ӨКІЛДЕРІ БАРДЫ

Уақыты: 24.10.2020
Оқылды: 1511
Бөлім: МІНБЕР

Әлемді жайлаған пандемия бар саланың жұмысына кері әсерін тигізіп тұр. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы бәсеңдемеуі үшін қарқынды жұмыс керек. Сол мақсатта «Nur Otan» партиясы өкілдері жер-жерде әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралап, кешеуілдеген кей нысандардың тамырына қан жүгіртуге күш салуда. Бұл туралы аталған партияның облыстық филиалы хабарлады.

Алакөл ауданына қарасты Үшарал қаласында 60 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы осы пандемия салдарынан кешеуілдеп қалды. Өткізілетін уақытынан асып, жұмысында тұралау байқалған нысан басына «Nur Otan» партиясы Алакөл аудандық филиалы төрағасының орынбасары Қайрат Көкебаев пен аудандық мәслихат депутаты Совет Қарабеков барды.

Баспана мәселесі Үшарал қаласында да өзекті. Тұрғындардың құрылыс жұмысына алаңдаушылығын аңғарған ел ағалары бас мердігер «СпецМетсСтрой» ЖШС басшылығымен жолықты. Бүгінде құрылыс басында жұмыс күші жеткілікті. Техника да баршылық. Құрылыс материалдары да уақытында жеткізіліп тұр. Жұмыс кестеден ауытқымай, тиісінше жүргізілуде.

- Аудан тұрғындары үшін ғана емес, еліміз бойынша баспана мәселесі өзекті. Үшарал қаласының тұрғындары 60 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй салынып жатқанына риза. Бірақ нысанның жұмысы сиырқұйымшақтыққа салынбай, уақытында бітуі тиіс. Рас, пандемия бар саланың жұмысына тұсау болды. Айтқанға сылтау табылады. Олай болған күннің өзінде тіршілік бір орында тұрған жоқ қой. Уақыт еншісін тиімді пайдаланып, жұмысты жүйелегенде нәтиже болады. Нысан уақытында берілуі тиіс, - деді Қ.Көкебаев.

Мердігер мекеме басшылығы тұрғын үйдің құрылысы уақытында бітетінін айтты. Кестеден ауытқымау үшін мардымды жұмыс істеліп жатқанын тілге тиек етті.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"