"ЖИЫРМАМДА ЖАНБАСАМ": ДАРЫНЫМЕН ДАРА ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСУ

Уақыты: 05.11.2020
Оқылды: 1080
Бөлім: МІНБЕР

«Nur Otan» партиясы мен «Jas Otan» жастар қанаты Алматы облыстық филиалдарының ұйымдастыруымен белсенді жастармен, оның ішінде, мәдениет саласында қарымы мен қабілеті жөнінен дараланған жастармен онлайн режимде кездесу өтті. Кездесудің басты мақстаты – шығармашыл жастарға дем беру, қарым-қабілетіне қанат бітіріп, қолдау жасау.

Өңірдегі жастардың белсенділігі көз қуантады. Әр салада олардың алар өз биігі бар.

«Жас келсе, іске» деген. Ел Президенті жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында жастар саясатын жетілдіру бойынша іргелі тапсырмалар беріп жүргені белгілі, өйткені жастар қоғамның бір бөлігі ретінде мемлекетте маңызды рөл атқарады.

Жастарды жұмыспен қамту мәселесі елімізде басты назардағы мәселе. Осы проблеманы жою үшін елімізде «Дипломмен ауылға», «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту-2020», «Әрбір отбасына «7-20-25» бағдарламасы аясында баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру», «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» секілді бағдарлама мен жобалар қолға алынып, еліміздің түкпір-түкпірінде жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағдарламалар арқылы жастардың белсенділігін арттыру ғана көзделмеген, олардың қоғам дамуына сүбелі үлес қосуына сеп болу да айқындалған.

Шарада:

- Елімізде руханиятты дамытуға, игілікті, адамгершілікті, қайырымдылық пен өзара түсіністікті өрістетуге жол ашатын үздік мәдени дәстүрлерді сақтауға және молайтуға ерекше мән беріледі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Қазіргі заманғы әлемде еліміздің берік мәдени тұғырынсыз экономикалық және саяси табыстары болуы ақылға сыйымсыз. Планетаның 30 лайықты ұлтының біріне айналу үшін, бәрінен бұрын, ХХІ ғасырда ең танылған мәдениеттің қатарында болу керек. Біз Қазақстанның әлемдік «жоғары мәдениет қоғамының» үш ондығы шоғырына енуін қамтамасыз етуге тиіспіз», - деп атап көрсеткен еді. Осы бағытта жұмыс істеуіміз қажет, - деді «Nur Otan» партиясы Алматы облысы филиалы төрағасының орынбасары С.Нұрқадырұлы.

Жиын барысында жас ақын, «Жиырмамда от боп жанбасам» кітабының авторы Б.Өмірбай «Болашаққа бағдар – Рухани жаңғыру» тақырыбында, журналист, "Жетісу" газетінің тілшісі, «Көшбасшы-2019» байқауында «Үздік журналист» номинациясын иеленген М.Әнербай «Ұлы Даланың жеті қыры» тақырыбында баяндама жасады. Шабыттылар жиынында жас өнерпаздар өз өнерін ортаға салып, қанаттанды.

Жиын соңында аға буын өкілдері жастарға сәттілік тілеп, табысты еңбек етуге шақырды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"