ПАРТИЯ ЖАНЫНДАҒЫ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС МӘДЕНИЕТ ҮЙЛЕРІНІҢ ЖАЙ-КҮЙІН ҚАРАДЫ

Уақыты: 05.11.2020
Оқылды: 1128
Бөлім: МІНБЕР

«Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы жанындағы «Miras» аймақтық қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Кеңес отырысын «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары әрі аталған кеңес төрағасы Нүсіпбай Әбдірахым ашып, жүргізді.

Қоғамдық кеңес отырысына облыстық партия филиалы төрағасының орынбасары С.Нұрқадыров, кеңес мүшелері, мәдениет саласының өкілдері қатысып, күн тәртібінде Алматы облысындағы мәдениет ошақтарының жай-күйі және мәдени саясатты жүзеге асыру мәселелері қаралды. Шарада облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Т.Ғұмаровтың есебі тыңдалды.

Кеңес мүшелері мәдениет нысандарын жөндеу әрі материалдық техникалық базамен қамту мәселелерін көтерді. Осыған орай аталған басқарма тарапынан жауап берілді. Т.Ғұмаров: «Биылғы жылы мәдениет саласының 4 нысанын күрделі жөндеу жұмыстарына 172 миллион 600 мың теңге, 27 нысанды ағымдағы жөндеуге 439 миллион 400 мың теңге, 21 нысанға жобалық сметалық құжаттама әзірлеуге 203 миллион 100 мың  теңге бөлінді», - деп атап өтті.

Басқарманың бөлім басшысы «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде 4 миллиард 804 миллион 400 мың теңге бөлінгенін, оның ішінде 12 нысанды күрделі жөндеуге 4 миллиард 209 миллион 500 мың теңге, 2 ғимараттың қайта құрылыс жұмыстарына 594 миллион 900 мың теңге қаралғанын жеткізді. Сондай-ақ, «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында 4 Мәдениет үйін күрделі жөндеуге 1 миллиард 149 миллион 300 мың теңге, мекемелердің материалдық-техникалық базаларын нығайтуға 328 миллион 800 мың теңге бөлінген. Биылғы жылдың өзінде 128 штат бірлігі беріліп, халыққа мәдени қызмет көрсету сапасы артқан.

Шара соңында кеңес мүшелері шешім қабылдап, көтерілген сұрақтар негізінде жергілікті атқарушы орган өкілдеріне жүзеге асыру бойынша ұсыныс жолдады.

Айта кетейік, «Miras» қоғамдық кеңесі мәдениет пен өнерді дамыту мәселелерімен айналысады. Негізгі міндеттеріне мәдениет пен өнер саласындағы басым бағыттарды анықтап, оларды жүзеге асыруға қажетті шаралар туралы ұсыныстар әзірлеу жатады. Сонымен қатар, еліміздегі және шетелдегі мәдениет пен өнердің жай-күйі туралы жүйелі түрде  ақпараттандырып отырумен шұғылданады. Қоғам үшін маңызы бар басқа да мәселелерді талқылау «Мирас» қоғамдық кеңесінің құзырында.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"