КЕЗ КЕЛГЕН ЕЛ ТАТУЛЫҚ ПЕН ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫҢ АРҚАСЫНДА ДАМИДЫ

Уақыты: 12.11.2020
Оқылды: 836
Бөлім: МІНБЕР

"Nur Otan" партиясы Алматы облыстық филиалының Саяси Кеңес мүшелерінің қатысуымен студент жастардың этномәдени ұйым өкілдерімен кездесуі өтті.

Мұндағы мақсат – Қазақстанның достық мекеніне айналудағы тарихи жолын ұрпақ санасында жаңғырту. Онлайн режимде өткен жиынды Алматы облыстық партия филиалы төрағасының орынбасары С.Нұрқадыров жүргізіп, жастарға бірлік пен татулықты ту еткен еліміздің өрісті қадамдары жайлы баяндады.

- «Бірлік болмай, тірлік болмайды». Кез келген елдің дамуы алдымен татулықтың, онан соң тұрақтылықтың арқасында екендігі дәлелденген қағида. Ендеше, ұлтаралық келісім мен ауызбірлікті ардақтап, сақтай білу – бүгінгі Қазақстан қоғамының алдындағы құнды парыз. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл толды. Осы уақыт ішінде жалпыадамзаттық институтқа айналған ұйым елдегі келісімнің тұғыры, бірліктің тұтқасы бола білді. Еліміздің дамуы үшін маңызды роль атқарып, татулық пен бірлікті нығайтуда орасан үлес қосып, 100-ден аса ұлт пен ұлыстың басын біріктірген қасиетті шаңырақ қазір төрткүл дүниеге тамаша үлгі танытып келеді. Елбасының жетекшілігімен Қазақстан халқы ауызбірлігі жарасқан қоғамды және экономикасы дамыған демократиялық мемлекетті құрды, - деді С.Нұрқадыров.

«Туган тель» татар этномәдени орталығының төрайымы Руфина Усанованың айтуынша, Қазақстан осы бірлігімен талай белестерді бағындырады. «Көп біріксе – ел болар, көп тілегі көл болар» деген қазақтың нақылы соған дәлел.

- Қазақстан - бірлік ұя салған қасиетті мекен. Қиын-қыстау сәтте маңдайы тасқа соғылып, атақонысынан ажырап қалған талай тағдырға пана болды. Мейірімділік пен жақсылық атаулыны қазақ халқынан көрді. Міне, сол жақсылықтың өтеуі адалдық болуы тиіс. Біз туған жеріміздің отансүйгіш азаматтарымыз. Қазақстанның көк байрағы ашық аспан астында желбіреп тұрса, сол жанымызға қуат береді. Қазақстан – татулықтың бесігі, - деді Р.Усанова.

Онлайн жиынға қатысушылар жан-жақты пікір алмасты. Сауал жолдап, тұщымды жауап алды. Бастысы жастар мұнан кейін де татулықтың ақ жалауын желбірете түспек.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"