ПАРТИЯ КОНФЕРЕНЦИЯСЫНДА ҮЗДІК ШЫҚҚАН ҮМІТКЕРЛЕР ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 16.11.2020
Оқылды: 1162
Бөлім: МІНБЕР

«Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалының кезектен тыс XXVІІ конференциясы өтіп, праймеризден үздік шыққандардың алдағы күндерге арнаған жобалары тыңдалды. Сондай-ақ, Сайлауалды бағдарлама бекітіліп, ҚР Парламент Мәжілісіне партиялық тізімге қосылатын кандидаттардың аты-жөні таныстырылды.

І.Жансүгіров атындағы Мәдениет үйінде өткен алқалы жиынды ашып, жүргізіп отырған партияның облыстық филиалының төрағасы, Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ биыл «Nur Otan» партиясының бастамасымен елімізде праймериз арқылы ішкі партиялық іріктеу өткізілгенін, оған облыстан 1116 үміткер өз кандидатурасын ұсынғаны, іріктеу қорытындысы бойынша 1047 үміткердің іріктеуден өткенін, бірнеше кезеңмен өткізілген праймериздің қорытындысы шығарылатынын жеткізді.

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалының кезектен тыс XXVII конференциясына белгіленген өкілеттілік нормасына сәйкес, аудандық, қалалық партия филиалдарынан сайланған 140 делегат толық қатысып, кезектен тыс конференция шешімдеріне дауыс берді.

Алдымен дауыс беру тәртібін келісіп алуды ұсынған модератор пікірсайыстан соң праймериз кандидаттарына онлайн форматта, жиында қаралатын өзге мәселелер бойынша мандат көтеру жолымен ашық тізіммен дауыс берілетінін жеткізді. Осылайша «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының кезектен тыс XXVII конференциясы ашық деп жарияланған соң Қазақстан Республикасының Гимні орындалды.

Одан соң облыстық филиалдың Сайлауалды бағдарламасын көпшілікке таныстырған филиал төрағасы, облыс әкімі Амандық Баталов:

Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Н.Назарбаев елімізде алғаш рет жүргізілген праймеризді ашық, демократиялық тұрғыда, заңды ұйымдастыру қажеттігін атап өтті. «Nur Otan» партиясының Сайлауалды бағдарламасын әзірлеу барысында праймериз кезінде тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті мәселелердің ескеріп, оның шешу жолдарын бағдарламаға енгізуді тапсырды. Алматы облысының тұрғындары да партиядан нақты мәселелерді шешілуін күтуде. Осы орайда «Nur Otan» партиясының Алматы облысы бойынша 2021-2025 жылдарға арналған Сайлауалды бағдарламасы әзірленді, – деп бағдарлама жүктеген міндеттерді таныстырып өтті. – «Nur Otan» партиясының облыстық филиалының сайлауалды бағдарламасы негізінен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауының басым бағыттарына сәйкес жасалды. Соған орай «Nur Otan» партиясы дамудың 7 басым бағытын айқындап отыр. Олар: экономикалық тұрақты аймақ; өмір сүруге ыңғайлы аймақ; әлеуметтік бағытталған аймақ; жастарға арналған аймақ; мәдениеті мен тарихы бай аймақ; ашық және есеп бергіш жергілікті органдар; қауіпсіз аймақ деп аталады. Сайлауалды бағдарламасында басты бағыттар, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының ерекшеліктері есепке алынып, биылғы жылдың пандемияға қатысты қиындықтары ескерілді. Онда халықты әлеуметтік қамсыздандыру, шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын қолдау сынды мәселелер ерекше назарға алынып отыр. Сайлауалды бағдарламасының жобасы «Nur Otan» партиясы Орталық аппаратының сайтында жарияланған. Облыс тұрғындарының талқылауы кезінде қабылданған 1012 талап-тілектің 818-і жобада көрсетілсе, 144 талап-тілек жобаға енгізілді. Одан бөлек, партияның жұмысы және партияішілік праймериз жөніндегі 50 сұраққа жауап берілді. Аталған Сайлауалды бағдарламаға сәйкес алдағы 5 жыл ішінде атқарылатын нақты істерді үгіт-насихат кезеңінде тұрғындар арасында кеңінен жариялайтын боламыз.

Конференция делегаттары күн тәртібіндегі екінші мәселе – аудандық, қалалық конференциялардың пікірсайысында жоғары балл алған 26 кандидаттың Мәжіліске партиялық тізімге ену үшін өткізетін пікірсайысын тыңдап, Жетісу жерінің өркендеуіне қажетті жаңа жобалармен танысты. Пікірсайыстың алғашқы кезеңінде ауылшаруашылық, туризм, білім, мәдениет, спорт сынды салалардың жұмысын жандандырудың жаңаша жолын ұсынғандардың айтуынша, аймақтың өркендеуі үшін көптеген жұмыс атқарылып, туған жердің өркендеуіне үлес қосу үшін әркім өзі еңбек ететін саланың тамырына қан жүгіртуі тиіс. Одан бөлек, ел мен жердің амандығы, мемлекеттің дамуына ықпал ету жанашырлықпен, шынайылықпен, адалдықпен жүргізілуі керек. Үш топқа бөлініп, өз жобаларын таныстырғандардың арасында әріптесіміз, «Жетісу» газетінің Іле ауданы мен Қапшағай қаласындағы тілшісі, ақын Мақпал Мыса да тыңдаушыларға өз үнін жеткізді.

– Сөз басын ақын Расул Ғамзатовтың: «Ұлтының қамын ойламаған адамның қамын ұлты да ойлауға міндетті емес»  деген сөзімен бастағым келіп тұр. Бүгінгі таңда бұл сөз өте өзекті. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында: «Біз дамудың жаңа тарихындағы маңызды белеске жақындап келеміз. Қазір бізге тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді дамытудың жаңа сапалы кезеңіне шығарудың мүмкіндігі беріліп отыр», – деп атап көрсетті. Ел мен жерді ата-бабамыз бізге аманат етіп қалдырды деген сөзді жиі айтамыз. Ал, бүгін ұлт болашағы үшін біз жауаптымыз дегім келеді. Ұлы мақсат жолында ұсақ-түйек деп қарайтын істер болмайды. Ұлт мүддесін бәрінен биік қойған кешегі Әлихан мен Ахмет, Міржақып пен Мұстафа бастаған жайсаңдарымыздың бәрі қаламға серт берген алыптар еді. Қара өлеңнің киесімен елін желеп-жебеген Фариза апамның жолымен мен де осы додаға түстім, Мағжанның сенімін ақтар жастар үшін. Ескі жұртқа жайылған тамырым бар, туған жерге байланған кіндігім бар. Мен туған ауылдан алыстаған жоқпын. Туған жер тақырыбы мені әркез ойландырады. Ел басына күн туған пандемия кезінде жұрт жаппай ауылға ағылды. Сайлауалды бағдарламамның негізгі мақсаты – ауыл жастарының әлеуетін көтеру. Ал, оның кілті – мәдениетте. Білім алу мәдениеті, кәсіпкерлік мәдениеті, ел басқару мәдениеті дұрыс қалыптасқан қоғамда ғана біз өркениеті озық ел қатарында боламыз, – деді ол.

Осылайша өз жобаларын таныстырып, алдағы күндерде атқарылар істердің нобайын көрсеткен үміткерлер пікірсайыстың екінші кезеңінде өзара қойылған сұрақтарға лайықты жауап беруге тырысты. Праймеризге қатысушылардың сөзі мен мақсатын салмақтаған конференция делегаттары онлайн дауыс беріп, өздері таңдаған бірнеше үміткерге қолдау көрсетті. Алматы облысынан ҚР Парламенті Мәжілісіне партиялық тізімге қосылу үшін пікірсайыс қорытындысы бойынша жоғары дауыс жинаған 8 кандидаттың аты-жөні жарияланып, озып шыққандардың есімі таныстырылды. Ал, пікірсайысқа қатысқан басқа кандидаттар облыстық мәслихатқа депутаттыққа кандидат ретінде енгізілді.

Кезектен тыс конференцияның күн тәртібінде «Nur Otan» партиясынан облыстық мәслихатқа депутаттыққа сайлау бойынша партиялық тізімді бекіту, алдағы 25 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында бейнебайланыс режимінде өтетін «Nur Otan» партиясының кезектен тыс XX съезіне қатысатын делегаттардың тізімін бекіту, облыстық партия филиалының Сайлауалды штабының басшысы мен орынбасарларын таныстыру, облыстық филиалдың Саяси кеңес құрамына өзгеріс енгізу сынды мәселелер қаралып, көпшіліктің қолдауына ие болды.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Алматы облысы