ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИССИЯСЫ ҚЫСҚЫ ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫН ПЫСЫҚТАДЫ

Уақыты: 18.11.2020
Оқылды: 928
Бөлім: МІНБЕР

«Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалының Партиялық бақылау комиссиясы облыстың қысқы тазалық жұмысына дайындық мәселелерін пысықтаған отырыс өткізді. «Zoоm» платформасымен онлайн жүйеде өткен жиынға Алматы облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Б.Тәнекенов қатысты.

Қыс басталса, өзіндік мәселесімен келеді. Әсіресе, қалалар үшін. Қыстың сәні қар дегенмен, қала үшін бұл өзекті мәселе. Жерге қылау түскеннен құзырлы мекемелер тазалық қамына кіріседі. Қала көшелерін қардан тазартып, асфальт бетіне тұз себеді. Жұмыс мұнымен тоқтап қалмайды. Жүргінші жолының да сең қатып, тайғаққа айналмасын қамтамасыз ету керек. "Жаз шанаңды, қыс арбаңды сайла" деген халық даналығы тағы бар.

Басқарма басшысының сөзінше, тиісті құрылымдар қыс мезгіліне дайын. Құрал-жабдықтар, техникалар сақадай-сай. Оларға қажетті жанар-жағар май да, жолға себілер қоспалар да жеткілікті. Мамандар да бар. Қаланы қар құрсауында қалдырмас үшін тиісті жұмыстар атқарылуда. Тек жүргізушілер мен жүргіншілердің түсіністігі керек. Қар жауған сәтте жүргізушілер көліктерін жол жиегіне қойып кетіп, арнайы қар тазалайтын техникалардың жұмысына кедергі келтіретіндігі де сөз болды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"