ЖЕТІСУЛЫҚ ЖАСТАР "100 ЖАҢА ЕСІМ" ЖЕҢІМПАЗДАРЫМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Уақыты: 20.11.2020
Оқылды: 1245
Бөлім: МІНБЕР

«Nur Otan» партиясы Талдықорған қалалық филиалында Алматы облыстық «Jas Otan» Жастар қанатының ұйымдастыруымен жетісулық жастар «Қазақстанның 100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздарымен кездесті. Олар өмір жолдарын мысалға келтіріп, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларды сөз етті.

Кездесуге «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанболат Жөргенбаев қатысып, жастар тарапынан атқарылып жатқан игі істерді нағарға ұсынды.

- Белсенді жастарымыздың атқарған жұмыстары ауқымды. Мысалға, партияның «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында 152 Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне азық-түлік түрінде және 80 ардагерге мекенжайлық көмек көрсетілді. Түркістан облысы Мақтаарал ауданында болған төтенше жағдайға байланысты гуманитарлық көмек көрсету бойынша штаб құрылып, 15 жүк көлігі керуенімен 260 тонна азық-түлік пен құрылыс материалдары жөнелтілді, - деген Жанболат Әкебайұлы пандемия кезінде «Biz Birgemiz», «Бетперде тақ, жақыныңа жанашыр бол», «Дәрігерлерге мың алғыс» секілді акциясы аясына іске асқан шараларға кеңінен тоқталды. Сондай-ақ, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары жайлы да ерекше атап өтті.

- Жоба жеңімпаздарының атқарған жұмыстары ауқымды. Елдос Баялышбаев – мүгедектерге арналған фитнес орталығын ашып, талай жанға қолдау көрсетіп отыр. Сонымен қатар, Алакөл жағасында пансионат ашып, әлеуметтік кәсіпкерлік саласын жүргізуде. Игі іс жасаушылардың қатарында Мақпал Тәжмағамбетова да бар. Жетісуда әдебиет пен шығармашылық саласында елеулі жетістіктерге жетіп, шығармалары талай оқырманның жоғары бағасын да алып отыр. Тағы бір жеңімпазымыз – Елдар Сапаров облысымызда үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істеуде облыстық азаматтық альянсын қолға алып, жастар ісімен белсенді жұмыс жүргізуде, өңіріміздегі жас әрі белсенді  депутаттардың бірі, - деді партия өкілі.

Жиында сөз алған Елдар Сапаров пен Елдос Баялышбаев мемлекеттік бағдарламалар арқылы еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосуға болатынын, кәсіпкерлікпен айналысуға барлық жағдай жасалғанын айтты. Баспанасыз, жұмыссыз жүрген жастардың жайын да тілге тиек етіп, олардың санын азайту жөнінде ұсыныстарын жеткізді. Кездесу соңында жастар көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, соған сай тұщымды жауап алды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы