Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"ЕҢ ҮЛКЕН ЕМ - ЖАҚСЫ СӨЗ": МЕДИЦИНА АРДАГЕРЛЕРІМЕН ОНЛАЙН КЕЗДЕСУ

Уақыты: 24.11.2020
Оқылды: 524
Бөлім: Нұр Отан

«Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалының бастамасымен «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында ғұмырын ел саулығы мен амандығына жұмсаған медицина саласының ардагерлерімен онлайн жиын өтті. Шараның мақсаты – Гиппократ антына адал қызмет етіп, еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін есен-сау жүруіне саналы ғұмырын сарп еткен аялы да саялы жандарға құрмет көрсету.

- Әлемді жаулаған пандемия кезінде халық дәрігерлердің шынайы қамқорлығын сезінді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы дәстүрлі Жолдауын дәрігерлерге алғыс айтумен бастаған еді. Медицина сонша жерден заманауи жабдықтармен қамтылып, дами түскенімен, білікті маман болмайынша бұл саланың өрісі кең деп айта алмаймыз. «Науқасты жазатын ең үлкен ем – жақсы сөз» деген бар Батыстың медицинасында. Бұл ретте адами қасиеттерді кейінгі буынға сіңіріп, тәлім-тәрбие беруде аға буын қалыс қалып жатқан жоқ. Олар әрдайым құрметке лайық. Әдетте дәрігерлерге «ақ халатты абзал жан» деген тіркес қолданылады. Абзалдық – жанның мейірбандығы, қызметке адалдығы мен адамгершілігі. Міне, осындай қасиеттер ел дәрігерлерінің бойынан табылады. Себебі, аға буын, ардагер дәрігерлеріміз соған тәрбиелеп еді, - деді Ескелді аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері, «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Сәуле Құсмолданова.

Соңғы жылдарда медицина саласы білікті һәм білікті жас мамандармен толығуда. «Жас келсе іске» деген бар, жастармен қатар салаға прогресс те келуде. Жаңашыл және талапшыл жастар заманауи медициналық техникаларды тез меңгеріп, сала тынысы ашылуда. Жиын барысында Қаратал ауданына қарасты Көпбірлік дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибелік дәрігері, жас маман Мақпал Сұлтан сөз сөйлеп, аға буынға алғысын білдірді.

- «Арбаның алдыңғы дөңгелегі қайда жүрсе, артқы дөңгелегі сонда бағыт алмақ» деген бар. Сала ардагерлерінен біліммен қатар, имандылықты, адамгершілікті, адамилықты үйрендік. Олар өмір тәжірибесінде алған мол білігін бізге үйретті. Бүгінде саланың майталманына айналған білікті жастар жетерлік. Сол жастар әрдайым медицина саласының ардагерлеріне алғысын білдіреді, - деді ол.

Жиын барысында аға буын мен жастар жан-жақты пікір алмасты. Сала ардагерлері жастарға сәттілік тілесе, жастар оларға алғысын білдірді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"