КӨКСУ ӨЗЕНІНДЕ ҚУАТТЫЛЫҒЫ ЖОҒАРЫ СУ ЭЛЕКТР СТАНСЫСЫ САЛЫНАДЫ

Уақыты: 04.01.2021
Оқылды: 1340
Бөлім: МІНБЕР

«Nur Otan» партиясынан Алматы облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Ділдаш Құрышбаева Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылының тұрғындарымен кездесіп, партияның сайлауалды бағдарламасымен таныстырды.

Алдағы бес жылда атқарылатын жоспарлармен бөліскен Ділдаш Нариханқызы жалақысы жоғары жаңа жұмыс орындары құрылатынын айтты.

– Келер жылы «Нұр Думан» ЖШС-нің Сарыөзек ауылындағы наубайхананы кеңейту жоспары бар. Жоспарды іске асырсақ күніне 2 мың бөлке шығаратын деңгейге жетеді. Ал 2022 жылы «Баян Сервис» жеке кәсіпкерінің Сарыөзек ауылында кірпіш өндіретін цехы салынады. Ол цех күніне 300 кірпіш шығаратын болады. 2023 жылы Сарыөзек ауылында «Алацем» ЖШС темірбетон бұйымдарының цехы салынады, – деген ол 2025 жылы Көксу өзенінде қуаты жоғары «Жарық энерго» су электр стансысын салу жоспарда барын жеткізді.

Кездесу барысында үміткер әлеуметтік сала бойынша да жоспарланған шараларды таныстырды. Шалғай жатқан ауылдарға ауызсу тарту, интернетпен қамту секілді тың жобаларды баяндады. Тұрғындар болса, алдағы саяси науқанның сәтті өтіп, ел экономикасының өркендей беруін тіледі. Үміткер Ділдаш Құрышбаева 10 қаңтарда өтетін сайлауда «Nur Otan» партиясына дауыс беруге шақырып: «Қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз!», – деген сөзбен кездесуді аяқтады.

Мәулен ДАНИЯРҰЛЫ

(«Nur Otan» партиясы Алматы облысының Сайлау қоры қаражатының есебінен төленді. Тапсырыс беруші:  Жөргенбаев Жанболат Әкебайұлы)