Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ БҮЛДІРШІНДЕРІ 100 ПАЙЫЗ БАЛАБАҚШАМЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Уақыты: 29.12.2020
Оқылды: 543

Жер бетін шарлаған пандемия салдарынан бар салада жұмыс бағыты басқаша қалыпқа көшкен. Жұмыстың дені онлайн негізде жүруде. Мұндай сарындағы жұмысқа көшкен саланың бірі – білім.

Бүгінде Алматы облысы елдегі пандемиялық ахуалға сәйкес қашықтықтан оқуды жүйелі жүргізіп келеді. Қажетті жабдықтармен қамту жағы да жоғары деңгейде. Жалпы, елімізде білім саласында жасалып жатқан оңтайлы істер жетерлік. Осы сынды тақырыпты сөз еткен «Nur Otan» партиясынан Алматы облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Бағдәулет Үстенов «ZOOM» бағдарламасы арқылы білім саласының өкілдерімен жүздесті.

– «Білекті бірді, білімді мыңды» жығады деген тәмсілді бабамыз тегін айтпаса керек. «Nur Otan» партиясы білім саласында етжеңді шаруаларды жоспарлап отыр. Мәселен, партияның сайлауалды бағдарламасында алдағы бес жылдықта өңірде балабақша сұранысын 100 пайыз қамтуды көздейді. Үш ауысым дегенді өткеннің еншісінде қалдырып, 80 жаңа мектеп бой көтермек. Әрине, білім беру ұйымдары стандартқа сәйкес заманауи жабдықтармен қамтылып, оқушылардың жан-жақты білімді, елдің керегесін кең етер ұрпақты тәрбиелемек, – деді Бағдәулет Нағыметбекұлы.

Бүгінде аймақта 867 балабақша, 760 мектеп, 76 колледж бен 2 жоғары оқу орны бар. Партия алдағы уақытта білім нысандарының санын ұлғайтпақ. Себебі, үш ауысымдық мектептерді азайту не мүлдем жою негізгі тақырып болып тұр. Осы бағытта Алматы облысында үшауысымдық мектептерді жою үшін 80 мектеп салынбақ.

Мұнан өзге, партия өңірде балабақшамен қамтуды 100 пайызға шешпек. 101 білім беру нысанында қайта жаңғырту жүргізіп, пәндік кабинеттерді компьютерлік жабдықпен қамтуды 67,4 пайызға жеткізуді межелеп отыр. Осы сынды жоспарларды баяндаған үміткер Бағдәулет Үстенов 10 қаңтарда өтетін сайлауда «Nur Otan» партиясын қолдауға шақырды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы

(«Nur Otan» партиясы Алматы облысы Сайлау қорының қаражатынан төленді)