Жыл сайын Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне және оларға теңестірілген ардагерлерге, тыл еңбеккерлеріне облыстық қаражат есебінен біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Бұл қалыптасқан қағида биыл да жоспарлы түрде жүзеге асырылмақ. Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстың 80 жылдық мерекесіне орай 3 соғыс ардагері мен мүгедектеріне және оларға теңестірілген 3 мың 215 ардагерге біржолғы материалдық көмек көрсету үшін 393,8 миллион теңге қарастырылған.
– Жыл сайын ардагерлерге материалдық көмек көрсетіледі. Бұл біз-дің – парызымыз. Екінші дүниежүзілік соғыстың 3 қатысушысына 5 миллион теңгеден беріледі. Бұрынғы КСРО-ны қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн басқа кезеңдерде атқару кезiнде жараланған, контузия алған, майданнан мүгедектігімен оралған 96 әскери қызметшінің әрқайсына 100 мың теңге біржолғы көмек беріледі. Сонымен қатар, Екінші дүниежүзілік соғысының мүгедектеріне теңестiрiлген адамның зайыбына 100 мың теңге беріледі. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға, 1941-1945 жылдар аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген, бірақ КСРО ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған 1738 адамға 100 мың теңге тағайындалды, – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мемлекеттік мекемесінің әлеуметтік көмек және мүгедектермен жұмыс бөлімінің басшысы Лаура Нысанқұлова.
Лаура Тілеуханқызының айтуынша, Екінші дүниежүзілік соғыс мүгедектері мен соларға теңестірілген мүгедектер жеке оңалту бағдарламасы негізінде қажеттіліктеріне қарай техникалық оңалту құралдарымен бірінші кезекте қамтамасыз етіледі. Олар есту аппараттары, әртүрлі техникалық және гигиеналық құралдарын, сүйеніш таяқтары, протездік-ортопедиялық бұйымдармен толық қамтылуда.
Жалпы, облыс бойынша 3 ардагерге коммуналдық қызмет ақысын төлеуге ай сайын 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төлем жүргізіледі. Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне, оларға теңестірілгендерге және тыл еңбеккерлеріне жылына бір рет курорттық емдеуге жолдама тегін ұсынылады. 2025 жылы курорттық емдеу қызметіне 243 ардагерге 50 миллион теңге жоспарланған.
Еңлік КЕНЕБАЙ
Фото: ашық дереккөзден